27.05.2021, 15:29
Қараулар: 31
ҚОР БАР, СҰРАНЫС ЖОҚ

ҚОР БАР, СҰРАНЫС ЖОҚ

 

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов және аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жалғас Ташуов Жамантау кен орнына арнайы барып «ATVS TECHNIC»  және «МИЛЫСАЙ» ЖШС-терінің жұмыстарымен танысып өтті.

Аудан басшысының айтуынша Жамантау кен орны  облыстағы  қиыршық тас және кұм- қиыршық тас қоспасын өндіретін бірден бір нысан.  Сонымен қатар, нақты құм-қиыршық тас қоспаның сапасы  жоғары деңгейде екенін де айтып өтті. Дегенменен, «МИЛЫСАЙ» ЖШС-нің қызметкері, учаске басшысы Динко Динев аталмыш өнім жоғары сапалы болса да, сұраныс жоқ дейді.

– Қазіргі таңда 180 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы, 20 мың тонна ұсақталмаған және 32 мың тонна ұсақталған қиыршық тас қоры бар. Дегенмен тапсырыс берушілер алуға асықпайды. Жалпы келісім бойынша Сайқын- Жамантау жолының 52 шақырымын осы тапсырыс берушілер реттеу керек еді. Бірақ ол әлі күнге қолға алынған жоқ. Тапсырыс берушілердің бәрі бірдей орындамаймыз деп қарсылық танытып отырған жоқ. Мысалы, «АқЖолҚұрылыс» ЖШС ғана өз міндетін орындап, Жамантау өнімін тұтынып отыр. Ал «Атырау Жолдары» және «Теміржол құрылыс» компаниялары кен орнына  қатынайтын жолды қалыпқа келтірмегендіктен аталып кеткен «АқЖол құрылыс» ЖШС-іне өнімді құрылыс басына жеткізу қиынға түсіп отыр. Қалған екі компания келісімшарт жасасқанымызға  қарамастан әлі біздің өнімімізді алмай отыр. Аталмыш ЖШС-інің айтатын ең бастапқы сылтаулары – біз өндірген қиыршық тастың қаттылығы. «Атырау Жолдары» және «Теміржол құрылыс» компания қызметкерлерінің айтуынша оларға қажетті қиыршық тастың қаттылығы 1200 болуы қажет. Иә, аудан көлемінде салынып жатырған республикалық маңызы бар жолға 1200 қаттылық көрсеткіші бар қиыршық тас қажет. Дегенменен ең бастапқы кезде біздің өндіріс айналма жолға арналғаны  айтылған болатын. Ал құм- қиыршық тас қоспасының сапасы барлық талапқа толық сәйкес. Келісімшарт жасалмастан бұрын зерттеу жұмыстарының қорытындысымен де танысқан еді. Миллиондаған ақша жұмсалып, жұмыс алға басқан кезде өндірістен бас тартқандары түсініксіз. Айналма жол құрылысының материалы да теміржол арқылы Ақтөбе айналып келуі анағұрлым тиімді болып тұр-ау сонда, – дейді Динко Динев.

Жамантау кен орны басында жұмыстанып жатырған ЖШС қызметкерлерінің жағдайымен танысқан аудан басшысы міндетті түрді осы мәселені оңтайлы шешімін табуына ықпалдастық ететінін айтты.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