16.04.2021, 10:47
Қараулар: 259
ӘЙЕЛ – ЕР АЗАМАТҚА БЕРІЛГЕН АМАНАТ

ӘЙЕЛ – ЕР АЗАМАТҚА БЕРІЛГЕН АМАНАТ

15 сәуір – Қозы Көрпеш — Баян сұлу күні.  Осы бір атаулы күнде жарасымды ғұмыр кешіп, бір-біріне деген сыйластықтарымен ел аузына іліккен отбасыларды үлгі еткеннің артықтығы болмас. Жұбайлық өмірдің алтын, гауһар тойларын артта қалдырған бұл жұп  63 жыл темір тойларына аяқ басқан. Сондай іргесі биік, шаңырағы шаттыққа толы отбасының тірегі һәм қамқоршысы Киікбай (Қитеш) Бисенғалиев пен әулеттің шырайын келтіріп, ырысын еселеп отырған жан жары Әсия Бисенғалиеваның келісті тірліктері кім-кімге де үлгі.

Сонау 1959 жылдың желтоқсанында шаңырақ көтерген Киікбай атамыз бен Әсия әжеміз  сүрлеу-соқпағы көп өмірдің жақсылығы мен жамандығын, ащысы мен тұщысын қатар көріп, бүгінде тамырын тереңге тартқан үлкен әулеттің қара қазығына айналған. Атамыз биыл сексеннің төртеуіне аяқ басса, әжеміз сексен бірінші көктемін қарсы алды.

– Менің балалық шағым сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа тұс келді.  Лағынет атқыр қанды қырғында қаншама ауылдың атпалдай азаматтары опат болды?! Басымыздан бұлт арылмаған ауыр кездер әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр, – деп атамыз әңгімесін балалық шағынан бастады.

– Әкем майданға 1942 жылы өз еркімен аттанғандардың бірі. Ол кезде мен не бары 4 жаста едім. Әкеміздің жоқтығы кәдімгідей білінді, біртіндеп тұрмысымыз нашарлап, азып-жүдей бастадық. Бір жылдан соң «әкеміз  із-түссіз жоғалды» деген қара қағазды алдық. Оған қоса әкемнің майданда киген киімдері, тұтынған заттары, бір уыс қант салынған ыдыстарын қолымызға беріп кетті. Ауылдың үлкендері әкемізге құран бағыштап, ырымын жасаса да анамыз бұл қаралы хабарға сенгісі келмепті. Сол кездері Украинадан т.б жерлерден босып келген сығандар шұбырып жүретін. Анамыз солардың біреуіне барыпты да «Погадай» деп қолқа салған көрінеді. Әлгі сыған «күйеуің тірі, елге оралады» деп сүйіншілейді. Жақсы сөз – жарым ырыс. 1947 жылдың күзінде әкеміз ауылға келіп тұр. Сөйтсек, тұтқынға түсіп, сұмдық пен азапты бастан кешіріпті. Өкінішке қарай, өкпесіне қатты суық тиіп, ауыр дерттен айыға алмады. Сол жылдың  жазына жетпей көз жұмды, – деп өткен күндерден сыр шертті кейіпкеріміз.

1949 жылдың күзінде төртінші сыныпқа аяқ басқан Киікбай атамыз ойда жоқта  Орда ауылындағы Дзержинский атындағы балалар үйінен бір шығады. Негізі ол үйге кейіпкерімізді емес, өзінен кейінгі туған бауыры Қанапияны алып кетулері керек екен.

–Інімді аядым. Анамнан, біздерден жырақта жүре алмайды ғой деп еңіреп жүрмін. Шешем де қаршадай баласын қия алмай көз жасын көлдей қылды. Сол сәтте «Қанапия Бисенғалиев» болып мен барамын деп шешім қабылдадым да оның орнына кеттім. Ішерге ас-суымыз жоқ, тұрмыстың ауыр тауқыметінен қиналған кезіміз ғой. 10 шақты ұл-қызды түйе арбаға мінгізіп әкетті. Бұл жерде біз секілді балалар толып жүр екен, тентегі де, жуасы да бар. «Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» демекші, мен де көндіктім ғой. Көп ұзамай, біздерден ересектеу әрі есерсоқ балаларды шопырлық, токарлық т.б техникалық мамандықтары меңгерту үшін басқа жерге жөнелтті, қалғанымызды Орда совхозынан шеткері орналасқан Макар дейтін  ауылдағы  мектепке көшірді. 1953 жылы Жиекқұмдағы мектепте оқитын болдық. Тағдырдың айдауымен сегізінші сыныпты қайтадан Ордадан жалғастырып, бітірдім-ау. 1956 жылы оныншы сыныпты тәмамдаған соң қазіргі Сайқынға әкемнің ағасының қолына келдім. Кейін ойлап қарасам 10 жылдай анам мен бауырларымнан жырақта өмір кешіппін. Бөрлідегі техникумда «техник-механик» деген мамандықты  бітірген соң 1959 жылы ауылдағы МТМ-ға жұмысқа кірістім. 40 жылдан астам тапжылмастан еңбек еттім,–деп ағынан жарыла әңгімелеген Киікбай атамыздың қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбейінше жаны жай таппайтынын, қандай ма тапсырманы мінсіз орындауға әдеттенуі арқасында  совхоздағы ең белсенді, еңбекқор әрі іскер маман атанғанын да білдік.

