12.05.2021, 16:40
Қараулар: 117
СУВОРОВ МАДАҚТАҒАН ОРДАЛЫҚ

СУВОРОВ МАДАҚТАҒАН ОРДАЛЫҚ

 

  

Сексен жыл бұрын басталған сұм соғыстың тарихы да, қаһармандары да түгел зерттеліп болған жоқ. Қан майдан қайтпас рух, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қандас аға-апаларымыздың ерліктері елеусіз қалғаны рас. Соны анықтап, өскелең ұрпаққа насихаттау алдағы уақыттың еншісінде. Сондай елеусіз ерліктің иесі – жерлесіміз Абдолла Латыпов.

Сұрапыл соғыстан елге оралмаған ордалықтар туралы жазылған  «Боздақтар» кітабының VI томының  369-бетінде ағамыз туралы «Латыпов Абдолла Абсатарұлы. Атырау обл. Азғыр с. 1904 ж. туған. Қазақ. Капитан. 1944 жылғы желтоқсанда қайтыс болған. Польша. Краков воеводствосы Райчище с. жерленген» делінген.  Соғыс жылдары капитан әскери шені үлкен лауазым болғаны бесенеден белгілі.   Майданда қаза тапқан капитан Абдолла Латыповтың тағдыры қызығушылығымды оятты. Ізденісім өз нәтижесін берді де. Азғыр ауылынан түлеп ұшқан Абдолла Абсатарұлы жайында сыр шертетін архив құжаттары көзіме оттай басылды. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «ОБД-мемориал» [ Қор:33.  Тізбе:11458. Іс: 697.  Парақ: 224] сайтынан  Абдолла Латыпов  туралы кездескен ақпараттар легі былайша өрбиді. «Тегі: Латыпов. Есімі: Абдулла. Әкесінің есімі: Абсатрович. Туған жылы: 1904. Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Азғыр ауылы. Әскерге шақырылған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Орда аудандық әскери комиссариаты. Соңғы қызмет орны: 1 Украин майданы, 60 Армия, әскери бөлім 41723-13. Әскери шені: әділет капитаны. БКП (б) мүшесі. Лауазымы: 21 Армияның рев. трибуналының  төрағасы. 1944 жылы 30 желтоқсанда ПЭП 157 госпитальде қайтыс болған.  Жерленген жері: Польша, Краков воеводствосы. Раичице қаласының орталық алаңы. Мекенжайы мен туысы: Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Азғыр ауылы, әйелі Ершова Елизавета Александровна».

Сонымен қоса, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен және  «Подвиг народа» сайтынан [Қор:33. Тізбе:690155. Сақтау бірлігі:4152.  Жазба:34995556. Парақ:73]  Абдолла Латыповтың майдандағы марапаты жөнінде де құнды мәліметтерге қол жеткіздім. 1944 жылдың  27 шілдесінде әскери трибунал төрағасы, подполковник Суворовтың қолы қойылған Латыпов Абдулла Абсатарұлын ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне марапатқа ұсынған құжатты таптым.  Марапат қағазында Абдулла Абсатарұлының әскери шені әділет капитаны екені айтылып, лауазымын 229-атқыштар дивизиясы әскери трибуналының төрағасы деп көрсетіпті.  II дәрежелі «Отан соғысы» орденіне марапатқа ұсынылыпты.  Туған жылын 1905 жыл деп, ұлтын татар депті. Кейіпкеріміз 1928 жылдан ВКП (б) мүшесі болған. Соғысқа 1941 жылдың 13 желтоқсанында алынған.

    Әйгілі қолбасшы Суворов «Жолдас Латыпов 1941 жылдың желтоқсанынан әрекеттегі армияның трибуналдарында жұмыс істейді. Отанын сатқандар,  дезертирлер мен өзін-өзі жарақаттаушыларға және басқа әскери тәртіпті бұзушылармен күреседі. 1944 жылдың көктемінде дивизиялық бөлімшелерде қашу және өзіне-өзі зиян келтіру әрекеттері алғаш байқалған кезде   профилактикалық жұмыстарды тез және шебер жүргізеді.

Латыпов жолдас бөлім командирлеріне жазадан босату және соттылықты алып тастау үшін материалдарды дайындауда және бұл өтініштерді жедел қарауда, әсіресе әскери операциялар кезеңінде үлкен көмек көрсетті. Өзінің бүкіл жұмысында командалық құрамда тәртіпті нығайтуға және дивизия бөлімшелеріндегі кемшіліктерді жоюға, жеке құрамның жауынгерлік  рухын  көтеруге көмек  көрсетті. Шілде айындағы шабуыл кезінде жолдас Латыпов 5 неміс ефрейторын тұтқындады.     Сот және қоғамдық-бұқаралық жұмыстарда тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін, сондай-ақ жауынгерлік жағдайда командалық құрамға көмектескені үшін Латыпов үкіметтің II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттауға лайықты» деп мінездеме беріпті.

Балтық майданы 1944 жылғы 27 қыркүйектегі № 364/Н бұйрығымен әділет капитаны Латыпов Абдулла Абсатарұлы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Еңбегі ерекше еленіп, ерлігімен танылған жерлесіміз екі айдан кейін оққа ұшқан. Ұлы Отан соғысының  76 жылдығы қарсаңында осынау  тың деректерді газетке жолдай отырып,  жат жерде шейіт болған  ордалық оғланның ұрпақтары немесе туыстары табылып қалар деген үміттемін.

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану

                  музейінің бөлімі

М.Мәметова мемориалдық

музейінің  меңгерушісі