27.05.2021, 17:01
Қараулар: 34
ХАН САРАЙЫНДАҒЫ ҚАЛЫ КІЛЕМ

ХАН САРАЙЫНДАҒЫ ҚАЛЫ КІЛЕМ

Музей-қорығымыздағы қонақтардың таңданысын тудырып, назарын аударатын құнды жәдігерлердің бірі – кілемдер. ХІХ ғасырда Бөкей ордасына көптеп келген зерттеуші-ғалымдар Киттары, Гебель, Бюллер, Евреиновтер хан сарайының азиялық және еуропалық талғаммен жиналып, қабырғасы мен еденінде түрлі-түрлі парсы, түркімен кілемдерінің төселгенін өз естеліктерінде жазған еді.

Кілем – қазақ халқының көне заманнан бері келе жатқан дәстүрлі үй мүлкінің ең көрнектісі. Әр шаңыраққа көрік берген, төрін құлпыртқан қазақ кілемдерінің алар орны ерекше. Кілем – әсемдік үшін, сондай-ақ үйдің жылылығын сақтау, дыбысты бәсеңдету үшін пайдаланылатын түрлі-түсті ою-өрнек салып тоқылған бұйым.  Қазақ халқының әрбір ру-тайпаларында жазу болмаған кезінде-ақ ою-өрнек, таңбасы, ұраны болғаны белгілі. Қазақ кілемдері ру атауларына байланысты – қыпшақ кілемі, адай кілемі, керей кілемі, қоңырат кілемі, үйсін кілемі; қосалқы белгілеріне қарай – шашақты, оқалы кілем деп аталған. Кілем тоқу қазақ топырағында бұдан мың жылдар бұрын, қарапайым халық өнерпаздарының ой қазынасынан шығып, шебер қолдармен тоқылған. Қазақ кілемі тоқылу техникасына қарай қалы кілем және тақыр кілем деп аталды. Сондай қалы кілемнің бірі Хан сарайының ортаңғы бөлігіндегі  Жәңгір ханның  жұмыс кабинеті төрінен орын алған. Ол өрнегіне қарай шатыргүлді кілем деп те аталады. Шатыргүл кілемнің көліне (ортасына)  аталмыш өрнек түрлері алты немесе сегіз дана етіп өрнектеледі. Қалы кілемнің көлемі 310х200. Оның күрең-қызыл түсті ортасында көп сатыланған 10 алтыбұрышты шатыргүл түріндегі өрнегі әдемілігімен көз тартады. Шатыргүл өрнегінің ортасында үлкен ромб орналасып,  жиегінде кіші ромбылар бар. Ромбы ою-өрнектің сыртқы тұрпаты геометриялық бейнеден жасалып, ішінде қошқармүйіз, төртқұлақты қосмүйіз, тарақ және гүл тәрізді өрнектер бейнеленген. Шатыргүлді өрнегінің бірі көк, келесі қара түсті. Күмбезделе тоқылған балдақ, сынықмүйіз, тұмарша оюлары жалғасып тұйықталып, көлін айналдыра иттабан өрнектерімен жиектеген. Жиегінде итқұйрық өрнегі екі қатар жүргізіліп, уақ гүлдермен арасындағы қорғанына ақ, қара, сары, көк түсті ромбы түріндегі геометриялық өрнегі қарама-қарсы беттестіріле салынған. Кенересі көк түсті жүн жіптен түкті етіп тоқылып, екі шетіне көк түсті желі жібінен екі жағынан шашақ шығарылған, оның ұзындығы – 9 см. Бұл құнды жәдігерді музей қорына  жеке кәсіпкер Амангелді Дәулетов тапсырған.

                                                         Жұлдыз ҚОЖАҚОВА,  

                          облыстық Хан ордасы

                                        тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық

           музей-қорығының қызметкері