12.05.2021, 15:34
Қараулар: 129
Лаура Мұқаева: «БИДЕН БАҒЫМДЫ ТАПТЫМ»

Лаура Мұқаева: «БИДЕН БАҒЫМДЫ ТАПТЫМ»

«Айбоз» айдарының келесі кейіпкері – Нұр сұлтан қаласындағы мемлекеттік академиялық филармониясының «Alem» эстрадалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі,  биші. халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, өнер магистрі, Нұр-Сұлтан қаласынан «LAURA ABAT» өнер орталығын ашқан жерлесіміз Лаура Мұқаева (Менеева).

 

 

 

Лаура Абатқызы, алдымен халықаралық би күні, кәсіби мерекеңіз құтты болсын. Аға толқын сенің анаң Женя апаның кезінде акробатикамен айналысқанын ұмыта қоймаған болар. Акробатика мен би бір-бірінен алыс емес, екеуі де дене қимыл-қозғалысының ширақтығын, әсемдігін, үйлесімділігін үйретеді. Осыдан би өнері саған ана сүтімен дарыды десек қатеспеспіз, иә. Сеніңше, биге деген ықыласың қашан оянды?

–Расымен де ана сүтімен дарыған талант шығар, алайда әкем Абат Менев та мықты биші болған. Той-томалақтың көркі тұғын. Сондықтан оны әке қанымен де бойыма тараған қасиет деп ойлаймын. Ағаларым Жаслан мен Артур да биге деген икемділігі керемет. Апам Эльмира да өнерден алыс емес. Ол киелі қобыз аспабында ойнайтын. Ал мен кішкентайымнан биге әуес едім. Отбасымызда барлығымыз шығармашылыққа, спортқа жақын боп өстік. Мен сазды әуен, күйлер естіле қалса соған қимыл-қозғалысты шығарып, жай өзімше билейтінмін. Сахнаға бала шағымнан құмар едім. Көрерменнің алдына шыққанды ұнататынмын.

Сөйтіп, Сәуле Қасымқызы Сүндетова жетекшілік ететін би үйірмесіне қатыса бастадым. Алғашқы ұстазым да осы кісі. Қолайлы сәтті пайдаланып, бидегі алғашқы қадамдарыма куә болып, бағыт сілтеген ұстазыма алғысымды айтқым келеді. Сонымен қатар Сәуле Қасымқызын биылғы мерейлі жасымен және кәсіби мерекемен құттықтасам деймін. Ол әлі күнге аудандық мәдениет үйінде қызмет етеді. Өзіңіз де білетін шығарсыз, бәз баяғыша кішкентай ұл-қыздарды би өнеріне жетелеп, үлгілі «Орда гүлдері» би ансамбіліне жетекшілік етуде.

Әр адамның өмірінде шешуші сәттер болады ғой. Сондай бір сәт менім өмірімде 9 не 10 класта оқыған шақта орын алды. Орал қаласында Бөкей ордасы ауданының күндері өтетін болып, облыстан хореограф маман Айтқалиева Қарлығаш Дайырғалиқызы келді. Ол Сайқында екі айдай болып, біздерге төрт қазақ биін үйретті. Сонымен қатар ауқымды шараға арналып жаңа сахналық костюмдер тігілді. Бишілер әсемдікке құмар болады ғой. Біз де жаңа киіммен жарқырай түсуді ойлап, барымызды салдық. Дайындық кезінде Қарлығаш Дайырғалиқызы менің пластикамды байқап, қасымдағыларға «Лаураға қарап жұмыс жасаңдар», «Лаурадан үлгі алыңдар», «Міне, Лаура дұрыс жасып тұр» деп биге икемділігімді көпке паш етіп отыратын. Сапарының соңында қалалық хореограф оқуға хореография бөліміне шақырды.

–Сол мектеп шағыңнан өміріңді би өнерімен байланыстырамын деген арман-мақсатың болғаны ма?