Әсия әжеміз де еңбектің қара қазанында қайнап, шыңдалып, қара су мен қара нанның қадірін титтейінен біліп өсті. 1940 жылы Орда ауылына қарасты Әжен елді мекенінде дүниеге келіпті. Әкесі Хамидолла диірменші, анасы Гүлсім ауылдық кеңестің меңгерушісі болыпты.

– Сол кездер кімге оңай тиді дейсің… Соғыс басталған жылы әкем майдан даласына аттанды. Анамның қызметі жауапты, ой-қырды аралап,  қойдың қарнына толтырылған шұбатты аштықтан бұратылған балаларға тасып жүріпті. Біраз баланы аман алып қалады. Әйтсе де, менің алдымдағы алты бауырымды ажалдан арашалай алмады. Бәрі де өкпеге тиген суықтан қайтты ғой. Бір күні соғыстағы әкемізден хат келді. Бақсақ, ауыр жараланып госпитальге түскен екен. «Гүлсім, халым нашар, жат жерде жан тапсырып, өздеріңмен жүздесе алмаймын ба деген ойлар жанымды жейді» деп жазыпты. Анамыз өте сауатты, қайратты еді, тәуекелге бел буып, кіші қайын інісін өзімен бірге ілестіріп жолға шықпасы бар ма?! Саратовқа жетіп, ол жерден Қазанға дейін қайыққа отыруына тура келеді. Жеті күн, жеті түн дегенде діттеген жеріне жетеді. Госпитальды да көп ұзамай тауып алады. Госпитальдың іші қан сасып тұр, жарақаттанған сарбаздардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бісмілләні ауызға алып, үстерінен аттап өтуге тура келіпті. Бір сәтте әкемізді көріп, құлағына «Адырақсыңба, сенсің бе?» деп дауыстайды ғой. Ол жаймен басын изейді. Оқ оң жақ беттен тесіп өтіп екінші жағынан шығыпты. Тілінің жартысы жыртылып түскен екен. Осылайша, 15 күндей жолдың машақатын көрсе де әкемізді тастамай алып келеді ауылға. Бұл 1946 жыл еді.  1947 және 1949 жылдары екі бірдей бауырым жарық дүниеге келді.  – дейді кейіпкеріміз анасының қайсарлығын үлгі ете.

1952 жылы Әсия әжейдің әкесіне теміржолда жұмыс табылғандықтан  Эльтонға қарасты №32 разъездке  қоныс аударады.  Ордадан бесінші сыныпта оқыған кейіпкеріміз жаңа қонысында орыс тілінде оқитын  екінші сыныпта  оқуға мәжбүр болды.

–Тіршіліктің иірімімен ата-анамыз қолдағы малды көбейтіп, бар шаруаны оқсата бастайды. 1957 жылы жасым 17-ге жеткенде анаммен бірге сауыншылардың қатарына қосылдым. Содан 1983 жылға дейін сауыншы болыппын. Кейін жергілікті  балабақшаға аспаз болып кірістім, – деп әңгімесін жалғастырған әже  қоғамдағы белсенділігімен де көзге түсіпті.

Бірнеше рет ауылдық, аудандық деңгейде депутат боп, мінберде талай мәрте елдің жайын, ауылдастың қамын жеткізеді.

Осы ретте «Әжең совхозының жұмысын жапыра істеп, тірлігін шыр айналдыра білді, кемпірім өте еңбекқор» деп жан жарының іскерлік қабілетіне екпін түсіре мақтаған Қитеш атамыздың оған деген  шексіз сүйіспеншілігін, құрметін байқау қиын емес еді. Жастары ұлғайса да қос қарияның бір-біріне деген ілтипаттары, сезімдері сол бәз баяғы қалпында ма дерсіз…

 

КЕМПІРІМДІ БІРДЕН ҰНАТЫП ҚАЛДЫМ

–Ордадағы мектепті тәмамдап бірден ауылға келдім дедім ғой. Сөйтсем ағамларыма жаңа көршілер келіпті. Бойжеткен қыздары бар дегенді естідім. Әсияны бір көргеннен ұнаттым. Танысуға бел будым. Менің жасым 21-де, Әсия 17-де еді. Үш жылдай қыз бен жігіт болып араластық, бір-бірімізді тани түстік. Мен қала жаққа оқуға кеткенімде ол адалдық танытып күте білді. Қолыма дипломым тиген бойда ауылға жеттім. Содан 1959 жылдың 5  желтоқсанында үйлендік, – деп жастық шақтарына ойысқан Қитеш атаның әңгімесін  әжеміз бөлді.

