12.05.2021, 17:19
Қараулар: 92
АЛАШ ПА, ӘЛДЕ БӨКЕЙ МЕ?

АЛАШ ПА, ӘЛДЕ БӨКЕЙ МЕ?

Батыстықтар пәлен күннен бері екіге жарылып, өз пікірлерін дәлелдеп бағуда. Бізге Бөкей де, Алаш атауы да ыстық. Егер сол Бөкей болмаса,  біз Еуразияның кіндігі деп танылар ма едік?! Бөкей хан өзінің дипломатиялық шеберлігінің, көрегенді саясаткерлігінің арқасында орыс патшалығының меншігіне өтіп кеткен еліміздің ұлан-ғайыр жерін қайтарып алды. Бөкей тұсындағы елдің ахуалын сол кезден жеткен жырлар айтады. «Хан Бөкейдің кезінде шекер шайнап, бал іштік» десе, Махамбеттің өзі «Құм Нарында жанға жайдың бәрі бар» деген екен. Ғайса ақын айтпақшы, қазіргі хан сүйегінің жатқан жерінің өзі Астрахан алқабының ертедегі біздің ел екенін айғақтап тұрған жоқ па? Егер Бөкей болмаса, жаңашылдықтың бастауы, ағартушылықтың көшбасшысы Жәңгір хан болар ма еді?! М-С.Бабажанов, Шәңгерей, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сияқты мықтылар, сіз айтып тұрған Алаш идеясымен ұлтқа қызмет қылған тұлғаларымыз болар ма еді?!

Қабылқан БИАРЫСТАНОВ,

еңбек ардагері

 

«Зашағанды бұдан былай Алаш деп атайық па, әлде Бөкей ханның атымен атайық па?» деген сауал түсіне білген адамға «әкең жақсы ма, анаң жақсы ма?» деп сұраған сияқты. Маған Бөкей де, Алаш та ыстық. Екеуі де қымбат. Өткен жылы ел прзиденті Қ.Тоқаев халыққа жолдауында Алаш қозғалысының жүз жылдығын ерекше атап өтіп, жоғарғы деңгейде шаралар өткізілуі керек деген еді. Не өтті, қандай нәтижесі болды? жауап біреу, пандемия.  Алаш қозғалысының бағдарламасын қайта көтеріп, сондағы идеология, сондағы менталитет, сондағы мемлекеттің дербестігін сақтау, тәуелсіздігін ұлықтау сияқты ұлтжанды тұлғалардың бағыт-бағдарын құбыламыз санап, сол бағдарлама бойынша әрекет етсек, сонда ұтарымыз мол болар еді. Бір ауданға Алаш атын бергенмен, Алаш рухын көтере аламыз ба?

Каспи ЖАХАТОВ,

ардагер ұстаз

Зашаған кентіне Бөкей ханның есімін беру туралы мәселе көтерілгенде қоғамның пікірі екіге жарылды.  Бөкей хан қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі.  Еділ мен Жайық арасына қазақ халқын қоныстандыруға патшадан рұқсат алған хан Бөкейдің еңбегі зор екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Егер Бөкей болмаса қазіргі тұрып жатырған шекарамызды белгілеп, осыншама кең далада емін-еркін қоныстана алар ма едік… Өздеріңіз білетін «Хан тоғайы» атауы сол Бөкейді ақ киізге отырғызған жер.  Сондықтан Бөкейдің қазақ халқына сіңірген ерлігі, еңбегі ұшан-теңіз. Өкінішке қарай, Алаш деген атауды ұсынуды  қолдап, жақтаушылар Бөкей хан туралы небір жағымсыз мәліметтер жариялап, қаралауға тырысқандарын оқып жүрегім ауырды. Алаш атауының мән-мағынасы зор. Алаш кенті дегенді қазақ кенті деп те түсінуге болады. Зашағанға Бөкейдің есімі керемет үйлесіп тұр. Барша алаш жұртына ортақ тұлға ғой қайткенмен.

