11.06.2021, 18:05
Қараулар: 63
ӘЙЕЛ. АНА. ДӘРІГЕР

ӘЙЕЛ. АНА. ДӘРІГЕР

«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген тәмсілді жиі қолданамыз. Әдетте, бұл сөздер саулығымыз сыр берген кезде есімізге  орала бастайды және  сондай сәттерде бірден ақ халаттылардың көмегіне зәру екенімізді түсінеміз. Өйткені,  Жаратқаннан кейін шыбын жанымызды осы кісілерге аманаттайтынымыз түсінікті де. Кәсіби біліктілігі жоғары, қолы шипалы, сөзі дәру мамандарға  бүйрегіміз бұрып тұратынын да несіне жасырайық.

Медицина  қызметкерлерінің төл мерекесіне орай арнайы жазылған мақаламызға арқау болған қос кейіпкеріміз де — халқының алғысына бөленген өз саласының жанкештілері, мақтаулылары. Сырқаттанып, ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген абзал жандар. Саралжын ауылдық округінің дәрігері Ақмарал Сейітова мен аудандық аурухананың аға медбикесі Әлия Құспанова да «дәрігер болу – күллі өміріңді осы салаға түбегейлі арнау» деген пікірді темірқазықтай ұстанады…

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандыққа ешкім де кездейсоқ келмейді деп бастады әңгімесін Саралжын ауылдық округінің маңдайына біткен дәрігері әрі сол ауылдың төл перзенті Ақмарал Сейітова.

–Ұстаздар жанұясында дүниеге келгендіктен бе мектеп бітірген соң шәкірт тәрбиелеймін, мұғалім боламын деп армандайтынмын. Алайда, әкем менің ақ халат киіп, қиналғанға қолұшын созатын білікті дәрігер болғанымды қалады. Әкемнің бір-ақ ауыз сөзі саналы ғұмырымды медицина саласымен тоғыстыруыма  ықпал етті, –деген ол дәрігердің бойында болуы тиіс адами қасиеттерді де сөз етті.

Осылайша әкесінің қалауымен Ақмарал Серікқалиқызы дәрігерлік мамандыққа тапсыру үшін емтиханға бел шеше кірісіп кетеді. Алайда, емтихан тапсырар уақытта соқырішегі жарылып, ауруханадан бір шығыпты. Сол себепті де қалаған оқу орнына түсе алмағандықтан  ауылдағы амбулаторияда екі жылға жуық  еден жуып, санитариялық қызметкер  боп істейді. Екі қолға бір күрек тапқан кейіпкеріміз мақсат-мұратын да жадыдан шығармады.  Бұйырған уақытта сол арманына жетті де. 1991 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясына  оқуға түсіп, оны 1998 жылы терапевт мамандығы бойынша сәтімен аяқтайды.

–Сол кезде қазақ тілінде оқытатын бөлімнің үшінші түлектері едік. Оқулықтар ылғи орыс тілінде. Біздер орысша жазылған әдебиеттерді  қазақшаға аударып алатынбыз. Оқуды тәмамдар тұста аудармашылықты кәнігі мамандарша меңгеріп алдық. Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын өткердік-ау, бастысы, дәрігерлік мамандыққа деген құлшынысымды жоғалтып алмауыма медициналық академиядағы ұстазым Мәрия Сапарованың еңбегі зор, — деген ол жұртшылықтың құрметіне бөленіп, жоғарғы санатты дәрігер атануына ата-анасымен қатар Мәрия ұстазының да үлесі мол дейді.

–Терапевт ретіндегі ең алғашқы қызмет жолым аудандық ауруханадан басталды. 1998 жылдың 18 тамызында  аурухананың табалдырығын имене аттағанымды ұмыта қоймаспын. Ең алғашқы пациентім де есімде, ауыл тұрғыны Шәмшінұр Жадраева есімді апай еді. Жанымда сенімді де тәжірибелі медбике Сәния Нұркенова болды, – деп сол кездегі қолдау білдірген әріптестерін ризашылықпен еске алған ол бір айдан соң туған жері Саралжынға оралғанын да айтып берді. Міне, білдей бір ауылдың саулығына жауапкершілік алып, абыройлы қызмет етіп келе жатырғанына 23 жыл өте шығыпты…