–Санамның түбінде болса болған шығар, алайда, біз ауылдың қарапайым қыздарымыз ғой. «Арманым мынау, мақсатым мынау» деп кесіп айта бермейміз. Ата-ананың ақылына сүйенеміз, солардың талабынан шығуға тырысамыз. Тағдыр мені Қарлығаш Дайырғалиқызымен қайта кезіктірмегенде бұл күнде қайда жүрерімді кім білсін. Бәлкім ата-анамның жол сілтеуімен тарихшы не әдебиетші болып ауылда жүрер едім.  Алайда, Орал қаласындағы ол кезде Достық даңғылында тұрып, сан тарау жолдың қайсысын таңдарымды білмей, қолымдағы құжаттарымды қайда тапсырарымды шеше алмай тұрғанымда институт алдынан осы адам дәл алдымнан шыға келді. Жағдайды сұрады да, құжаттарымды алып, бірден Дәулеткерей атындағы өнер университетіне «Хореографияға» түсесің деп жетектеп апарып, құжаттарымды да тапсырды. Сол жылы екі шығармашылық емтиханнан алғаш рет тест тапсыратын болдық. Әр қайсысынан ең жоғары 45 балл еді. Мен екеуінен де барлық ұпайды, яғни 90 балл жинап, грантқа түстім. Сөйтіп осы өнер мен білім ошағында төрт жыл бойы білім алдық, өнеріміздің шыңдап, би биледік. Гастрольдерге шығып, талай байқауларға қатыстық. Қалалық мерекелердің шырайын ашып жүрдік. Университет бітіргесін Орал қаласындағы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясынан Күлбекова Айгүл Кеңесқызы шақырып, «Назерке» халық би ансамбіліне әртіс болып жұмысқа тұрдым.

 –Лаура, астанаға жолың қалай түсті? Әлде жасырын арманың орындалған соң, қанаттанып, жастық албырттықпен астананы бағындыруды мақсат еттің бе?