Гүлжан БИСЕКЕНОВА,

«Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы

 

 

–     Орал қаласындағы Зашаған кентіне атау қоюда пікірталас әлеуметтік желінің өзекті тақырыбына айналып кетті. Әр кім өзі пікірін ұсынып, өзінікін дәлелдеп бағып жатыр ғой. Осы ретте мен бұл шағын ауданға Бөкей хан атауы берілсе дұрыс болады деп есептеймін. Бұл менің азаматтық та, тарихшы ретіндегі де осы пікірім. Өйткені кезінде Бөкей осы жерді мекендемегенде қазір тарихи жеріміз өз мекеніміз болар ма, болмас па белгісіз ғой. Сонымен қоса Орал қаласының кіреберісіне тарихы Бөкей жерімен тығыз байланысты қос батыр Махамбет пен Исатайдың ескерткіштері орнатылғаны белгілі. Енді осы аудан Бөкейдің атымен аталса, жарасымды емес пе?.. «Алаш» атауын кең ұғым деп білемін. Дегенмен бұл аймақтың тарихының өзі Бөкеймен байланысты болған соң бабамыздың есімімен аталғанды құп көремін.

Асылхан АМАНҒАЛИЕВ,

  М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры, тарихшы

–     Мен Бөкей хан атауын құптаймын. Өйткені Бөкей ханның бұл аймақты қазақ иелігіне қайтаруда еңбегі орасан. Тарихта Ішкі ордаға қатысты әлі де ақтаңдақтар жетерлік. Олардың еңбегі де нақты бағаланбай келеді. Сол тарихи ақиқатты көпке таныту бағытында бұл кентке Бөкей атауын беру дұрыс деп есептеймін. Тарихқа үңілсек, Бөкей хан уақытында  бас көтеріп патша Павел І Жайықтың оң жақ бетін өз иелігіне сұрамағанда бұл аймаққа қол жеткізе алмас па едік? Сонымен қатар қазір бөкейліктердің бірқатары дәл осы кентте тұрады. Мен  Алаш атауына да қарсы емеспін. Алайда, оны «Қазақ елі» деген ұғыммен парапар деп едім. Сол себептен оның атауын үлкен білім ошағына немесе қалаға берген жөн деп есептеймін. Мәселен, Алаш атауын «семь палат» деген атаудан шыққан Семипалатинске (Семей) немесе Петропавл қалаларын атаса мәртебесіне сай болар еді деп есептеймін. Ал, дәл сол қалаларға Бөкей есімін беруге көпшілік қарсы болары хақ. Себебі Бөкей есімі  олардың тарихына жақын емес. Ал Алаш барлығымызға ортақ. Сол себептен шағын кентке Алаш пен Бөкейді таластырудың тіптен жөні жоқ деп ойлаймын. Әрі қасиетті Ораза айында жұршылықты осылай таластырып қойғаны жөнсіз санаймын.

Жұбан ҒҰМАРОВ,

 М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры, тарихшы

 

Зашаған кентіне Бөкей ханның есімі берілу керек дегенді қос қолдап қолдаймын. Бөкейлік болған соң ғана осындай пікірде екен деп қате түсініп қалмаңыздар. Біріншіден Алаш сөзінің ауқымы кең әрі мағынасы терең. Алаш атауын тұтас қалаға, облысқа берсе де жарасады. Шағын кентті Алаш деп атауымыз қаншалықты орынды? Әлеуметтік желіде осы мәселе қызу талқыға түсуде. Әр кім өз дәлелін келтіріп,  әр қилы ойларын ортаға салуда. Кім қалай десе да орысша атауларды қазақыландыруға жасалған сенімді қадам бұл.

Фархат МҰҚАТОВ,

ұстаз

 

Егер Бөкей көшпесе,

Еділ-Жайық бетке алып ,

Қалың құмнан аспай жұрт,

Қалар ма еді тоқталып?! – деп Ғайсағали Сейтақ жырлағандай Бөкей ханның бізге мұра боп қалар жақсы істері де ұрпаққа өшпес өнеге екені  баршамызға белігілі. Бір Зачаганск деген атауға бола Бөкей ханның тарихын зерттеп, жаман істерін әшкерелегенін әлеуметтік желіден көріп жатырмыз. Меніңше, дұрыс емес. «Жершілдікке бөлініп жатырсыз» деп, Алаш атын қос қолдап қолдайтындарға да еш қарсылығым жоқ. Өз пікірін білдіруге әр кім құқылы. Бөкейдің жалпы қазаққа атқарған істерін ескере отырып, Бөкей атауын қолдайтынымды ашық айтқым келеді.

Рысгүл БАЙБЕКОВА,

ұстаз