9.04.2021, 11:16
Қараулар: 69
ӘН БӘЙГЕСІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

ӘН БӘЙГЕСІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Жерлес әуесқой композитор, мәдениет саласының ардагері, ауданның гимніне айналған «Орда-туған мекенім»  әнінің авторы Хабиболла Әлесовтың 70 жылдығына арналған вокалды аспаптар ансамбльдері арасындағы облыстық онлайн байқаудың жеңімпаздары анықталды.

Жанды дауыста ән айтуды жаңғырту, шығармашылық ұжымдар арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтуды көздеген шараға Ақжайық, Теректі, Казталов, Бөрлі,  Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарының вокалды аспаптар ансамбльдері қатысты. Бұл айтулы ән сайысына өңірімізге белгілі әнші, республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы Марат Сарбөпеев, облыстық халық шығармашылығы орталығының «халық  шығармашылығы» бөлімінің бас маманы, Бөкей ордасы ауданының мәдениет саласы бойынша кураторы Батырхан Қайыров, аудандық демалыс орталығының көркемдік жетекшісі, сазгер Ермек Жәрдемовтер қазылық етіп, қатысушылардың өнерлерін бағалады. Көптің көңілінен шыққан бөрлілік «Fortune» вокалды аспаптар ансамблі бас жүлдені талассыз иеленді. Жүлделі І орынға бәйтеректік «Скифы» халықтық ансамблі лайық деп танылса, ІІ орынды теректілік «Теректі» халықтық вокалды аспаптар ансамблі жеңіп алды. Үздік үштікті  Казталовтың «Кешкі әуен» ансамблі мен Шыңғырлаудың «Арай»  ансамблі түйіндеп,  ақжайықтық «Толқын» халықтық вокалды аспаптық ансамблі дипломант атанды.

Айта кетелік, байқаудың негізгі шартына  сәйкес қатысушылар Әлесовтің шығармашылығынан бір ән, Қазақстан композиторларының бір шығармасын орындады. Қазылар алқасы әр өнерпаздың орындау шеберлігін,  сахналық образдары мен  әннің өңделуіне аса мән бергенін де тілге тиек етелік.

Аталмыш саз додасына Хабиболла Әлесовтің  ұлы Артур Әлесов, немере інісі Ғарифолла Әлесов те қатысып, көзайым болды.

Артур Әлесов, ұлы:

  • Бүгінгі шараның мен үшін маңызы өте зор. Әкеміздің ауданның мәдени әлеуетінің дамуына қосқан үлесі айтарлықтай деп білемін. Бала кезден үш ұлын да өнерге баулыды, мен Бисендегі мәдениет үйінде жұмыс жасасам, ағам Оралда музыка пәнінен сабақ береді. Кіші ініміз де музыка саласында еңбек етеді. Кезінде отбасылық ансамбльдер байқауына талай қатысып, жүлделі орындардан көрінгенбіз, – деп естелігімен бөлісті.

Кеш соңында  аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев  ақынның ұлы мен немере інісіне алғысын жеткізіп, естелік сыйлықтарын табыс етті. Сондай-ақ, алдағы уақытта ән сайысын дәстүрлі түрде жалғастырылса деп тілек білдірді. Аталмыш байқаудың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі де онлайн сипатта жүзеге асты.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