Жүрегі елім деп соққан азамат, қиын қыстау кезде ауданды басқарып, оның ауырпалығын көтерген әкім, досқа адал бола білген Өтеміс Мырзағалиевтің Сайқын ауылындағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Айта кетелік, Өтеміс Уәлиұлы осыдан 10 жыл бұрын дүние салмағанда, бұл күні 65-ші туған күнін тойлар еді.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов есімі елге танымал, сөзімен ғана емес ісімен айшықты қолтаңба қалдырған Өтеміс Уәлиұлыдай азаматтың есімі ел жадында ұзаққа сақталатынын айтып, ағалар салған сара жолды жалғастыру парызымыз деп ұғатынын жеткізді.
Шараға бастамашы болған марқұмның достарының атынан сөйлеген Уағиолла Нұрғалиев пен Тілеген Арыстанбеков марқұмның өмірбаянына тоқталып, ол қай істе көмек қолын созуға дайын тұратын айнымас достығын айтты.
Марқұмның өзімен ғана емес, әкесі Уәли ағаймен де қызметтес болған Иран аға Дәуленов «Өтеміс керемет адам болды, білікті басшы еді»,-деді.
Шараға арнайы келген марқұмның ұлы Мейрамбек Өтемісұлы:
-Әкем дүниеден өтсе де, оны ұмытпай, істеген игі істерін айтып, дәріптеп жатқаныңызға мың сан рахмет. Осындай шара ұйымдастырып, есімін тақтаға қашап жазып жатқан әкемнің достарына ризашылығым шексіз. Соның ішінде Нағим аға Тәжмұратовқа Лавр аға Хайретдиновке айтар алғысым шексіз. Әкем елдің көркеюін армандайтын, міне, жыл санап ол дамып келеді. Осының өзі әке арманының орындалғаны деп білемін.
Айналасын таспен емес, доспен қалаған азаматтың ескерткіш тақтасына жабылған шымылдықты аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен еңбек ардагері Иран Дәуленов ашты.
Бұл еске алу шарасына марқұмның інісі Мирболат пен жиені Серік те қатысты.
Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