21.05.2021, 10:25
Қараулар: 86
ЖОЛ 23-ТЕ ТҮБЕГЕЙЛІ БІТЕДІ. БҰЙЫРТСА…

ЖОЛ 23-ТЕ ТҮБЕГЕЙЛІ БІТЕДІ. БҰЙЫРТСА…

 

Казталов-Жәнібек-Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы жалпы ұзындығы 300 шақырымдай жолдың жыры жылдан-жылға созылып бара жатқаны көпке аян. Тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаев өңірімізге келген сапарында облыстың оңтүстік аудандарына қатынайтын жолдың сапасыздығын, жол құрылысының уақыт күттірмейтін күрделі мәселе екенін  айтып, Үкіметке бірқатар тапсырма берген еді. Елбасының тапсырмасы діттеген межеде орындалса,  Қазақстанның қасиетті нысандарының қатарына енгізілген Бөкей ордасында туристтік кластердің өрістеуіне жол ашылар еді деп үмітімізді үкіледік те. Сол жоспар бойынша жол құрылысы биыл яки 2021 жылы аяқталып, толықтай пайдалануға берілуі керек еді. Елімізді ғана емес тұтас әлемді шеңгілінде ұстаған коронавирустың кесірінен жол құрылысы сол басталған күйі тұралап тұр. Пандемияның беті қайтып, елдің тірлігі біркелкі қолға алынған кезде жол мәселесі не боп жатыр? Нендей кедергі бар? Межелі жоспар қандай? Осы сауалдарға жауап берген жиын өтті.

Аудан әкімдігінде жол құрылысына жауапты мердігерлердің басын қосқан бұл жиын аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешовтің төрағалығымен өтті. Жиын күн тәртібінде жол құрылысының жүзеге асу барысы, жұмыстағы түйткілді мәселелер мен жергілікті атқарушы билік тарабынан қойылатын талаптар мен ескертпелер ортаға салынды.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Ташуов Саралжынға барар 26 шақырымның ой-шұңқырлы екі шақырымына қиыршық тас төселіп, тегістелгенін, Бисен ауылының кірме жолына асфальт жабын төселетінін айтты. Бұл жұмыстың жауапты мердігері анықталып, тап қазір құрылыс материалдары тасымалдануда екен. Бірер күнде жұмыс қарқын алмақ. Мұратсай ауылының кірме жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Көлік қозғалысына қиындық тудыратын жол учаскелеріне қиыршық тас төселіп, су өткізетін құбыр да орнатылған. Қазіргі таңда Мұратсай ауылына қатынайтын 18 км кірме жолға қатқыл табанды жол төсеу жұмыстарының тиісті құжаттарын дайындау қолға алынған.  Сайқында жол қауіпсіздігі үшін 26 су жаңа бейнекамера, 15 белгі, 17 жасанды жол бұдыры орнатылған. Жалпы аудан орталығында 37 камера қосулы тұр. Сайқын орталығындағы 14 көшеге асфальт төселмекші. Оның жалпы ұзындығы 12,68%. Одан өзге 16 көшенің жол құрылысына қатысты сметалық құжаттар дайын.

Баяндамашы Ж.Ташуовтың мәлімдеуінше облыс орталығында қатынайтын  жолдың 0-53 шақырымына «Атырау жолдары» ЖШС, 50-103 шақырымына «АқЖолҚұрылыс» ЖШС- і жауапты.

«Атырау жолдары» ЖШС биыл айналма жол ұзындығын 14,0 шақырымға жеткізу көздеп отыр. Оның 6,0 шақырымы өткен жылы дайындалған. Сонымен бірге бұл серіктестік елу шақырым жол тегістеп, ой-шұңқырын бітеп, бастапқы дайындық жұмыстарын жүзеге асырмақшы.

Ал өткен жылы не бары үш шақырымдай айналма жол салған «АқЖолҚұрылыс» ЖШС сол жол ұзындығын 24,925 км-ге дейін ұзартуды қолға алмақ. Оның 15 км-дейін жүзеге асырып та үлгерді. Биыл бұл серіктестік 31 шақырымды жолды қырып, ойықтары мен шұңқырларын бітеп, тегістеп дайындап қоймақшы.

Жалпылай айтқанда, биыл 35 шақырым жолға асфальт төсем төселмекші. Қатқыл табанды жол құрылысы маусымда басталып, қарашада пайдалануға берілмекші.

Сала мамандарының айтуынша қажетті техника түгел жеткізілген, құрылыс материалдары жеткілікті. Қиыршық тас, цемент, никофлок үздіксіз тасымалданып, құрылыс материалдарының қоры жинақталып қалған.

Мердігерлер жол құрылысын қарқынды қолға алуға күн ара жауып тұрған жаңбыр кедергі екенін айтады.

