12.05.2021, 14:42
Қараулар: 93
ДОСТЫ ЖОҚТАУ

ДОСТЫ ЖОҚТАУ

Керемет ақын, жазушы Константин Симоновтың «Богатство лишь в одном в друзьях» деген сөзі бар. Біле білгенге жақсы дос жарты байлық. Жасым сексеннен асқанда сол достарым бірінен соң бірі соңғы сапарға аттанып кетіп жатыр. Соңғы кезде достарымды жиі-жиі жоқтай бастадым. Жақында мектепте бірге оқыған достарым Серік пен Оразғали көп ауырмай, бірінен соң бірі кетті. Аңқылдаған ақкөңіл, адал дос Құбаштан айырылып қалдық. Сырлас дос Әскерғали да бір айдың ішінде көзден ғайып болды. Оның артын ала мені үгіттеп Алматыдан Оралға қайтарып, кейін Ақтөбеге алып кеткен, содан соң менің артымнан Оралға қайтып келген, ойшылдылығы кәсіби философтардан асып түсетін қимас дос Исатай да бақилық болды.

Бала кезден бірге өскен досым Ерболат Зинешов те ауырмай-сырқамай, о дүниеге аттанып кете барды. «Тілегінен қанат ап, алаң көңіл әлденген, Дос жүрегі шарапат, қиын сәтте қол берген» деп ақын Жүсіп Қыдыров айтпақшы Ерболат мен үшін қиналғанда қолдайтын, қандай жағдайда да қасыңнан табылатын айнымас дос болды.

Мен бүгін сол қайран досты қара сөзбен жоқтап отырмын. «Өмір бар жерде өлім бар» деген заңдылық мұндай жерде көңілге демеу бола ала ма? «Алла тағалаға да жақсы адамдар керек» деп жатады біреулер. Шынында да достарым жақсы адамдар болатын. Шынында бұл ажал адамдардың ішінен айналасына ісімен де, мінезімен де жаққан жақсы адамды ғана таңдайтын сияқты болып көрінеді.

Балалық шақта біздер көбіне асық ойнағанды жақсы көрдік. Неге екені белгісіз, Ерболат осы ойынды жаратпады.«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деп бізді келемеж қылатын. Ол жастайынан тым байсалды болды. Өмірдің ауыртпалығын ерте сезінді. Әкесі соғыстан оралмады. Мүгілсін апасы екеуін екі анасы алақанға салып, ешкімнен кем қылмай, тәрбиелеп өсірді. Тоқтарбек Қызықбаев деген жақсы ақынның «Біз қырқыншы жылдарданбыз» деген өлеңі бар:

Біз қырқыншы жылдарданбыз,

Тар кезде туғандармыз.

Кештетіп бүр жарғанбыз,

Көп тойдан құр қалғанбыз.

Шыңырауда  шыңдалғанбыз,

Жығылып тұрғандармыз,

Мұңлы ән-жырларданбыз, – деп жалғаса береді,

Иә, Ерболат та алмағайыпта туып, кеш бүр жарған 40-жылдардың тас түлегі еді.

2021 жылдың көктемінде Ерболат 80 жасқа толатын еді. Ерболат туралы қатарының алды болып жақсы өмір сүрді деп айтуға болады. Аналарының алдындағы, Жаңылсын мен балаларының алдындағы, елінің, халқының алдындағы борышын адал атқарды. Еңбек жолын трокторист, шофер болып бастай жүріп комсомол, партия ұйымдарында басшылық лауазымына дейін көтерілді. Кейін Мұратсай кеңшарының директоры, Бөкей Ордасы ауылшаруашылық басқармасының бастығы болды. Қай жерде де, қандай қызмет істесе де беделді, абыройлы болды. Қандай қиын жағдайда да абыржып, не қарамағындағы адамдарға қиянат жасап көрген жоқ.

Ерболат адамдармен тіл табыса білді.Сыйластықты, түсіністікті бағалай алды. Қайда жүрсе де, қандай қызмет істесе де айналасына жұғымды болды. Ол ешкімге жағынып, жалбарынып көрген жоқ. Өз ісін жетік біліп, қызметін адал атқарды, өзіне де, басқаларға да орынды талап қоя білді. «Анау айтты, мынау айтты» деп далақтап босқа шаба берген жоқ. Бәрін де ой елегінен өткізіп, тиімді жолын табуға тырысты.

Ерболот пен Жаңылсынның басында қайғылы сәттер жиі кездесті. Балалар бірінен соң бірі шетінеді. Осындай қызылтаяң шақта Ерболат Жаңылсынның жайын көбірек ойлады. Өзінің қиналғанын жұбайына сездірмеуге тырысты. Екеуі біріне  бірі сүйеніш, тірек болды. Бұлардың отбасы келіскен, жарасқан отбасы болды. Бақыт деген осындай сыйластық, түсіністік бар жерге тұрақтайды емес пе?!

Ерболат ортаның, отырыстың сәні болды. Қонақ күткенді, қонақта болғанды жақсы көрді. Жаңылсын екеуі әзілмен, әнімен қонақтардың көңілін көтеруші еді.

Ерболат жадысының мықтылығымен де ерекшеленетін. Ол отырған жерінде туған жері Ақбөрлінің, Орданың, Жәнібектің, Жаңақаланың тарихы, елеулі адамдары, әр кездегі жетістіктері, қандай ма бір істе биіктікті бағындырған жерлестері туралы әңгімелеп отыратын. Ортамыздың шежірешісі еді. Ол Жаңақала, Бөкей Ордасы аудандарының құрметті азаматы болды.

Бәрін айт та бірін айт. Біздің Ерболатымыз көзден кетсе де, көңілдің төрінде тұратын азамат. Бүгінде әр қайсысы бір-бір ошақтың иесі болған Жасұлан, Ержан, Мұрат мен Жанат атты ұл-қыздан тараған ұрпағымен мың жасары анық.

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,

профессор,

Орал қаласы