– Жас болғанмен, бойымда сондай бір амбиция жоқ болатын. Өнеріммен әлемді бағындырамын деген асқақ  ойлар келмейтін. Қайта өзімді Орал қаласындағы кәсібилігі жоғары ең үлкен би ұжымында қызмет ететінімді мақтан ететінмін. «Сабақты ине сәтімен» дегендей келесі шешуші сәт 2007 жылы  орын алды. Ол жылы Батыс Қазақстан облысының күндері Астана қаласында өтетін болды. Қараша айында 70-80-деген адамы бар үлкен ұжым болып Астанаға бардық. Ол кезде не бары 21 жаста едім. Астана конгресс холлда концерталды дайындықта жетекшім келіп бір ер адамға орысшалап: «Мынау Лаура Менеева ол сізге Астанаға жұмысқа келеді» деді.  Мен болсам аң-таң. Бұрын-соңды мұндай тақырыпта әңгіме де болмап едім. Маған ешкім ештеңе айтпаған. Таңырқап жетікшіме қарасам, ол маған: «Оның артынан ілес. Ол сенің болашақ жетекшің»,- деді орыс тілінде. Ілестім. Барсам, балет залында қыздар жиналып қалыпты. Сол қыздармен бірге бойларымызды өлшеп, осындай күні заттарыңмен, құжаттарыңмен осында сені күтемін деп шорт кесті әлгі азамат. Бұл жайдың мәнін түсінбеген мен «Жақсы» деген бір-ақ сөзбен құтылдым. Таныс емес үлкен ғимаратта біраз адасып жүріп әрең дегенде қыздарымды тауып алдым. Жөн-жосықты сұрастыра білгенім, мемлекеттік академиялық филармонияда қыздардан құралған жаңадан «Шалқыма» халықтық би ансамбілі құрылып жатыр екен, соған мені шақыртыпты. Ал, жаңағы ер азамат соның жетекшісі Есекеев Әбдірасул Нәжімеденұлы екен. Оралға келген соң бұл жаңалықпен бірден анаммен бөлістім. Анам үзілді-кесілді қарсы болды.  «Орал қаласында жақын-жуық ортасында жүрсең бір басқа, ешкімің жоқ сонау Астанаға жібере алмаймын»,-деп алысқа кетуіме келіспеді. Ойлап қарасам өмірде бір рет берілетін жақсы мүмкіндік. Алайда бойымда қорқыныш та бар. Кейін ағама қолқа салдым. Ағам анаммен сөйлесіп, менің жаңа жерде өзімді сынап көруіме көндірді. «Жарайды, шақыртып тұрса, бару керек те шығар» деп анам төсек орнымнан бастап, ыдыс-табағымды, басқа да керек заттарымды буып-түйіп ауылдан беріп жіберді. Ағам поезға билеп алып беріп 2007 жылы 7 желтоқсан күні мен елордаға бет алдым. Шамаданымды арқалап, перронға түскенімде ызғырық аяз бетімді шымшып, жел кеудеден кері  итеріп, тура бір қайта еліңе қайт дегендей сыңай танытты. Бұл тек бастамасы екен. Мені жетекшім Әбдірасул Нәжімеденұлы күтіп алды да жатақханаға апарып, мына қыздармен бірге тұрасың деді де бөлмеге кіргізіп жіберді. Осы жерде екінші кедергіге тап болдым. Ешкімді де танымайтын едім. Қыздар да мені дұрыс қабылдамады. Жақтырмай сөйлеспеді де. Сөйтіп бөлмеден шығып дәлізде тұруыма тура келді. Шарасыздықтан не істерімді білмедім. Алайда, бәрібір теріс айналған адамнан қайран жоқ екенін білдім. Астана қаласында Лаура Нығметова есімді құрбым бар еді соған хабарласып, содан пана сұрадым.  Ол бас қаладағы «Назым» мемлекеттік би театрында жұмыс істейтін. Өзі  оралдық. Сәтін салғанда ол да сол жатақханада тұратын болып шықты. Сөйтіп құрбым келгенше төрт сағат дәлізде күттім. Сыртқа шығайын десем сақылдаған аяз. Құрбым келгенде бір жылап та алдым, «жұмыс істемеймін, үйге қайтамын» деп те оқталғаным бар. Ол «бәрі жақсы болады» деп жұбатып әлек. Кешкісін жетекшім қайта келіп, маған басқа бөлме алып берді. Мұнымен қиындықтар бітпеді. Екінші күні жұмыс басталды. Ансамбльде алты қыз болдық. биші қыздар да сонау Оралдан, тіпті Бөкей ордасы ауданына келген ауыл қызын ұжымына қабылдағысы келмеді. Оның үстіне өзім де сырқаттанып қалдым, оны естіген анам үйге қайт деп талап та етті. Араға жетекшім түсіп «Өзім емдеп аламын» деп бас қалада қалуыма себепші болды. Тізбектеп қайтейін, шынымен де қиын болды. Тек шығармашылық тұрғыда емес. Ол кезде «Шалқыма» би ансамблінің репертуарында екі-ақ би болған. Екі күн ішінде билерді жаттап, бір аптада конгресс холда үлкен концертте өнер көрсеттік. Уақыт өтті. Мен де өз орнымды таптым. Он жыл осы ұжымда өнер көрсетім. Талай байқауларға қатыстық. Франция елінде Ницца қаласында үлкен байқау болып сонда ұжымымыз І орын алып, мерейіміз өскені бар. Одан соң Қытай елінде бір ай бойы ЭКСПО көрмесінде Қазақстан елін көпшілікке паш етуге атсалыстық. Бидің арқасында талай шет еліне табаным тиді. Гастрольмен Уман, Монакко елдеріне бардық, Түрік қалаларын шарладым, Парижде де, Польшаның астанасы Варшавада да, Германия елінде, Берлинде болдым. Кейін жетекшім сол «Шалқыма» би ансамблінде биші бола жүріп қосымша қоюшы балетмейстері қызметін атқаруға ұсыныс тастады. Осы кезде менің бірқатар биім жарыққа шықты. Ержан Тоқсабановтың «Бала Ертіс»  күйіне қойылған қазақ би, Тоғжан Жағинның «Думанды Сарыарқа» күйіне «Тоғыз Толғам» қазақ биі, «Желдірме» жеке би, Айтқали Жайымовтың  сазына «Мереке Думан», Шолпан Қорғанбектың сазына «Аманат», Тоғжан Жағиннің әуеніне «Сақ патшаймы Зарина»  атты музыкалық-хореографиялық спектакль, Адырна «Тойбастар» биі, Ержан Тоқсабанов «Бір топ құландар»  күйіне «Кең дала» биі, «Жеке батыр», «Наурыз» сынды қазақ биі, испан, сыган биілері, самбоны да қойдым. Олардың бірқатары әлі де «Шалқыма» би ұжымымен қойылып жүр. Оны өзіме мақтаныш санаймын. Жас та болсам, қоюшылық қасиетімді аша білген жетекшіме ризамын, айтарым алғыс қана. Негізі бұл қызметті ұсынбас бұрын жетекшім маған бір әуенді беріп, осыған би шығарып көр деп тапсырма беретін. Шамасы сынап көргені болар. 2011 жылы білімінді жетілдірмек ниетпен Астана қаласындағы ұлттық өнер университетіне магистратураға мемлекеттік грантпен түстім. Ол жерде де бұрынғы жетекшім Айгүл Күлбекова ғылыми еңбегіме жетекшілік жасап, өнер магисті болуыма өз септігін тигізді. 2016 жылынан мемлекеттік академиялық филармония басшылығының ұсынысымен «Alem» атты заманауи эстрадалық би ансамбліне көркемдік жетекшілік етудемін.

