12.11.2021, 18:16
Қараулар: 23
ДЕНСАУЛЫҚ – АМАНАТ, ОНЫ САҚТАУ – ПАРЫЗ

ДЕНСАУЛЫҚ – АМАНАТ, ОНЫ САҚТАУ – ПАРЫЗ

«Салауатты өмір салты деген не?» сауалына жауап іздеуден басталған «Нашақорлық – ғасыр дерті» атты аудандық білім беру бөлімі ұйымдастырған шара діттеген мақсатына жетті.

Желөкпе жастарды әлеуметтік желілер мен қоғамның кері ықпалынан сақтандырған бұл шара барысында нашаға, темекіге тәуелді болуды, одан қала берді түрлі синтетикалық психотропты дәрілерге құштар болу жақсылыққа апармайтыны сөз хақында ғана емес, қойылым түрінде де сахналанды.

–Ресми дерек бойынша, елімізде 50 мыңға жуық есірткі тұтынушы болса, бейресми ақпар бойынша олардың саны 350 мыңнан асады. Сондай-ақ, қазіргі таңда есірткі пайдаланушылардың орташа жасы тіптен жасарып кеткен. Қазірдің өзінде есірткіге тәуелділердің 27 %-ын 12-16 жастағы жасөспірімдер, 42 %-ын  17-26 жас аралығындағылар, демек өмірге енді қадам басқан жастар құрайды. Олар басында қызық көрсе, кейін  басыбайлы құлына айналады, тәуелділіктен өздігінен арыла алмайды. Сондықтан есірткі деген қасірет белгісі екенін естен шығармаңыздар, ойын ретінде қабылдап, от баспаңыздар, – деді аудандық аурухананың салауатты өмір салты кабинетінің дәрігері Айгерім Құрымбаева.

Өз кезегінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі Райымбек Құрманғазиев те денсаулық бізге берілген аманат екенін алға тартып, салауаттылықты сақтауға, есірткі түгіл темекіден де аулақ болуға шақырды.

«Нашақорлыққа жол жоқ!», «Біз өмірді таңдаймыз!», «Нашақорлыққа «жоқ!» де!» сынды транспоранттарды ұстаған М.Мәметова және М-С.Бабажанов атындағы мектептердің жасөспірімдері флеш-моб билеп, шара соңында 20 дана туя көшеттерін отырғызып, тақырыпқа сай жадынамаларды таратты.

Раушан АППАҚОВА