9.07.2021, 12:49
Қараулар: 21
ТОҒЫЗ ТЕҢІЗШІНІҢ СҮЙЕГІ ТАБЫЛДЫ

ТОҒЫЗ ТЕҢІЗШІНІҢ СҮЙЕГІ ТАБЫЛДЫ

Ұлы Отан соғысының оты шарпыған Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылдық округі аумағында іздестіру тобы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде тағы да тоғыз теңізшінің сүйегі табылды. Әскерилердің сүйегі 365 разъездте темір жолдың шығыс бетіндегі шұңқырдан қазылып алынды.

  • Қазба жұмыстары мұрағаттық құжаттар негізінде жүргізіледі. Одан басқа өзіміз де темір жол бойымен жүріп, барлап шықтық. Айналасы үлкенді-кішілі шұңғырларға толы. Демек, мұнда боздақтардың мәйіті жатуы ықтимал. Өйткені соғыс кезінде, төбеден бомба жаудырып жатқанда, мәйіттерді жерлеуге мүмкіндік болмады. Жағдайға байланысты бомба түскен шұңқырларға мүрделерді лақтырып, топырақпен жаба салды. Сонымен қатар осы разъездтің тұрғыны Ерболат Құрымбаев та  алыс-жақын шұңқырларды нұсқап, бағыт беріп, бізге көмектесуде. Біздің қолымыздағы дерекке сүйенсек, осы маңда 48 теңізші бомбалауға ұшыраған. Бүгінгі сүйектерді санағанда қазіргі таңда оның 27-сінің мүрдесі табылды. Сонымен қатар оларды жерлемек болған тағы сегіз теміржолшы бомба астында қаза тапты деген дерек бар. Жалпы, бұл маңда талай боздақтың сүйегі жатыр. Осы тоғыз теңізшінің тістерінің бірінде де шірік жоқ. Демек, бұл олардың барлығы да өрімдей жас болғандығын білдіреді. Тек бір ғана теңізшіде астыңғы-үстіңгі тістері алмалы-салмалы екен. Міне, осы боздақтардың ерлігін, бізге сыйлаған бейбіт өмірдің қадірін бүгінгілер ұғынса деймін. Сондықтан келген сайын іздестіру тобымызды жаңартып жүреміз. Қатарымызды еріктілерді тартамыз, – дейді М.Мәметова атындағы іздестіру тобының жетекшісі Сергей Лапшин.

Айта кету керек, соңғы төрт жылда Сергей Лапшин бастаған топтың қазба жұмыстары нәтижесінде біздің ауданда 41 боздақтың сүйегі табылған.

Іздестіру жұмыстары тамыз айында жалғасын табады.

Раушан БАҚЫТОВА