29.10.2021, 11:49
Қараулар: 66
СЕКСЕНГЕ ОЛ ДА ТОЛАР ЕДІ…

СЕКСЕНГЕ ОЛ ДА ТОЛАР ЕДІ…

Уалиолла Ғаббасов – тоқсан жылдан астам тарихы бар газетіміздің бастау тұнығында тұрған тұлғалардың бірі. «Орда жұлдызына» он шақты жыл басшылық етіп, аудан тарихын тасқа басқан басшымыз. Сол кездегі сарғайған парақтарды ақтарып отырып, оқырманмен кері байланыстың жақсы жолға қойылғанын, азаматтық қоғамның белсенді болғанын көріп, қызығамыз. Сын садағы да әр кез оқтаулы болыпты. Сол газеттің мәртебесін түсірмеу, ағалар еңбегін жалғастыру – басты парыз.

 

 Аралары сиреп қалған құрдастарын кездестіргенде ағам һәм әріптесім, маған «Әліппені» оқытып, бітірісімен хат жаздыртып, ойымды қағазға түсіруді үйреткен ұстазым, журналист Уалиолла Ғаббасовты көргендей боламын…

Уәкең 1941 жылдың қазан айының соңында бұрынғы Орда ауданының Талап ауылдық кеңесінде дүниеге келген екен. Әкесі Ғаббас (менің әкем Ғайсаның туған ағасы) Бөршеков «Қайрақты» ұжымшарында еңбек еткен. Бастауыш сынып есігін Әжен ауылында (№88 түйе зауытының орталығы) ашқан Уакең С.М.Буденный атындағы Пятимар он бір жылдық мектебін бітірген соң тың көтеру үрдісіне үн қосқан сыныптастарымен бірген трактор тізгіндеген. Екі жылдан кейін ақбас Алатаудың етегіндегі Алматы қаласына барып, Қазақ Мемлекеттік Университетіне түседі.

1965 жылы Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газеті редакциясында журналистік қызметін бастаған ол бақилық болғанша қолынан қаламын түсірген емес. 1972 жылы Орда ауданы қайта құрылып, аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі болғанда да аупарткомда істегенде де, газетпен байланысын үзбеді. Бөршеков, Дәулетәлиев, Бәйменов, т.б. бүркеншек аттармен жазып тұрды. «Орда жұлдызында» оншақты жыл редактор болды. «Тілді безеп, қанша желдіртіп, көркемдесек те шындықтан шықпайық. Оқиғаның ортасында жүрген оқырман бәріне сыншы. Ұятқа қалмайық»,- дейтін ол.

Редактор У.Ғаббасов газет жанрларын жақсы білетін. Корреспонденция, мақала, очерк, фельетон, репортаждармен қатар, шолу, талдау, сараптамалық материалдарға да орын табылып жатты. Оқырмандармен жұмысқа баса көңіл бөліп, ауылдық тілшілер қызметін жандандырды. Жаңадан айдарлар ашты.

  • Жәнібекте жүргенде «Қойыртпақ» деген айдар ашып, орынсыз қолданылған сөз тіркестерін авторын көрсетпей жариялайтынбыз. Редакцияға бір кеңшардың парткомы келіп, мұнымыздың жөн еместігін, ауылдан хат жолдаушылардың дені орта не сегізжылдық біліммен шектеліп қалғандар екенін жеткізіп: «Олардың сол жазғандарына рахмет айтыңдар. Өкпелетіп алсаңдар, ат құйрығын кесуі мүмкін»  дегені бар,- деп еске алатын.

Иә, «хат артында адам бар» қағидасын ұстанған редактор әр қызметкерге түскен хаттарға сергектікпен қарауды тапсыратын. Кейде «бір хаттың ізімен» журналистті іссапарға аттандырып, мұқият тексеріп, мәселені байыппен шешуге тырысатын. Осылайша шындыққа негізделген, фактімен дәлелденген материалдардың, азаматтық ұстанымның мерейі үстем болатыны паш етілетін…

Жылжып өткен жылдар замана ағысын өзгертті. Ұрпақ жаңаруда, қоғам да. Бұдан 50 жыл бұрын БАҚ жаппай «капитал билеген дүниеде» деп аұшақұмарлардың құр байлықтың соңына түсіп, рухани жұтаған елдерді нұқып көрсеткен болсақ, бұл күнде қайсыбірі сол жолды дәріптейтіндей. Ол редактордың кінәсі емес, әрине. Ұлттық идиологияның күш ала алмай жатқанынан-ау, шамасы.

Ел аман жұрт тыныш болса, бәрі түзелер. Өткеннен сабақ алып, болашағымызға дұрыс жоспар жасай білсек болғаны. Елімізге, өңірімізге, халқымызға адал қызмет еткен ағаларымызды да ұмытпай еске алып, кейінгілерге үлгі еткеннің артықтығы жоқ сияқты. Бақилық болғандардың жандары жаннатта, имандары жолдас болсын. Біздің Уәкең де көңілі ақ, ниеті таза, қайырқом, өз ісіне берілген азамат-ты. Арамызда жүрсе, ол да 80-ге толар еді…

Каримолла ҒАЙСИН,

зейнеткер,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Бөкей ордасы ауданы