5.11.2021, 10:34
Қараулар: 140
КӨҢІЛІ ДАРХАН ЗЕЙНЕП

КӨҢІЛІ ДАРХАН ЗЕЙНЕП

Жүзі жылы, ұяңдау келген Зейнеп Абдолованы әлеуметтік сала ардагері десек те болады. Әлеуметтік сала қызметкерлері кәсіби мерекесінде осынау саланың ардагерін сөзге тартып, қызметінің біз білмейтін тұстарымен бөлісуге шақырған едік.

Зейнеп Майдөкқызы өзінің биязы мінезімен айналасына жұғымды, үлкеннің де кішінің де көңілін аулап жүретін жан. Бұл күнде ол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедек және жалғызбасты қариялармен жұмыс секторы белгілеген жасы егде тартқан әжелерге әлеуметтік күтім жүргізеді. Кейде оған қарап, қызметін мінезіне сай таңдаған деп ойлайсың. Алайда ол о бастан хатшы-терімші мамандығын меңгеріп, жас маман қызметті алдымен аудан әкімшілігінде, кейін осы әлеуметтік салада атқарған. Замана ағынымен ақпараттық технологиялар біздің ауданға жетіп, қолданысқа компьютерлер ене бастағанда оның күндіз -түні сағатпен санаспай жазатын қызметіне сұраныс біртіндеп жоғала бастады. Жауапкершілігі мол маманды табыссыз қалдырмауды ойлаған сол кездегі осы сала басшысы Жанғуат Еркеғалиев үлкендерге күтім көрсетуге кеңес берген. Ел әлі нарықтың қатал заңын қабылдай қоймай, таршылықты сезініп, әр тиынын тиынға соғып жүрген кез еді ол. Кейіпкеріміз көп ойланбастан келісе кетті. Ойлануға да мұрсат болмады. Бір жағынан жаңа технология оның қызметін сырып тастайтынына көзі жетіп отыр, екінші жағынан бала оқытып отырып, табыстан айырылу оңай емес те еді. Сөйтіп, ол бар мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. «Мейлі мен біреудің кір киімін жусам да, бастысы адал еңбекпен тапқан нанымды үйдегілерге апарып беремін» деп ойлайтын. Осылай бұл қызметке қадам басты. Содан бері талай көктемді қарсы алды Зейнеп апа, тыртақтап жүріп екі балапанын оқытты, төсек тартқан анасын балаша әлпештеп бақты, қартайған шағында әке мен ағасына да өзі қамқор болды. Ол әлі де   кей кезде ашық күндей жайнап отыратын, ал кейде айналасын  бұлт торлағандай тұнжыраятын қариялардың көңілін табуда. Оны аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Шыңғыс Абдоллин де растап отыр.

–Зейнеп апаны осы істің майталманы десем еш қателеспеймін. Әдетте жалғыздықтың дәмін татып отырған қарияларға жағу, оның ойынан шығып, бабын табу қиынның қиыны. Қариялар көп жағдайда реніштерін білдіріп, телефон шалып жатады. Көрсетілген көмекке наразылығын танытады. Алайда, Зейнеп апаға бірде-бір рет арыз түсіп көрмеді, –дейді.

Зейнеп Майдөкқызы бізбен әңгімесінде арыз түспегенмен кейде қариялармен бір түсініспеушілік болып жататынын жасырмады. Мәселен, қариялар дүкенге не поштаға жұмсап, қызметкер кезек күтіп кешіккенінде, олар дабыл қағып, жан-жақтан сұрастырып, іздейді екен. Ондайда кейіпкеріміз оларға байыппен мән-жайды түсіндіруге тырысып жатады. Жалпы қай қызметтің де өз қиындықтары болады деп ұғынатын Зейнеп апа мұны да соның бірі деп есептейді.

Иә, сырт көзге бес кемпірдің керегін жеткізіп, айтқанын істеу оңай көрінеді. Алайда, осы қызметте отыз жылға жуық біте қайнасып келе жатырған маманның пікірі басқаша.

