12.05.2021, 15:16
Қараулар: 44
ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР БАЙҚАУЫ

ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР БАЙҚАУЫ

 

Онлайн ұйымдастырылған аудандық «Балдәурен – 2021» балалар шығармашылығы фестиваліне 70-ке жуық өнерпаз қатысты. Олар «Эстрадалық вокал», «Хореография», «Халықтық музыка» (домбыра), «Поэзия» жанрлары бойынша іріктеуден өтті.

Нәтижесінде «Эстрадалық вокал» жанры бойынша бас жүлдені сайқындық Аэлита Бекболат жеңіп алса, жүлделі  І орынды саралжындық Өмірболат Досым, ІІ орынды ханордалық Нұрхат Рамазанов пен бисендік Аружан Жамбыл, ІІІ орынды мұратсайлық Ақжол Бұхаров пен  бөрлілік трио еншіледі.

«Хореографияда» биыл тағы да  бас жүлдені сайқындық үлгілі  «Орда гүлдері» би ансамблі өз қоржындарына салды. Бұл жанрда «Айерке» би тобы І орыннан, «Сымбат» би ансамблі (Хан ордасы) ІІ орыннан, «Тұмар» би ұжымы (Мұратсай) мен «Сұлу» би тобы (Бисен) ІІІ орыннан көрінді.

«Халықтық музыка» (домбыра) жанрында сайқындық Арсен Серіков бас жүлдені талассыз алды. Қара домбыраны күмбірлеткендер арасында  ханордалық Нұржанат Есламғалиева, мұратсайлық Сұлтан Боранбай, саралжындық Саят Жұмабаев және бөрлілік квартет жүлдегерлер сапынан табылды.

«Поэзияда» ұялылық Армат Жоламанның туындысы жоғары бағаланып, ол бас жүлдеге ие болды. Ал  І орын саралжындық Инабат Рамазанға, ІІ орын ханордалық Дильназ Сағындыққызы мен мұратсайлық Раушангүл Серікке, ІІІ орын бисендік Айзере Рахимоваға бұйырды.

Домбырамен ән салу, жыр айтуда саралжындық Сезім Өмірболат өз өнерімен жүлделі  І орынды иеленді.

Байқау қорытындысында әр жанр бойынша үздік өнер көрсетіп, бас жүлде алғандарға онлайн форматта өтетін облыстық кезеңге жолдама берілді. Өзге жүлдегер өнерпаздар дипломдар мен ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.

Р.S.: Газет хатталып жатқанда облысқа жолданған өнерпаздарымыздың қорытындысы да шығып үлгеріпті. Сүйінші жаңалықпен бөлісуге біз де асықтық. «Қарлығаш құйрығы неге айыр?» халық ертегі желісі негізінде қойылған сюжеттік «Қарлығаш» биі мен қазақ биі «Бәйшешекті» мың бұрала билеген үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблі (жетекшісі Сәуле Сүндетова) облыстық сында жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал, қос ішікте Сейтек Оразалыұлының «Тойбастарын», Дәулеткерейдің «Көроғлысын» күмбірлеткен Арсен Серік (жетекшісі Саида Әжіғалиева) дипломант атанды.

Мейрамгүл МҰХАМБЕДЬЯРОВА,

аудандық демалыс орталығының әдіскері

 

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар