6.02.2020, 16:31
Қараулар: 501
БАҚЫЛАУ ҮШ БАҒЫТТЫ САРАЛАДЫ

БАҚЫЛАУ ҮШ БАҒЫТТЫ САРАЛАДЫ

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы жанынан құрылған бақылау комиссиясы бірқатар мекемелерге рейд жүргізді. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткен бұл шарада кембағал жандардың мекемелерге қиындықсыз кіруі және ғимаратта бағдарлануы тексерілді. Негізгі үш бағыт, яғни, көз, құлақ кемістігі бар және арбаға таңылғандарға  қарастырылған жағдай сараланды.

Рейд жүргізілген аудандық аурухана, Бөкей ордасы колледжі, аудандық саз мектебі және аудандық ветеринарлық станцияларға ортақ кемшілік тифлобелгілердің талапқа сай болмау болды. Бір қуанарлығы, барлық жерде пандустар жасалған, аудандық ауруханада шақыру қоңырауы арнайы бейнебақылау камерасымен қатар орнатылған, тек… Иә, тек кейбір пандустарды әлі де жөндеу, белдеулерін жалғау қажет-ақ. Жауынды күні сырғанамайтын төсемелер де керек екен, құлақ кемістігі барлар үшін әр мекемеде ақпарат берер жүгірпе жолдар орнатылғаны ләзім. Иә, ескертпелер легі осындай болды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамбек Аққалиев комиссия шешімімен аталмыш мекемелерге ұсынба жолданатынын айтты. Ендеше нәтиже күтелік.

РаушанБАҚЫТОВА

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