–Өмірлік серігіңді де биде жүріп жолықтырған екенсің…

–Иә, оныңыз рас. Кейде шығармашыл жандүниемді өнерге жақын, бидің құдіретін түсінетін адамнан артық кім ұғынады деп ойлаймын. Негізі өмірдің өзі кездесу мен қоштасудан тұрады. 2012 жылы университет қабырғасында жүріп мен қазіргі жұбайым, үш ұлымның әкесі, балет әртісі Мұқаев Ерсайымен кездестім. Ол он жасынан Алматы қаласындағы  хореографиялық училищеде оқыған. Көп жылдар бойы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет теарында Гүлнар Адамова басқарған заманауи бағытында қызмет еткен. Қызығушылығым бір болып, уақыт өте біз отбасын құрдық. Қазіргі таңда ол Астана қаласына ұлттық хореография академиясының шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз. Магистратураның екінші курсында оқып жүргенімде тұңғышымыз дүниеге келді. Сәбимен жүріп оқуымды да бітірдім. Негізі өнерлі отбасымыз деуге толық негіз бар. Қазір тұңғышым әкесі дәріс бетін академияда 2 сыныпта оқиды.

–Биді  кәсіпке айналдырып, Елорданың төрінен «LAURA ABAT» өнер орталығының ашыпсың. Ісің оңды болсын! Кішкентай бишілерден бірінші кезекте нені талап етесің?

