15.10.2021, 10:29
Қараулар: 71
«АШЫҚ ӘКІМДІКТЕ» КӨП МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛДІ

«АШЫҚ ӘКІМДІКТЕ» КӨП МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛДІ

Өткен аптада аудан әкімі Нұрлыбек Даумов бастаған тиісті мекеме басшылары  Орда  ауылдық округіне барып  «Ашық әкімдік» бірыңғай қабылдауын өткізді. Ауыл тұрғындарын жекелей қабылдап, тұщымды жауап берді.

«Ашық әкімдікке» келушілер көтерген мәселерді топтастырып көрсетсек, екі азамат баспаналарының апатты жағдайда тұрғанын айтып, қолдау сұрады, тағы екі азамат мұғалім мамандығына тұрақты жұмыс сұрап келді, енді бір ауыл тұрғыны мал ұрлығы мен мал бағымы, ауыл шаруашылығы өндірістік коператив құру мәселесін көтерді.

Ең көкейтесті мәселе – интернеттің қолжетімсіздігі болды. Орда ауылдық округінде 13 адам «Қазақтелеком» АҚ Бөкей ордасы аудандық сервис желісі пункті клиенттермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Арбек Аманғалиевке жолықты.

– Осы шаруамен қабылдауыма келген  алты абоненттің мәселесі сол жерде шешіліп, тағы бір жетеуінің арызы жақын арада қанағаттандырылатын болады, -дейді Арбек Аманғалиев.

Дәл осындай шара Мұратсай ауылдық округінде өтті. Өтініш-тілектерін айта келген мұратсайлықтар арасында екі қолға бір күрек сұрағандар да, құжаттарды рәсімдеуде қиындықтарға тап болғандар да болды. Зейнеткер Мұхаммеден Қуаншалиев ауылға кіреберіс 18 шақырым жолды жөндеу, ауылдағы медпунктті қоршау жайын айтып, округ әкімдігі қарамағындағы трактор көлігінің қызмет етуі үшін штат бөлуді өтінді. Ал ауылдың мал дәрігері Серік Ғұмаров ветеринарлық станцияға ғаламтор желісін тарту мәселесін көтерді.

Т.Масин ауылдық округінде өткен «Ашық әкімдікке» келген жұрт бірден көпті толғандырып жүрген қымбатшылық жайын жайып салды. Тоташ апай Құмарғалиева:

− Азық-түлік күн санап қымбаттауда. Астық та аспандап барады. Ол дегеніміз астықтан жасалатын әр өнімнің бағасы көтеріледі деген сөз. Оған қоса жарық пен жылуға да төлемдер қымбаттауда. Сонда ертеңіміз қалай болады? Бұл бағаны тұрақтандыруға болмай ма?− деген сауалын аудан әкімі Нұрлыбек Даумовқа қойды. Өз кезегінде аудан басшысы бұл мәселе тек біздің ауданда ғана емес, елімізге ортақ көкейтесті мәселе екенін айтып,  тұрақтандыру қоры арқылы тек әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағасы реттелетінін айтты.

Ата кәсіпті дамытып, қойды өсіру үшін жайлы орын салуға жер телімін, шаруасын дамыту үшін төмен пайызды несие алуға өтініш берген азаматтар да болды. Сала мамандары ауыл аумағында қора салу үшін жер телімін сұраған Төлеген Байсүндетовтің өтініші тиісті рәсімдерден өткен соң орындалады десе, несие қаржы сұраған Игілік Елемесовке  «Нарын несие»  ұйымына жолығуға ұсыныс берді. Ал тұрғылықты үйін жекешелендіру ісімен жолыққан Зәуре Қайқыбасованың мәселесі де өз шешімін табатын болды. Бұл жалғызбасты ананың құжаттарын рәсімдеуге аудандық мәслихат депутаты Айбарша Бейісова жәрдемдеспек.

Бисен ауылдық округіндегі бірыңғай қабылдауға келушілер қарасы көп болды. Алайда, көпшілік көтерген мәселелерді зейнеткер Молдабай Минажев түйіндеп айтып өтті. Ең бастысы, ғаламтор байланысының нашарлығы болса, екіншісі мектеп интернатының салқындығы болды. Одан басқа қария әлеуметтік автобустардың уақтылы жүруін жолға қою, құм көшін тоқтату бағытында округте ағаш отырғызуды ұйымдастыру,  тұрғындардың газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетіп, сигнализатор орнату үшін арнайы маманның қажеттілігін, полигонның тазалығы мен электр жарығының қуатсыздығы,  т.б. мәселелермен қатар бөгеттердің жағдайын да аудан әкіміне жеке назарға алуын өтінді.

Тұрақты жұмыс пен үйлерінің апатты жағдайда болуына байланысты тұрғын үй сұраушылармен бірге, аудан орталығындағы нотариус жұмысына сын айтылды. Қабылдау барысында субсидия, лизингке трактор алуға ниеттілерге кеңес беріліп, әр келушіге түсінік жұмыстары жүргізілді.

Өз тілшіміз