–Үлкен адаммен әңгіме-дүкен кұрып, олардың өткен өмірімен танысу жақсы. Кейде айтып отырған әңгімесінен қызықты жайларға қанық боласың, кейде қиналған сәттерінің куәсіндей бірге толқып, бірге мұңға батып жатасың. Кейде бір өздеріне тән қылықтарға куә боласың. Мәселен, алты перзенті бола тұрып, олардың бірінің қолына бармастан дүние салғанша осы Сайқында тұрған Шура Сусина кей кезде өкіріп жылап алушы еді, марқұм. Оны алғашында естігенімде, шамасы балаларының бірінен жаманат келді ме екен деп абдырап қалғаным бар. Сұрасам, осылай етіп, бар дауысымды шығарып жылап алсам, шерім тарқайды, кеудемді қысқан бір зілден арыламын дейтін. Жалпы, үлкен адамдардың өзінің біреуге оғаштау, біреуге қызық боп көрінетін қылықтары болады.  Оны да ескереміз. Өмір бойы өзіне ғана қызмет етіп, кірпияз болып қалған жалғызілікті адамның шаруасын шектеулі уақытта оның ойындағыдай орындай салу мүмкін болмай жатады.  Міндетіміз оларға қол ұшын беру болған соң да сұрағанын әкеп беру, дәрі-дәрмегін дәріханадан, не ауруханадан әкелу де бізге еш қиындық тудырмайды. Жуындырып-шайындыруға, үйін тазалап беруге де тартынбаймыз. Тек осы қызметтерді атқаруда сенімсіздік танытып, артыңнан бағып жүргенде налып қаласың. Өкінішке қарай, бүгінгінің үлкендеріңде сенімсіздік қасиеті басым келеді. Өмірімде біреудің бір сынық қасығын,  не бір басқа затын алып көрмедім. Адал қызметің бағаланбаса, іштей реніш пайда болады. Бәрі бірдей емес әрине, арасында еңбегіңді  бағалап, мерейіңді өсіріп тастайтын апаларым бар. Оларға баруға тіпті құлшынып тұрасың,–деді.

Осылайша, өз қызметінің бір парасын ашқан кейіпкеріміз адам үлкейген сайын бала болатынын сөз емес, іс жүзінде күнбе-күн көріп жүргенін жасырмады. Кейде көңілдеріне жағымды нәрсе жасасаң, не бір үйден дәмді бәліш пісіріп ала барсаң, балаша қуанып жатады екен. Алдаусыратып жіберсең, балаша бұртиып қалған көңілі шайдай ашылып, назары өзгеге ауып, көңіл-күйлері сап өзгереді. Күні ертең өзі де зейнет жасына шығатынын айтқан кейіпкеріміз  жалғыз қалудан қорқады екен. Қандай жағдай болса да, өз перзентінің қолында болғысы келеді.

–Ой жалғыздық деген жаман ғой. «Қайтқанда қартымның қасына қойса болды» деп балаларымен бірге тұрмай өмірінің соңына дейін жалғыздықтың қамытын киіп жүргендерді де, одан шаршаған жандарды да көрдік. «Балаларыма масыл болмайын деймін ғой. Олардың өздерінің тірлігі бар, уақыты жоқ қой» деп ақталады, балалары «апам көнбейді» деседі. Ана байғұс баласы мүгедек болса да арқалап жүріп, өзі өліп кеткенше кісі қолына қаратпай бағады ғой. «Масыл болмаймын» деп қазірде сол жеке басының қамын емес,  балаларының жайын ойлап отыр ғой. Екінің бірінде қазір қан қысымы жоғары, созылмалы дерттері бар, құдай сақтасын қаңыраған үйде қасында аузына су тамызар кісі болмай қала ма деп уайым қыламын ғой. Бұрын қазақ қоғамында болмаған қариялардың жалғыздығы қазір қалыпты жағдай саналады. Соқа басы сопайып жалғыз қалған нағашы апа, ағасы түгілі көршісін қолына алатын халқымыз үшін оғаш сияқты, – дейді кейіпкеріміз.

