16.04.2021, 11:57
Қараулар: 99
ЖҰБАНЫШҚАЛИ ЖӘРДЕМОВ

ЖҰБАНЫШҚАЛИ ЖӘРДЕМОВ

Бөкей топырағының бекзадасы, елге есімі еленген біртуар азаматымыз, самбо күресінен КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұбанышқали Садырұлы Жәрдемов ұзақ науқастан дүние салды.

Жұбанышқали Жәрдемов 1952 жылы Орда ауданында дүниеге келген. 1970 жылы М.Горкий атындағы Орда орта мектебін тәмамдаған. 1970-1972 жылдары Кеңес армиясы қатарында болған. 1973 жылы Орал жөндеу зауытында токарьлық қызмет істеп жүріп, Орал педагогика институтының дене шынықтыру факультетіне оқуға түскен. Институтта оқып жүрген кезінде самбо күресімен шұғылданып, Белоруссияның Витебск қаласында  өткен бүкілодақтық «Буревестник» студенттер қоғамы жарысының чемпионы болып, «КСРО спорт шебері» атағын қорғаған. 1975 ж. Грузияның Тбилиси қаласында өткен жазғы VІ бүкілодақтық КСРО халықтары спартакиадасына қатысқан. 1976 ж. Курск (Ресей) қаласында өткен Бүкілодақтық студенттер универсиадасында ІІ орынды иеленген, самбо күресінен Қазақ КСР-ы кубогін жеңіп алған. 1977 ж. Липецск (Ресей) қ-нда өткен Бүкілодақтық жарыста чемпион атанған. 1984-1995 ж. Орал облысы бойынша самбо күресінің аға жаттықтырушысы қызметін атқарған.

Жұбанышқали Жәрдемов БҚО  спорт кадрларын даярлау ісіне елеулі үлес қосқан, 2 ҚР еңбек сіңірген спортшы, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 2 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысын тәрбиелеп шығарған. Университеттің дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі болды. 2002 жылдан БҚГУ спорт клубында төраға болды. 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1996 жылы халықаралық дәрежедегі төреші болды. 2012 жылы Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Ауданымызда ағамыздың атында бірнеше дүркін турнир де өткізілді.

Үлкендеріміз аудан абыройын асқақтатқан жақсы ағамызды құрметтесек, спортқа ден қойған балғын бөкейліктер самбо саңлағы болған Жұбанышқали Садырұлын үлгі тұтады.

Еңбегі ерен, өмір жолы өнегелі Жұбанышқали ағамыздың жақсы аты, елегезек те, бала мінезді болмысы ел азаматтарының жүрегінде мәңгі сақталады.

Қош болыңыз, самбо саңлағы! Алдыңыз пейіш болғай!

Нұрлан Рахымжанов, Лариса Қайырғалиева, Біржан Меңешов, Мейрамбек Аққалиев, Бисенбек Насимоллин, Жоламан Сисенғалиев, Дмитрий Семилиди