7.10.2021, 18:17
Қараулар: 71
ҚАҢҒЫБАС ИТТЕН ҚҰТЫЛАР КҮН ҚАЙДА?

ҚАҢҒЫБАС ИТТЕН ҚҰТЫЛАР КҮН ҚАЙДА?

Былтыр «Бұралқы ит басқа шықты» деп жеті қазынаның біріне балаған иттің адамға дос болудан қалып, қас болғанын жазған едік. Адамнан сескенбестен малға шауып, тура бір бөрінің қылығын көрсеткенін ауылдастарымыз айтқан-ды. Сол кезде жемтігінің қанын татып, ауызданған иттер атылды. Өкініштісі сол, бірінің көзі жойылғанымен, оның орнын екіншісі басып жатыр. Яғни, даладағы отарға шапқан, керек десеңіз адамды жарақаттап, малды жарған иттер әлі де көше мен даланы кезіп жүр.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Қаңғыбас иттерді аулау немесе жою құзыреттілігіне аудандық ветеринариялық станциясы ие екені көпке аян. Осы ретте мекеме басшысы Алмабек Құрмашевқа бірнеше сұрақ қойған едік.

–Иттің мәселесі күрделі болып отыр. Өзіңіз білесіз, елімізде иттерге де гуманды  тұрғыдан қарау қажеттігі жөнінде тиісті құжаттар қабылданып, шаралар да қолға алынды. Десе де итті аулау және жою келісімінде бір ерекшеліктер болып, біздің аудан келер жылға дейін бұрынғы талап негізінде жұмыс істеуде. Аудан бойынша биыл итті жоюға  965 мың қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда соның 891 мыңы, яғни  80 пайызға жуығы игерілді. Сол қаражатқа 312 ит атылды. Жай ғана атылған жоқ, тұрғындардың талап-өтініші негізінде атылды. Айталық, жаңа талап бойынша да егер адам саулығына және мүлкіне иттен зиян келтірер болса, иттерді жоюға рұқсат бар. Бұл күнде әр итке 3 000 теңге жұмсалуда. Осы 3 000 теңгенің ішіне итті аулау және жою үшін қажетті жанар-жағар май, ит атушының жалақысы, дротик пен оған қажетті у құны кіреді. Ал жаңа талаптар бойынша біздер қаңғыбас иттерді аулап алып, иттің жынысына қарай  биостерилизация немесе кастрация жасауымыз қажет, үш-жеті күн тиісті вольерде ұстап, қажетті екпелерді егіп, чип орнатуымыз керек. Кейін өзі мекен ететін ауылға апарып бос жіберуге тиіспіз. Бұл талап ауылдық округтегі қаңғыбас иттерге де қатысты. Аудан бойынша бір ғана вольер болғандықтан олардың барлығы да аудан орталығы – Сайқынға жеткізіледі, ветеринарлық шаралардан соң ауылына апарылып тасталады. Осы шараларды орындау үшін аудан бюджетінен әр ұрғашы итке 15 мың, еркегіне 8 мың шамасында қаржы жұмсалатын болады, – деді Алмабек Құрмашев.

–Бұл келер жылы ауданның қазынасы  еселеніп осы иттерді аулау мен жоюға жұмсалады деген сөз ғой. Ол есепшілер мен экономистердің мәселесі делік. Бізді толғандырып отырғаны адам денсаулығына, оның мүлкіне бұралқы иттерден келетін зардап болып отыр.

–Қай нәрсе де, сайып келгенде қаржыға кеп тіреледі ғой. Айтып отырған себебім, келер жылы да биылғыдай бір миллионға жуық қаржы бөлінер болса, онда орташа есеппен алғанда 40 ұрғашы, 50 еркек ит залалсыздандырылмақ. Олар жойылмайды, демек саны да өзгермейді тек есепке алынып, ұрпақ өрбіту функциясынан ғана айырылады. Жаңа талап бойынша қанғыбас иттердің уақыт өте ұрпағы жойылады деген ұзақ жылғы жоспар жасалуда. Алайда, көше кезіп, малға шауып жүрген иттің барлығы дерлік қаңғыбас деп кесіп айта алмаймыз

ғой. Оның үстіне жыл сайын 400-ге тарта, кейде одан да көп иттің көзі жойылып жатқанда, қатары сейілмей жатырғанын бір кісідей білеміз. Сондықтан бұл талаппен иттер көбейіп кете ме деген қорқыныш бар. Ол иттер түрлі процедурадан өтіп, залаласыздандырылғанмен, оның аузы мен тісі өзінде қалады ғой. Яғни, адам баласына өшігіп, иттігін жасап, адамға не малға шабуыл жасауы ғажап емес. Саны көбейіп, топтасар болар болса, бұл мәселе бүгінгіден де  күрделене түспек дегенім ғой.

Енді малға шапқан иттер өтініштер негізінде жойылып жатыр. Егер ит агрессивті болса, адамға шауып жатса ғана өз тарапымыздан атуға құқылымыз. Өзге жағдайда тұрғындардың не мекемелердің ұсынбасы негізінде әрекет етеміз. Ол қанғыбас иттерге тиісті ереже болса, иесі бар, ауласында тұрған итке шағым түссе де, иесінің рұқсатынсыз ештеңе істей алмаймыз. Мәселен, осы ауылымызда бір иттің бірнеше рет адамға зиянын келтіргені анықталып отыр. Алайда, ит иесі жануарын жақтап әлек. Енді бір тұрғынның иті көршісінің тауықтарын жайратып кетіпті. Алайда ит иесі екінші күні-ақ итін ауласына байлап қойды. Нәтижесінде ешқандай шара қабылданбады. Өйткені ережеге сай біз ауласында тұрған итке ештеңе істей алмаймыз. Өкініштісі сол ит-мысық иелері тиісті ережені сақтай бермейді. Ереже талаптары бойынша ит үнемі байлаулы болуы шарт. Ал оны екінің бірі орындамайды. Тіпті арасында мойнына қарғыбау  тақтырып көрмеген иттер де бар.

