12.05.2021, 15:52
Қараулар: 51
ЕКПЕ – КЕСЕЛІМЕН КҮРЕСТЕГІ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛ

ЕКПЕ – КЕСЕЛІМЕН КҮРЕСТЕГІ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛ

Қазіргі таңда дені сау ересектер арасында вирустың таралуын тоқтату және вакцинацияланбаған адамдардың ауырып қалуына жол бермеу өте маңызды мәселе болып отыр. Осы ретте, билік басындағылар көпшілікті екпе алуға үндеуде. Өйткені ол COVID -19 атты кеселмен күрестегі жалғыз жол. 

АНТИДЕНЕЛЕР ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Ақ халаттылардың түсіндіруінше вакцинация дегеніміз бұл белгілі бір ауруды жұқтырмай, ағзада иммундық реакцияны тудырудың қауіпсіз және ұтымды әдісі екен. Десе де, антиденелердің қалыптасуына вакцинациядан кейін адамның өзін ұстауы, өзге де факторлар ерекше рөл атқарады.

Антиденелер вакцинаның екінші компонентін енгізгеннен кейін 35-45 күн ішінде қалыптаса бастайды. Осы аралықта вакцина алушы салауатты өмір салтын ұстанып, ағзасында имунитеттің қалыптасуына септігін тигізуі қажет. Профессор, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми физиопульмонология орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиеваның айтуынша, «Екпе алған соң  алкогольді қабылдау антиденелердің қалыптасуын азайтады. Екпенің денеге ықпалын төмендетеді. Сондай-ақ, иммундық тапшылығы бар науқастарға, иммундық басатын терапияны қабылдайтындарға COVID-19-ға қарсы вакцинация еш пайда бермеуі мүмкін. Антиденелер иммундық жүйені әлсірететін – шашыраңқы склероз, ревматоидты артрит, қызыл жегі, қатерлі ісік және басқа ауруларда қалыптаспауы ықтимал. Сонымен қатар  әр ағзаның генетикалық ерекшеліктері туралы ұмытпау керек. Статистика бойынша кез келген ауруға қарсы екпе жасаған адамдардың 10%-ында антиденелер өндірілмейді екен».

Негізі вакцина алғаннан кейін мейлінше ешқандай ауруға шалдықпаған жөн. Егер вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін адам COVID -19 жұқтырса, ол аса бір қорқынышты емес. Бұл кезеңде антиденелер әлі толық қалыптаспаса да, адам ауруды оңай өткереді. Егер вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін адам КВИ-мен ауырмаса, онда толық қалпына келгеннен кейін вакцинаның екінші компонентін бір апта бұрын, яғни екі аптадан кейін алуына болады екен. Бүгінгі таңға дейін енгізіліп келген Гам-Ковид-Вак (Спутник V) вакцинасы да енді әкелінетін Qaz-Vac қазақстандық вакцинасы жансыз екпелер, сондықтан ауруды қоздыра алмайды дейді мамандар.

ЕКПЕГЕ ЖҰМСАЛҒАН БІР САҒАТ

–Вакцина екі кезеңде жүзеге асады. Әр флакон 5 дозаны қамтиды. Алайда ниеттілер келмей, ашылған құты жарамсыз болып көрген емес. Өткен аптамен салыстырғанда бүгін вакцинаның І компонентін тағы 100 адам алып үлгерді. Қазір бірінші компонентті алған бөкейліктер саны 710 болды. Екпенің ІІ компоненті жоспарлы негізде жүзеге асуда,-дейді аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Әсел Бектұрсынова.

Көпшілікті «Екпе алғандардың жағдайы қалай?» деген сауал мазалайтыны жасырын емес. Біз де дәл осы сауалды қойдық.

–Вакцина алғандардың арасында өзін жайсыз сезініп, ауырсынулары байқалмады. Негізігі симптомдары алғашқы 30 минут уақытта білене бастайды. Ал, бұл кезеңде олар медициналық ұжымның бақылауында болады. Әрине, кейбіреулерде аз ғана дене температурасы көтерілуі, әлсіздік сияқты екпеден кейінгі синдром белгілері байқалуы мүмкін. Алайда, ол қалыпты жағдай, -дейді маман.

Екпе алу әр азаматтың бір сағат уақытын алады екен. Алғашқы 10 минуты екпе алудың алдында дәрігердің қарап-тексеруіне жұмсалса, тағы да 15 минут препаратты дайындауға кетеді екен. Өйткені вакцина салқындатылған күйде сақталады. Ал оны енгізу үшін алдымен  еріту қажет. 30 минут екпе салғаннан кейінгі бақылауға белгіленген. Осылайша бір сағатқа жетер-жетпес уақытта денең өз күшімен COVID -19 кеселімен ақырындап күресе бастайды.

ЭПИДАХУАЛ ТҰРАҚТЫ, ДЕСЕ ДЕ…

–COVID -19-бен күрес толастамағанына бір жылдың үстіне шықты. Әр өнірдегі эпидемиологиялық ахуалын барлай келе, тиісті шектеулер енгізілуде. Соңғы қаулымен облысымыздың орталығы мен бірнеше аудандарына қайыра блокбекеттер қойылмақ.  Осының өзі жағдай күрделеніп жатқанының айғағы. Сондықтан сақтықты бірінші орынға қою керек. Қазіргі таңда ауданымыз жасыл аймақта орналасуда. Бүгінде бұл аурумен екі ересек адам күресуде. Олармен қарым-қатынаста болған төрт жан бақылауға алынды. Эпидахуал тұрақты екен деп қырағылықтан айырылмаған абзал. Себебі бұл аурудың әп-сәтте өрши түсу қаупі сейілген жоқ. Сондықтан көпшілік шоғырланған жерлерден бас тартып, карантиндік режимді ұстануға шақырамын. Жаңа қаулы біздің ауданішілік шектеулерімізге өзгеріс енгізбеді. Барлығы да сол күйі қалды десем болады. Тек қалаға бару енді құжаттама негізінде жүзеге асырылады. Осы ретте COVID -19 дертімен күрестің бір жолы сақтану болса, екінші бағыты ол екпе алу дер едім. Мен екпені ең біріншілердің қатарында алдым. Қазір екінші компонентті де алып болдым. Ұжымдағы бірқатар әріптестерімде соңғы компонентін жақында салдырмақ. Тек осы ауруға шалдыққандар, емізулі баласы бар аналар екпе салдыруды кейінге қалдырып отыр. Өз саулығымыз, жақынның амандығы үшін барша аудан тұрғындарын екпе алуға шақырамыз,-деді аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы  Света Рамазанова.