29.07.2021, 12:03
Қараулар: 146
АҒА БУЫНМЕН КЕЗДЕСТІ

АҒА БУЫНМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін аудан әкімі Нұрлыбек Даумов ауданның  дамуына сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар бойына түрлі салада жемісті еңбек қылған  аға буын өкілдерімен жүздесті.

Кездесу барысында аудан басшысы аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылығын білдіріп, үлкенді сыйлау, ардагерлерге құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың міндеті һәм парызы екенін атап өтті.

  • Ауданның тыныс-тіршілігінен жіті хабардар, өмірден түйгені мол өздеріңіздей ел ағалары мен ақжаулықты аналарымыздың пікірін тыңдау, ой бөлісу, қандай ма  нұсқауларыңыз бен тәжірибелеріңізге құлақ асу мен үшін өте маңызды.  Өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік  салаларында оң өзгерістер жетерлік. Аудан тұрғындарының газ,сумен қамтылу деңгейі де жылдан жылға артып келеді.  Әлбетте  өзекті мәселелерді де жоқ деуге келмейді. Көптің көңілін алаңдатқан жол құрылысы, интернет, білім, спорт т.б салалардағы түйткілдерді оңтайлы шешу  күн тәртібінен түспек емес, – деген Нұрлыбек Жасқайратұлы ауданның  жай-күйімен танысып жатқанын,  алдағы уақытта бірлесе атқаратын міндеттердің көп екенін жеткізді. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстарда әрбір саланың еңбек ардагерлерімен жеке кездесуге ниетті екенін де білдірді.

Өз кезегінде  қазыналы қариялар аудан тізгінін қолға  алған жаңа басшының жұмысына сәттілік тілей отырып,  бірқатар күрделі мәселелерді ортаға салды. Еңбек ардагері Жаңбырбай Қамалов жергілікті медицина саласындағы кем-кетіктерді, әсіресе кадр тапшылығы анық сезілетінін тілге  тиек етсе,  ауданның құрметті жолшысы Иран Дәуленов  жол құрылысының сапасына көңілі толмайтынын жеткізді. Қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген  Арыстанбеков жас мамандарды қолдаудың маңыздылығын, көтерме жәрдемақыны ұлғайту, табиғи өнімдердің қолжетімсіздігі,  ұрпақ саулығы мен тәрбиесіне көңіл бөлу керек десе, дөңгелек үстелге жиналған өзге де қариялар мал бағымын ұйымдастыру,  құрылыс нысандардың сапасына бақылау қажеттігін т.б жәйттермен бөлісіп, ой-пікірлерін айтты.

Жиын соңында  аудан әкімі Нұрлыбек Даумов барлық айтылған ұсыныс ескерусіз қалмайтынын, билік пен қоғам бірлесе жұмыс жүргізсе  айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