– Жұмысқа келген жылдары дәрі тапшылығы, медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі қатты сезілді. Байланыс өте нашар болғандықтан аудан орталығымен тілдесудің өзі мұң еді. Жедел жәрдем көлігі атымен жоқ. Қазіргі жағдайымыз бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда көш ілгері. Дәрілік препараттардың қоры жасақталған, қант, холестирин мөлшерін анықтайтын аппараттарға ие болдық. Скринингтік, маммографиялық  тексерулерді де ауылдан өткізуге әбден болады.  Сондай-ақ,  күндізгі стационарда тегін ем алуға, сауықтыру орталықтарына жолдамамен реабилитациялық ем алуға толықтай мүмкіндігіміз бар. Әттегенайы, амбулаториямыз әлі де күрделі жөндеуді талап етеді. Алдағы уақытта заман талабына сай жарқыраған ғимаратқа көшеміз деген үмітім бар. Бүгінгі таңда амбулатория ұжымы  5 орта буын медицина қызметкерінен, 3 кіші қызметкерден тұрады. Соңғы үш жылда жас мамандар ауылға келіп, тәжірибелерін шыңдауда,–деп жергілікті бөлімшенің жай-күйіне тоқталды.

Кейіпкеріміз дәрігерлік қызметімен қатар, қоғам өмірінде де елеулі еңбек қылды. 2003-2007 жылдар аралығында аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де өз саласына қатысты қандай ма түйткілді мәселелерді шешуге атсалысты. Қоғам алдындағы игі істері, іскерлігі мен білімділігі, ауыл тұрғындарына деген жанашыр тілек-ниеті де еленбей қалған жоқ. Кеудесінде жарқыраған төсбелгілер жемісті еңбегінің куәсіндей. Ұзақ жылғы еңбегінде «Медицина саласының үздігі» деген атаққа 2017 жылы лайық деп танылып, төсбелгімен марапатталды да.  Тіпті, «Халық қалаулылары» кітабында, Ақжайық өңірі медициналық журналына да Ақмарал  Серікқалиқызының есімі енгізілген.

Үйдің де, түздің де тірлігін шебер үйлестіре білген кейіпкеріміз өмірлік серігі Марат ағамызбен екі қызғалдақты тәрбиелеп өсірді.Тұла бойы тұңғышы Ақеркесі ұстаздықты меңгерсе,кенжесі Аяна Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 4—курс студенті.

…..

Медицина саласында ширек ғасырдан астам еңбек етіп келетін Әлия Құспанова да елдің алғысына бөленген білікті маман. Ақ халатты абзал жан атану оның да бала күнгі арманы екен.

–Мен жеті жасымнан  аппақ халат киіп жүретін апаларды көргенде қатты қызыға бастадым. Сол кезде нағашы апам Күләш пен оның әріптесі Әлия Жакина апамыз да медбикелер еді. Сол кісілердің науқастарға ем жасап, жағдайларына қарасып жүретіндерін байқап «мен де адамдарға көмектескім келеді» дейтінмін. Мектеп бітірген соң ата-анама да медицина саласын таңдайтынымды, медбике болғым келетінін айтқанымда олар да қуанып,баталарын берді,—дейді. Сөйтіп 1984 жылы Алматы қаласындағы республикалық медициналық училищеге оқуға түсіп, 1986 жылдың тамызында туған ауылына балалар бөлімінің мейірбикесі боп оралады.

—Медбикелік оқуды оңай деуге келмейді. Өйткені дәрігердің берген нұсқаулығы бойынша ем-шараны жүргізу үшін де терең білім, батыл жүрек керек. Қайткенмен,  кеңестік уақыттың білімі өте  жақсы болғанын айтпай кетуге болмас. Тәртіп те, тәлім де мықты еді. Ауылға келген жылы сол кездегі аурухана басшысы  Әділгерей Ғаббасов мені бірден  перзентхана  бөліміне жіберді. Балалар  медбикесінің жұмысы қаншалықты  жауапты болса,  жұмысы да шаш  етектен еді. Бір-бірінен аумайтын жаңа туған сәбилердің жаялығын ауыстырып, кіндіктерін өңдеп, перзентханадан шығарарда БЦЖ екпесін салып жіберу міндетіміздің бір парасы еді.  «Қолыңыз жеңіл, кіндігін байлап беріңізші» деп аналар жиі өтініш қылатын. Сондай-ақ,  үш күнге дейін  жас босанған аналар өз өзіне келгенше сәбилерді жуындырып, майлап, уқалап,  күтім жасайтынбыз. Қазіргідей емес, ол кезде әйелдердің көбі ауылда жеңілденетін,—деп алғашқы тәжірибесімен бөліскен кейіпкеріміз 1988 жылы Бисен учаскелік ауруханасында,  1993 жылы  №13 Орда  ауылында балалар медбикесі болып еңбек еткенін де тілге тиек етті.