–Рахмет.  Негізі ұлттық өнерді жаным қалайды. Магистратуда қорғаған ғылыми жұмысым да қазақ биі арқылы балалар бойындағы партиоттық сезімді ояту тұғын. Осы ретте ұлттық биіміздің мәртебесі зор деп ойлаймын. Сол себептен де болар көп ойланып-толғанып, 2018 жылы би орталығын ашуға бел будым. Отбасым, қос анамыз балапандарымды бағысуға көмектесіп, ойдағым жүзеге асты. Кейін орталықтың уақымы кеңейіп, оған хореографиядан басқа домбыра, вокал, лого вокал, сәндік қолтанбалы өнер мен гимнастика  үйірмелері қосылды. Жақында  екінші филиалымыздың есігі келушілерге айқара аштық. Жалпы орталығымызда  100-ге тарта шәкіртіміз бар, оларға 7 ұстаз білгенін үйретуде. Алдағы күні тек қазақы өнердің сан қырын дәріптейтін өнер мектебін ашқым келеді. Оған дәл қазір тәжірибем аздау деп ойлаймын. Сол себепті өнер саңлақтарына ұсыныс түсіріп жүрмін. Болашақпен мақтауға болмайды дейді ғой. Десе де алдағы күні осындай төл өнерді паш етер мектепті ашсам деген жоспар бар.

Бишілерімнен ең алдымен дәріске кешікпеуді және бірыңғай киім мен шаш үлгісін жинақы болғанын талап етемін. Бидегі қатаң тәртіп осы бір қарапайым шарттардан басталады.

–Актерлер қойылым кезінде қағазы түсіп қалса, сәтсіздікке балайды, берілген гүлді міндетті түрде үйге алып кету керек дегенге сенеді. Бишілер қауымында өзіндік наным-сенімдер бар ма? Бишілік шектеулер туралы да айтсаң.

  • Өз басым аса бір ырымшыл жан емеспін. Көп нәрсеге мән бермеуді үйреніп қалғандаймын. Алайда кейбіреулер концерт алдында шашын жумайтынын, фотосуретке түспейтінін білемін. Сахнадан қорқатындар бөлмеге қамалып өз-өзімен келісіп жатады. Ырымдар әркімнің ішкі қорқыныштарынан туындайды деп ойлаймын. Бұл мен қобалжымаймын деген сөз емес. Мен де биіміздің сәтті шығуына алаңдаймын. Тек сахнаға шыққанда өз арнамды тапқандай болып, қалқып сала беремін.

Бишіге негізіне тиісті салмақ сақтау қатаң талап етіледі. Менің 165 см бойыма 55 келі мінсіз саналады. Жалпы бала босанғанда салмақ қосқан кездер болды. Дегенмен бишілердің дамылсыз тірлігімен, бірнеше сағатқа созылған дайындықтарымен салмақты тастау аса бір қиын мәселе емес. Көпшіліктің пікіріне керегар келетіні бишілердің тағамға тәбеті аса жоғары дер едім. Ал артық салмақпен күресіп жүргендерге айтарым, көөөп су ішіңіз, ал нанды аздау болғаны дұрыс және спортқа ден қойыңыз. Бары осы. Сонда денеңіз де сұлуланады, саулығыңыз да нығая түседі.

  • Бишілік ғұмыр қысқа болады ғой. Есейген сайын «Уақытында басқа мамандықты таңдағанымда ғой…» деген ой келмеді ме?
  • Жоқ ешқашан мамандығыма өкпелеп көрмеппін. Қайта одан бағымды, кәсібімді, болашағымды таптым. Бишілік ғұмыр қысқа деп дөп басып айттыңыз. Бишілік әдемілікті, әсемдікті, мәңгі жастықты насихаттайды ғой. Осы ретте отыздағы бишімен гүлдей құлпырған жиырма жасар қызды салыстыруға келмейді. Десе де бишілер мақсатшыл келеді. Сондықтан болар бұрынғы әріптестерімді бұл күнде заңгерлікте де, қаржы саласында да, оқытушылық пен кәсіпкерлікте, құрылыста да кездестіріп жүремін. Хореография адамға алға деген ұмтылысты алғашқы қадамынан бастап үйретеді. Со л себепті биші сәті келгенде өзінің ендігі бағытын қиналмай табады деп ойлаймын.
  • Сүбелі сұхбатыңа рахмет! Тағы да төл мерекең құтты болсын, ісің өрге домаласын деймін.

Сұхбат құрған Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