12.05.2021, 16:48
Қараулар: 44
ЖАУЫНГЕРЛЕР ЖАНАЗАСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

ЖАУЫНГЕРЛЕР ЖАНАЗАСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

 

Аудан орталығында Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында игі шара өтіп, сауапты іс  қолға алынды. Соғыс кезінде Сайқын маңында қаза тапқан 17 жауынгердің сүйегі қайта жерленді.  Аталмыш шараға аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов, РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының әскерилері, М.Мәметова атындағы іздестіру жасағы мен «Атамның аманаты» қоғамдық  қорының мүшелері және Орал епархиясының православ шіркеуінің діни қызметкері Алексей Потапов т. б жергілікті әскери бөлім және  үкіметтік емес ұйымның өкілдері, ардагерлер қатысты.

Нақтырақ айтсақ, 196-Қызыл тулы Гатчинск атқыштар дивизиясының бауырластар зиратында  302 атқыштар бригадасының 17 жауынгерінің   сүйегі  жер қойнына тапсырылды. Сарбаздар сүйектері Сайқын ауылы маңындағы 365 разъезінде М.Мәметова атындағы  іздестіру жасағының командирі Сергей Лапшиннің іздестіру жұмыстары кезінде табылған еді.

  • Соғыс оты тұтанған шақта Отаны үшін кеудесін оққа төсеп, бақилық болған сарбаздардың рузына тағзым қылу әр азаматтың парызы екені сөзсіз. Арада 76 жыл өтсе де хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерден еш дерек жоқ. Соңғы кездері  хабарсыз кеткен майдангерлерді іздестіру жұмыстары біркелкі қолға алынғаны қуантады. Әйгілі қолбасшы  Суворовша айтсақ  «соңғы сарбаздың сүйегі жерленбей соғыс аяқталмайды».  Мінекейіңіз,  Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында 17 жауынгер батырдың сүйегін жер қойнауына табыстап отырмыз, – деген аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов қазақ халқының да жеңіске қосқан үлесін атап өтті.

Бұдан соң  М.Мәметова атындағы іздестіру жасағының командирі Сергей Лапшин, «Атамның аманаты» қоғамдық қорының төрайымы Әлия Сағымбаева, РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының бөлім басшысы Игорь Зянковтар да сарбаздарды қайта жерлеу рәсімдерінің мән-мазмұнына тоқталып өтті. Жау бомбысынан опат болған Л.Смирнов, Г.Ермалюк, А.Поздняков, В.Ливанов, М.Гимбитский, С.Дудетский, И.Коваленко, И.Баглаев, В.Лапин, Н.Кондратьев, Д.Ялунин, П.Осипов, Я.Иванов, В.Тухматуллин, М.Кузнецов, А.Потейкин есімді жауынгерлердің жаназасын шіркеу қызметкері Алексей Потапов  христиандық жоралғыларға сай өткізді.

Жерлеу рәсімдерінен кейін  меймандар М.Мәметова атындағы мектепте жасақталған  мұражайдың тыныс-тіршілігімен танысып,  М-С.Бабажанов атындағы білім ордасында ұйымдастырылған «Соғыс жылдарындағы Бөкей ордасы» тақырыбында ұйымдастырылған  дөңгелек үстелде бас қосты. Шараның тізгіншісі Жұбан Ғұмаров  «Бөкей елінің топырағында соғыс табы сайрап жатыр. Неміс авиациясы бомбылауынан  көптеген жауынгер менжәне жергілікті тұрғындар опат болды. Сондықтан Бөкей Ордасы ауданы Сталинград шайқасының ең жақын тылы емес, Бөкей Ордасы ауданы қан майданға тікелей қатысты деп сенімділікпен айта аламыз» сөз кезегін өзге де қатысушыларға ұсынды.

М.Мәметова мектебінің тарих пәнінің оқытушысы Айгүл Ғұмарова 196-атқыштар дивизиясы туралы тоқталса, «Атамның аманаты» қоғамдық қорының төрайымы Әлия Сағымбаева сарбаздардың мүрдесін іздеп анықтауда белсенділік таныту қажеттігін айтып өтті.

Игорь Зянков іздестіру, табылған мүрделерді қайта жерлеу жұмыстары үлкен еңбек, сауапты іс екенін айтса, Сергей Лапшин жергілікті халықтан, әсіресе, тарихты түгендеуге, қан майданда қыршыннан кеткен сарбаздардың мәйітін іздестіруге мүдделі жандардан қолдау күтетінін жасырмады. Аталмыш шараны қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов та жастар қауымының патриоттық рухын оятуда осындай шараларға тартудың маңыздылығына тоқталып, қонақтарға естелік сыйлықтары мен алғысхаттар  табыс етті.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