Табиғат тепе-теңдікті талап ететіні белгілі. Егер ит саны азайса, ауылға түлкі, қарсақ, күзен сынды жабайы жануар кірері хақ. Кіріп те жүр. Оны ауылдың шет жағында тұратын тұрғындар растайды. Оларға біз қандай да бір әрекет жасауға құзыреттілігіміз жетпейді. Десе де, ол ит санының көбейтуге себеп емес деп ойлаймын.

Жабайы жануардың елді мекенге кіріп қана қоймай, адамға шапқаны туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Света Рамазанова мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жануар шабуылына тап болған бөкейліктер саны азайып отыр. Былтыр 31 шағым түскен болса, биыл 23 адам жануардан жарақат алған. Соның 20-сы иттен жапа шексе, екеуін мысық тырнаған, ал біреуіне жоғарыда айтқанымыздай, борсық шапқан. Қазір барлығы да дін аман, тиісті екпелерін алыпты. Ветеринарлық станция қызметкерлері бақылауға алынған жануарларда құтыру анықталмады.

ИТТІҢ БӘРІ ҚАҢҒЫБАС ЕМЕС

Алмабек Құрмашев иттердің малға шабуылы көктем айынан басталды деуде. Маманның айтуынша, иттердің барлығы бірдей қаңғыбас емес. Жақында Б.Жәнекешев көшесіндегі Жәңгір Танашевтің қорасындағы 10 шақты қойын қырып кетіпті. Бірін өлтіріп, қалғандарын жаралап кеткен. Соның 3-4-еуі ғана пышаққа іліккен екен. Хабар таңғы 7-де түскен. Түсінікті жайт, шабуыл жасалды деген хабар түскенде мамандар жетіп барғанымен иттердің ізі суып қалады. Сол себептен олар рейдке шығып, топ болып жиналып жүрген, сол маңды торлап жүрген, иесі көрген болса түріне мән беріп, тауып, атады. Иттерді атып тастаған соң иелері табылып, «Менің итімнің саған тигізген зияны қандай?» деп жұлқынып, не бір ауыр сөздерді айтып, өзіңді былай тұрсын, үрім-бұтағымен қосып қарғап-сілеп, «Сол иттей ұлып өл!» деген екінің бірі айтуға аузы бармайтын сөздерге дейін айтып жатады екен. «Аш ит тапқанын асай береді: иесінің түйесі ме, тажалдың иесі ме, бәрі бір» емес пе еді?! Әлде  ауылдасының ақ адал малынан оның иті артық пе екен?! Әрине, мамандар итті қастық кезінде ұстап алмаған шығар, алайда «бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді» ғой. Ерген иттен не сұрамақ сонда?!

Оның үстіне далалықтағы ағайын итті өз игілігі үшін өсіріп, күшіктегенде өлтіруге обалсынып, елді мекендерге көзін ашпаған күйінде лақтырып кететінін қайтерсің?! Сондай  иттер қоқыс полигонын иеленіп алған. Оларды қойшы, иесі бар иттердің өзі көше кезіп баламен мектепке дейін ілесіп барады. Әрі бала сабақтан шыққанша мектепті торуылдап жүреді. Дәл сондай бес бала иттерін ілестіріп келер болса, иттер топ болып мектеп аумағын кезеді. Ондай жағдай жиі ұшырасады екен. Әсіресе,  аудан орталығындағы екі мектеп директорлары осы мәселемен ветеринарлық станция қызметіне  жиі жүгінеді екен.  Тіпті әлеуметтік чат арқылы ата-аналардан иттерінің балаларға ілестірмеуін өтініп, хабарлама жасағанын да білеміз.

ЕРЕЖЕНІ ЕСКЕРСЕК ИГІЛІГІН КӨРМЕКПІЗ

Иттерді залалсыздандыру талабы мұхиттың ар жағындағы әйгілі актриса Бриджит Бардоның хатынан соң қолға алынғаны белгілі. Ендеше сол жайтқа жету үшін не істемек керек?

Мамандар бұл жағдай егерде тұрғындар ит пен мысықты ұстау ережесіне назар аударып, оларды өз ауласында байлап өсіру, тиісті уақытында серуендетіп, күшіктерін ауыл маңына лақтырып емес, оларға ие тауып беріп, жануарды бағу мен өсіру мәдениетін санасына сіңірсе ғана жүзеге аспақ дейді. Ал оған дейін ауылдасының өтініші негізінде итті атып жүрген азаматтарды қарғап-сілемей, ит итпен қосылса, иттігін жасайтынын естен шығармаса екен. «Ауыл-үйді бала мен ит араздастырады» дейді атам қазақ ендеше иттің ісіне бола иттікке бармайық, ағайын.

Р.S. Қазірдің өзінде аудандағы 65 азамат өз жануарларын тиісті жүйеге тіркеп, қажетті екпелерін алып, иттеріне чип орнатқан екен. Алайда  ол теңіздегі бір ғана тамшы сынды ғой.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