11.06.2021, 16:34
Қараулар: 58
БАЛАЛАР ҚАЛАЙ ДЕМАЛМАҚ?

БАЛАЛАР ҚАЛАЙ ДЕМАЛМАҚ?

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген Арыстанбековтың төрағалығымен өткен аудандық кеңес отырысында осы мәселе талқыланып, басқа да өзекті тақырыпта баяндама тыңдалды.

Аталмыш жиынға аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайығалиева, аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев, дербес бөлім басшылары тікелей қатысса,  аудандық қоғам кеңестің ауылдағы мүшелері мен ауылдық округ әкімдері онлайн түрде қатысты.

Аудандық білім беру бөлімі басшысының у.м.а Әсет Таңатов және аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Жасұлан Хайрушев жаз мезгілінде оқушылардың демалысын ұйымдастыру туралы баяндаса, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ақылбек Сағитов өрт қауіпсіздігі, соның ішінде орман және дала өрттерінің алдын алу шаралары мәлімдеді.

  • Ағымдағы жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша ауданда бір стационарлық лагерь, аудандық төрт лагерь, бір мезгіл ыстық тағаммен қамтамасыз ететін он сегіз лагерь, тағам ұсынылмайтын он сегіз лагер және тоғыз туристтік жорық пен саяхат лагері ұйымдастырылады деп жоспарланды. Дегенмен пандемияға байланысты аудан бойынша аудандық стационарлық «Арай» лагері 7 ауысымда 245 балаға он күндік демалыс ұсынатын болады. Бұл эпидахуалымыз «жасыл аймақ» көрсеткішінде болсақ қана жүзеге асады. «Сары аймақта» болсақ,  245 баланың 50%-ын ғана қабылдай аламыз. Ал «қызыл аймақта» болсақ, бала саны да 30% шамасына қысқарады. Жазғы демалыс лагерьге келгісі келетін бала ПТР тестілеуден өту тиісті. Осы тұрғыда «ПТР тест тапсыру үшін 6000 теңге төлеуіміз керек. Жазғы демалыс лагерінде демалатын балалардың көпшілігі әлеуметтік осал топтағы отбасынан болғандықтан бұл соманы екінің бірінің қалтасы көтере ала ма?» деген сауал туындайтын шығар. Аталмыш жағдайды ескере отыра, ПТР тестінің шығынын білім беру бөлімі өз мойнына алуға дайын. Тіпті демалушы баланың отбасы артық шығынға ұшырамау үшін ПТР тестін қалаға бармай  ауданда тапсыру үшін аудандық ауруханамен келісімшарт жасалуда. , – дейді Әсет Таңатов.

Аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Жасұлан Хайрушевтың мәліметінше,  лагерь кызметкерлерінің 80%-ы  вакцина алған.

Аудандық төтенше жаңдайлар бөлімінің басшысы Ақылбек Сағитовтың айтуынша, ауылдық округтері әкiмшiлiктерiнде 70 дана өрт сөндіру құралы бар, десе де оның басым көпшілігі жарамсыз.  Ұялы және Бисен ауылдық округтерiндегi әкiмдiк жанынан құрылған өрт сөндіру бекеттерінің арнайы құрал-жабдықтарының дайындығы тексеріліп, арнайы киiм-кешек пен 10 дана өрт сөндіргіш берілді.

Бөлім басшысы төтеншеліктердің жеке үйлерді аралап, тұрғындарға тұрмыстағы өрт, орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізетінін, аудандык кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлiмiмен бiрлесіп шөп шабу науқаны алдында техникаларды техникалық байқаудан өткізу жұмыстары ұйымдастыратынын айтты.

Темхар РАХМЕТОЛЛА