«АқЖолҚұрылыс» ЖШС- інің өкілі Дүйсеғали Наурызғалиев:

– Дәл қазіргі таңда Қарағаштан Сайқынға қатынайтын жол құрылысын қолға алмақпыз. Жол құрылысы бәріңізге мәлім себептермен 2023 жылға дейін созылады. 2022 жылы асфальттау жұмыстарын бітереміз. 2023 жылға дейін  жол бойын жарықтандыру, аялдама, қызмет көрсету орындарын, жол белгілерін орнату сияқты жұмыстар жоспарланған. Жол құрылысы кезінде ауыл тұрғындарының да айтарына құлақ түріп отырамыз. Мысалы, Сейтәлі елді мекеніндегі тұрғындармен кездесуде жол бойынша көпірді бұзбау туралы өтініш айтылды. Тұрғындарын талабын ескеріп, жол жоспарына өзгерістер енгізілді, – дейді өз сөзінде.

«Жайық сити» ЖШС-нің өкілі Ерлан Сағынов Бисендегі жол құрылысына қажетті қиыршық тастың Оралдан тасымалданып отырғанын, жұмыстың төрт айға жоспарланып, жергілікті жерден 4-5 азамат жұмысқа тартылатынын айтты.

Ауданішілік жолдардың күтімі бойынша қызмет көрсететін «Комхоз-Сервис» ЖК басшысы Арманбек Ахметов  жолды салу ғана емес кедір-бұдырын тегістеп, қырудың да үлкен күшті, мықты техниканы талап ететінін айтты. Айтуынша, Бөрлінің кірме жолын тегістеудің өзіне үш күн уақыт жұмсағандарын айтады.

  • Иелігімізде 1 К-700, екі автогрейдер бар. Уақыт жоғалтпас үшін сол екеудің бірін Бөрлі, Саралжын мен Ұялы бағытында қоюған жөн деп отырмыз, – дейді.

«РСУ-1» ЖШС-нің өкілі Қанат Сәметеевтің аудандағы «темір тұлпар» иелеріне айтар базынасы бар екен.

– Өткен жазда аудан орталығындағы бірнеше көшеге асфальт төседік. Биыл да жалғастырмақпыз. Ауыл тұрғындарынан сұрарым – жол қауіпсіздігі сақтасақ екен. Өткен жылғы жол-көлік оқиғасын ұмыта қоймаған шығарсыздар. Өкініштісі сол, адам өлімімен аяталды. Қылмыстық іс ашылуына байланысты тергеу амалдарына байланысты жол құрылысы ұзақ мерзімге тоқтатылды. Жұмыс жалғасты, бірақ өлген тірілмеді, жол оқиғасына себепкер болған азамат істі болды. Ауыл іші, көпшілік ортасы болса да көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Өткеннен сабақ алмағанымыз өкінішті. Тиісті органдар осы келеңсіздік алдын алса екен, – деп өтінішін айтты.

«Қоңыр-Сервис» ЖШС-нің өкілі Нұрбек Абдрахманов:

– Жол белгілері өміріміздің қауіпсіздігінің кепілі екенін ескере бермейміз. Күні кешегі жаңбырлы-балшықты ауа райында жолға шығып, көлігі батқан жүргізушілер жол бойындағы белгілерді жұлып алып, көлік астына салған. Ол белгілер қандай ма бір жол бөлігін, кілт бұрылыс барын, «айналып өтіңіз!» не «жол жабық!» деген ескерту болуы мүмкін. Сіз кеп жол белгісін алып, көлігіңіздің табанына сап, өткел жасадыңыз, ал сіздің артыңыздан келген көлік арнайы белгінің жоқтығынан жол оқиғасына орын алдыруы мүмкін ғой, – дейді.

Жиналысты түйіндеген аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов мердігерлерге жергілікті азаматтарды жұмысқа көптеп тарту, қызметке қабылдауда  еңбек кодексіне қатысты барлық заңдылықтың қатаң сақталуын, жол бойындағы қауіпсіздік белгілерінің орналасуын дер кезінде ұйымдастыру сияқты бірқатар  талаптар қойды. Ауыр жүк көліктерінің ауыл ішімен жүруіне тыйым салды, Сайқынды сырт айналатын арнайы жол барын ескертіп, жүк көліктері ауыл ішімен жүрген серіктестіктерге тәртіптік жаза тағайындалатын айтты.

Жиында айтылған жақсы жаңалықтың бірі – Хан ордасы ауылына апаратын 21 шақырым жолдың тағдыры шешілгені болды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өтінімі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінен қолдау тауып, тиісті қаржы бөлінетін болды.

Ұлпан Жакина