  • Ойбай-ау, үйленген соң төрт жылдай әскерге кетіп қалғаныңды ұмыттың ба?–деп езу тартты. Қитеш атамыз да «Қалайша ұмытайын, үш жыл емес, кемпірім мені бақандай жеті жыл күткен екен ғой» деп лезде түзете жөнелді. Сөйтсек, тұңғышы Ғарифолланың бес айлығында Қитеш атамыз шекара асып, Өзбекстанда, кейін Ресей елдерінде әскери борышын өтеуге кете барыпты.

Жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақтың астында махаббат пен сыйластықтың отын өшірмей, ешнәрсеге қарамастан бақытты отбасын қалыптастыра білген қариялардан ақыл-кеңесін де тыңдап, көңілге түйдік.

– Біздің жас кезімізде бүгінгідей асып-төгіліп жатқан дүние болмады. Үстімізге киетін киіміміз, ішетін тамағымыз болса соған шүкіршілік ететінбіз. Жұмысты да жасадық, баланы да дүниеге әкелдік, енеміздің де бабын таптық. Өмірдің әр сынағын қасқая тұрып қабылдап, сабырлықпен жеңе білдік. Негізі бәрі де әйел адамға байланысты, әсіресе біздер, яғни енелер парасатты болуымыз керек. Әулетке жаңа түскен келінге ақылшы, қолдаушы болғанымыз жөн.  Менің бағым бар екен. Енеммен шәй десіп көрмедік. Өте дана, байсалды жан еді. Келіндерін өзгеге өсектеп, қадірін түсірген енелерді көрдім, келіндерін сөзбен қорлап, ұлымен ұрыстырып, шу шығаратын енелерді де кезіктірдім. Бұл өте жағымсыз көрініс. Ал, келіндерге айтарым, үйлеріңіз  береке мен бірліктің, молшылық пен ынтымақтың, татулық пен сыйластықтың ұясы болсын. Әйел заты табиғатынан қай нәрсені де еселеуші, көбейтуші ғой. Күйеуіңіздің жора-жолдастарын сыйлаңыз, қабақ шытпай, барыңызды тосыңыз. Үйіңіз тар болса да көңіліңіз кең болсын,–деген әжеміз ақ батасын аямай жаудырды.

Киікбай атамыздың жан жары Әсия әжемізге деген құрмет-ізеттілігі өзгелерден тым бөлектігін оны талай жылдан танып-білетін жандардан аз естімедік. Атамыздан бұл туралы сұрадық та.

– Әйел – ер азаматқа берілген аманат. «Аманатқа қиянат қылма» дейді бабамыз. Әйелді сыйлағаның – кемдігіңді емес, азаматтығыңды білдірсе керек. Ұрпағыңды өрбіткен қосағымызға біздер, еркектер риза болуымыз қажет. Ауырып қалса ас-суын алдына әкеліп, аяғын жылы суға малып, әлпештегеннен ердің құны төмендемейді. 63 жыл өте шығыпты. Бір кездері бүр жарған қос шыбық мәуелі бәйтерекке айналды. Жаратқанға ризамыз. Қазіргінің жастарына сабырлық, төзім жетіспейтіндей көрінеді. Әсіресе, ерлеріміз қит етсе әйеліне әкіреңдеп, бала-шағаның көзінше мінез көрсетуге даяр. Мен Әсияға саусағымның ұшын да тигізіп көрмедім. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Ондай жағдайда мен сыртқа шығып кетемін, ашуымды ақылға жеңдіремін. Балаларымыз есейгенде ұрыссу дегенді ұмыттық қой. Бұл ұят нәрсе. Анам да әйелімді қатты жақсы көрді, өле-өлгенше «Әсә» деп еркелетіп кетті. Інімді үйлендіріп, қарындасымды ұзатып, үйімнің берекесін кіргізген Әсияма мен де шексіз ризамын. Қазір жолдасымның буындары ауырып жүр, әжетхананы тағы да басқасын іштен ыңғайлап, жағдайын жасап қойдым. Кемпірімнің аман-сау жүргені маңызды,–деген сөздерінен-ақ атамыздың  аманатқа қылдай қиянат қылмағанын, сыйластықтың зор үлгісін көрсетіп отырғанына ерекше сүйсіндік.

Осындай құт қонған шаңырақта алты ұл мен бір қыз өсіп-жетілді. Өнегелі отбасыдан өрелі ұрпақ даритыны сөзсіз. Әрқайсысы да оқыды-тоқыды, жауапты қызметтерді атқарды. Бүгінде атамыз бен әжеміздің 7 немере, 8 жиен, 2 шөбересі де желкілдеп өсіп келеді. «Келіндерім әулетіміздің ырысын тасытып отыр, ұлдарым, күйеу балаларым да жағдайымызды жасап, мерейімізді өсірді. Одан асқан бақыт жоқ,–деп   сөздерін түйіндеді екеуі де.

Өмірдің сан белестерінен сүрінбей өткен Киікбай атамыз бен Әсия әжеміздің әңгімелерінен  бақуатты тұрмыс пен базарлы да көркем тірліктің тұтқасы ерлі-зайыптылардың арасындағы адалдық пен сыйластыққа байланысты екенін ұқтық. Ғұмырлы болыңыздар, ата-әжей!

Арайлым МАРАТ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