 

жоқ, қазіргі таңда қаладарда үрдіс алған жалғыздық синдромы ауылға да тән болып қалыптасуда. Әлеуметтанушы маман Айсұлу Молдабек елімізде жалғыздық синдромы дендеп барады деп есептейді. «Өз балам өскенше, немерем өлгенше» деп немересін бауырына басып, балапандарын айналасына жинаған тауықтай көрінетін әжелер қатары бұл күнде сиреп барады. «Өз баламды өсірдім, өндірдім, енді немере бағуға келсек, оны өз ата-анасы бақсын» деген уәждерін айтуда қазіргінің әжелері. Достарымен қонақта қыдыруды, қалаға баруды не  баланың шуын көтере алмаймын деп жан тыныштығын ойлап, өз ошағында отырған ақ жаулықтыларымыз бар. Ертеректе Зейнеп апа сынды әлеуметтік қызметкерлер ұрпағы жан-жаққа кеткен жалғызіліктілерді бағып-қақса, бүгінде олардың орнын ауылда үш бірдей қызы тұрса да, мемлекет қамқорлығына алынғандар қатары толтырып отыр. Сонда, ата-анасын мемлекет құзыретіне беруге ұрпағы арланбай ма деген ойға қаласың? Бәлкім «Мен өз шаңырағымда тұрамын» не басқаша себеп-сылтауларын айтатын шығар. Десе де, «Әке-шешең жынды болса байлап бақ» дейтін қазақтың ұрпағы емес пе едік?! Иә, бұл бүгінгі күннің мәселесіне айналып отыр. Әрі ол басқа мақалаға жүк болар сұрақтар. Ал, Зейнеп апаны толғандыратыны жасы жеткен, әлі кеткен үлкендердің қызметкер кеткенде қараусыз қалатыны. Олай уайымға салынуына да себеп бар. Өйткені біраз уақыт кейіпкер қарамағында болған Зияш апаның өлімі кісі қолынан болды. Бұл оқиғаның орын алғанына он жылдан асса да, 9 мамыр мерекесіне берілген демалыс күндерінен соң үйне жақындап, есіктің ашық жатқанын байқағанда бірден жүрегі алқымына тығылған екен. Себебі өте секемшіл, өзгені үйіне жақындата бермейтін адамның есігі айқара ашылғаны ойға күдік ұялатқан. Оның үстіне терезесі ойылып тесілген. Зейнеп апа, өзі үйге кірместен, көмек шақыруға бел шешті. Тиісті мамандар келіп, тексерулерден соң қарамағындағы апаның дүние салғаны анықталды. Содан бері үлкейген сайын өлім де адамның қасында жүретінін ескеріп жүреді екен. Сол себепті ауырыңқырап жүрген үлкендеріне жиі барып тұрады.

Көпшілік әлеуметтік қызметкердің міндеті күнбе-күн сол үлкен адамды бағып-қағу, бар жағдайын туғызу деп ұғынады. Шындығында бір әлеуметтік қызметкерге бес-алты жалғызілікті жан байлаулы. Олардың әрқайсысына аптасына екі мәрте ғана барады екен. Демек әлеуметтік қызметкер аптасына екі мәрте келетін көмекші ғана. Аптаның басқа бес күнінде оларға ешкімнің ат ізін де салмайтынына куә болуда. Кей кезде олардың туыстарына кезіккенде үлкен кісіге бір демалыста барып кетуге ақылын айтып жатады. Тек онда да құлаққа асатыны бар, аспайтыны бар дейді майталман маман.

Өкініштісі сол қазір «Ата-анадан жар жақын, туысқаннан мал жақын» дейтін заманға жеттік. Ұрпақ жылуын, перзент ықыласын ешкім бере алмасын естен шығармасақ игі еді.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

Бөкей ордасы ауданы

Сайқын ауылы