2011 жылы Әлия Нұрхатқызы хирургия бөлімінің анестезия медбикесі болып ауысады.

—Анестезия медбикелерін дәрінің күшімен қалың ұйқыға кеткен науқастың қорғаушы періштелері деп атайды. Қандай ма жағдай орын алғанда науқастың жанынан медбикелер табылуы тиіс. 2015 жылы Жәнібек ауданынан соқырішек диагнозымен орыс жігітін шұғыл жағдайда әкелді. Сол күні көрші ауданда хирург болмай қалған көрінеді.  Ірі тұлғалы жігіт екен. Анестезияны ағзасы қабылдамай, біраз уақытқа дейін ұйықтата алмай дал болдық. Содан Серік Нүркенов пен Әлімжан Жұмағалиевтер жергілікті анестезияның көмегімен соқырішегін алып тастауына тура келді.Әлгі жігіт ота барысында «ота қашан аяқталады» деп сұрап қояды. Қарапайым соқырішек болғанымен ақхалаттының ұтқырлығы мықтап сыналған шақ еді,   — дейді жымия.

Әңгіме барысында Әлия апамыз күрделі кезеңдерді де еске алды.

—1986 жылдары ауруханада от жағушы, еден жуушы,тамақ тасушы қызметкерлер жетіспейтін. Несіне жасырайық, түнгі кезекшілікте осы аталған жұмыстарды өзіміз атқара беретінбіз. Ең қиыны жағылған отты сөндіріп алмау еді. Инелерді де тазалап, қайнатып, қайтара қолдануға дайындап қоятынбыз. Балалар арасында диарея,пневмония секілді аурулар өте жиі қайталанатын. Өйткені, жырақтағы ауылдармен байланыс, қатынас нашар немесе аналары ауруды асқындырып әкелетін оқиғалар болып тұратын. Қазіргі жағдайымыз анағұрлым өзгерді. Дәрі-дәрмек, қажетті құрал-жабдық жеткілікті. Бірреттік инелердің өзі неге тұрады?!  Округтермен қарым—қатынас жақсарғасын ата-аналар да   дәрігер, мейірбикелермен ұдайы байланыста. Елімізде ана мен баланың саулығына ерекше назар аударылатыны қуантады,—дейді өткен күндерді еске ала. Ауданның денсаулық саласын ілгерілетуге үлес қосып, ерен еңбегімен танылған Әлия апамыз да алғыс-марапаттан кенде емес. «Ең шынайы да бағалы құрмет- науқастардың аяғынан тік тұрып, қатарға қосылып, шынайы мәз болғандары» дейді жай ғана…

Бүгінде кейіпкеріміз жан жары Нұрым ағамызбен Нұрбол, Ұлболсын есімді ұл-қызынан тараған немере-жиендердің қызығына бөленген ардақты ата мен әже атанды. Ұлболсыны да анасы секілді медицина саласының өкілі.  С.Асфендияров атындағы медицина университетін тәмамдаған ол аудандық ауруханада отбасылық дәрігер  боп қызмет жасап, бірнеше жылды артқа тастады.

Иә, мақаламыздың басында айтылғандай «дәрігер болу – күллі өміріңді осы салаға түбегейлі арнау» деген кейіпкерлеріміздің сөздерінің мәнісіне үңілгендей болдық. Екеуі де сонау өтпелі кезеңдерде небір қиындықтарды бастан өткерсе де өзге кәсіпке ден қойып, сенім артқан науқастарынан, мүдделес әріптестерінен ұзап кетпеді. Ақ желеңдей абыройлы істеріне дақ түсірмей келеді де.

Осы орайда  еңбектеріңіз жемісті, қызметтеріңіз өрісті болсын деген ақ тілегімізді білдірсек айып болмас.

Жасай беріңіздер, ақ халатты  абзал жандар!

Арайлым ЕСМАҒҰЛ