29.07.2021, 12:31
Қараулар: 150
КІСІЛІГІМЕН КӨПКЕ ҮЛГІ

КІСІЛІГІМЕН КӨПКЕ ҮЛГІ

Халқымыз «оқу инемен құдық қазғандай» деп білім жолында жетістікке жетудің оңай емес екенін айқындап берген. Ал ғылым дегенің көп оқу мен талмай ізденудің нәтижесінде қол жеткізетін терең теңіз, кені мол қазына екені сөзсіз. Ол үшін адамның бойында ерекше қабілеті, туа біткен дарыны, мақсатқа жету жолында темірдей төзімділігі мен табандылығы болуы тиіс.

Терең білім, табандылығымен де, кісілігімен де ортасында сыйы артқан ағамыздың бірі – Жасқайрат Сүндетов. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым ағамыз осы Бөкей топырағының тумасы. Нақтылап айтсақ, Саралжынның құмында өскен азамат. Еңбек жолын да туған жерінен бастаған. 1963 жылы институт бітірген соң, туған ауылына оралып, үш жылдай кеңшарда бас агроном, кейін бас экономист болып қызмет жасайды. 1966 жылы өзi оқыған Целиноград ауыл шаруашылығы институтына аспирант болып қабылданады.

Он жеті жасында ауыл мектебін бітіріп, алыс қалаға аттанып, ұзақ жылдар бойы ғылыммен айналысып, академик деген ең жоғары атаққа дейін жетуін қазақ баласы үшін үлкен ерлік деп айтар едім! Қазақстан ғылымына өлшеусіз еңбек сіңірген осындай жерлес ағамыз бар деп біз әрдайым мақтан тұтамыз.

Белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Жасқайрат Сүндетұлының ғылым жолындағы ізденістерін замандастары мен әріптестері жоғары бағалайды. Өйткені ол ауыл шаруашылығы экономикасын дамытудың қыр-сырын терең зерттеп, бар күш-жігері мен ғұмырын арнап келеді. Қазақстанға сіңірген еңбегінің арқасында ол бір өңірдің емес, бүкіл елге ортақ ғалым болып отыр. Ғылыми еңбектері арқылы шетелдік ғалымдарға да жақсы танымал. Ғылымға ден қояды. 55 жылдай еңбек өтілі бар. Негізінен еңбек етіп, тұрған жері – осы кешегі Ақмола, Целиоград, одан кейін Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы.

Ағамыз өз естелігінде 1958 жылы республикалық қазақ радиосынан Ақмолада ауыл шаруашылығы институты ашылғанын естіп, бірнеше күн пойызбен жол жүріп жеткенін жазған еді. Осы жаққа келерде менің әкем Насырға барып, ақылдасқан екен. «Ақмола деген қаланы кім біледі? Оған қалай баруға болады? Қаланың тұрмыс-тіршілігі қалай екен? Барған адамға қолайлы бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп, білетін адамдардан сұраған ғой. Ал менің әкем 1950 жылдары Орал педагогика институтының физика-математика факультетін бітіріп, жолдама бойынша Ақмола облысына жіберілген екен. Ол кезде заң бойынша жолдамамен барып, сол өңірде кемінде үш жыл қызмет жасауың керек. Әкем жұмыс істеп, осы жақта анамызды кездестіріп, екеуі отау құрып, туған жері Саралжынға оралған. Осы жайтты естіп-білген Жасқайрат аға әкеме келіп, ақыл-кеңесін алған екен. Әкем өзінің бар білгенін айтып, дұрыс бағыт-бағдар беріпті. Басқа адамдармен де ақылдасқан шығар. Бізді көрген сайын Жасқайрат аға осы оқиғаны айтып отырады.

Жасқайрат аға туралы ауылда, мектепте оқып жүргенде және кейін Орал педагогика институтында оқыған кезімде естіп жүрдім, бірақ өзін көрген жоқпын. Мен 1999 жылы отбасыммен Астанаға көшіп келдім. Әуелі №7 мектепке жұмысқа кірдім. Сонда Ардақ апа Қайырғалиқызы кітапханада істеп жүрді. Бір күні фамилияма қарап, «Осында сенің бір ағаң бар. Аграрлық университетте істейтін ғалым Жасқайрат Сүндетовты білесің бе? Ол туысың емес пе? Өзің Оралдансың ба?» – деп сұрады. Мен ол кісіні сырттай білетінімді, бірақ туыстық байланысымыз жоқ екенін, Орал қаласынан көшіп келгенімді айттым. Бір күні Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық (қазір агротехникалық) университетіне арнайы іздеп барып, Жасқайрат ағамен таныстым. Содан бері араласып, сыйласып тұрамыз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Жасқайрат ағаның қамқорлығын көрдік. Астанаға алғаш келгенде бізге өте қиын болды. Үй жоқ, жатақханадан орын алу да мүмкін емес. Ылғи біреудің пәтерін жалға алумен жүрдік. Жұмыстың өзін әрең табасың. Ақша да тапшы. Ол кезде шиеттей екі баламыз болды. Сол кезде Жасқайрат аға жатақханадан бір бөлме алуымызға көмектесті. Халқымыз «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деп бекер айтпаған ғой. Әкемді білетін адам ретінде ол бізге өзінің ақылын айтып отырды. Мен сол кездері жиі барып, ақыл-кеңесін сұрап тұрдым. Әуелі жатақхана жалдап тұрдық, кейін саяжайда тұрдық.

Біздің артымыздан әке-шешеміз көшіп келді. Көп тұрған жоқ, екеуі де бір жылдың шамасында ауырып қайтыс болып кетті. 2001 жылдары әуелі әкем Насыр, одан алты айдан кейін анам Шәрбану Айтбайқызы дүние салды. Оларды өз аманаттары бойынша осы жерден екі мың жарым шақырымдай қашықтықтағы Саралжын ауылына алып барып, жерледім. Сонда тағы да Жасқайрат ағаға барып, ақыл сұрадым. Қайтыс болған адамды алыс жерге алып баруға арналған арнайы табыт болады екен. Пойыз арқылы жеткіздік. Ол тек айтуға ғана оңай. Ешкімнің басына бермесін. Ол кезде халықтың жағдайы да онша мәз емес…

Міне, биыл мерейлі 80 жасқа толып отырған, халыққа қадірлі, біз білетін Жасқайрат Сүндетұлының адами асыл қасиеттері көп-ақ. Оның азаматтық тұлғасы кішіпейілдігімен, қарапайымдылығымен көркейіп, ел алдында мәртебесі биіктей береді. Алдағы уақытта әулеті аман болып, ғылым жолында үлкен табыстарға жете беруін тілеймін.

 

Ғабит СҮНДЕТОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы