29.07.2021, 12:16
Қараулар: 141
ОҢАЙ ОЛЖА НЕМЕСЕ ЛОТЕРЕЯ ТАРИХЫ

ОҢАЙ ОЛЖА НЕМЕСЕ ЛОТЕРЕЯ ТАРИХЫ

 

Аспаннан ақшаның сап етіп қолыңа түскенін кім қаламайды. Әрине, бәрі демей-ақ қояйын дегенмен көпшілігі күндердің күнінде ертегідегідей бір қомақты ақшаның қолына түскенін армандады. Оған қол жеткізу үшін қомақты қаржы, қымбат көлік, пәтерді ұтысқа қоятын лотереядан өз бағын сынады. Ендеше сол оңай олжа ұсынатын лотерея ойыны қандай болады, ол  қашан, қайда пайда болды соны анықтап көрелік.

Түрлері қандай?

Негізінен лотереяның алуан түрі болғанымен елімізде оның жедел, тиражды және онлайн атты үш түрі кеңінен танымал.

Жедел лотереялар қалалардағы газет-журнал сататын дүңгіршектерде, дүкендерде сатылады. Біздің ауданда ондай лотереяны «Қазпошта» АҚ филиалынан кездестіресіз. Жедел лотереяға қатысу үшін арнайы билет сатып алып, сондағы суретті өшіреді. Оның астындағы қандай ұтыс жасырылғанын  сіз бірден біле аласыз. Ескере кететін жайт, ұтыс көлемі неғұрлым аз болса, оған қол жеткізу соғұрлым тез болады. Яғни, сіз ұтысты бірден ала аласыз. Ал қомақты сома иеленген жеңімпазға ұйымдастырушылардың кеңсесіне баруына тура келеді.

Тираждық лотереялар белгілі бір уақытта ғана ойнатылады. Бұдан бөлек, аталмыш лотереяның билетін сатып алғандар ұтысты өздері бақылап отыруы керек. Тиражды лотереялар екі түрлі жолмен ойнатылуы мүмкін: біріншісінде, ойыншылар сандарды өздері таңдаса, екіншісінде, автотаңдау арқылы арнайы бағдарлама кездейсоқ сандарды ұсынады. Осы сандар арқылы ұтыс ойнатылады.

Онлайн лотереялар ерекше дер едім. Өйткені ол үшін сыртқа шығып, билет сатып алудың қажеті жоқ. Себебі бұл ойын интернет арқылы өткізіледі. Әрі ойын арнайы жүйеде жүзеге асырылады.

Әдетте лотерея билеттері қымбат тұрмайды, десек те оны көп адам сатып алатындықтан ұтыс көлемі бірнеше миллионға жетуі мүмкін. Лотерея билеттері сатылымынан түскен қаражаттың кем дегенде 50%-ы жүлде қорына аударылады.

Кей елдер қазынаны лотерея ойыны арқылы толтырғанын білесіз бе?

Бүгінде  лотерея ойындары көбіне қуанышты күн немесе тарихи оқиғаға байланысты өткізіледі. Еуропа тарихында тұңғыш рет бұл ойын билеттерді сату арқылы 1466 жылы 24 ақпанда өткізілді. Нидерланд суретшісі Ян ван Эйктің қайтыс болғанына 25 жыл толғанда, оның жесірі лотерея ойынын өткізді. Күйеуінің өліміне көндікпеген әйел Бельгияның Брюгге қаласында тұратын кедейлерге қайырымдылық лотереясын ұйымдастырды. Оның ақшасы толығымен қайырымдылық мақсатына жұмсалды. Содан бері 24 ақпан бүкіл әлемде лотерея пайда болған күн ретінде атап өтіледі.

Ал, әлемдегі ең алғашқы лотерея б.з.б. 100 жылы Ұлы Қытай қорғанын тұрғызу үшін өткізілген деседі. Рим императоры Юлий Цезарь да өз дәуірінде лотерея өткізіп тұрған. Ондағы мақсаты – көпір мен жолдардың жөндеу жұмыстарына ақша тарту. Бұған қоса, Ежелгі Римде кедейлерге арналған лотерея болыпты.

Ең алғаш рет «лотерея» сөзі 1515 жылы Генуэз Республикасында қолданылған. Десек те бұл сөздің мағынасы ұтыс ойнату емес, мемлекеттік кеңес мүшелерін іріктеп алу дегенді білдірсе керек.

Францияда мемлекеттік лотереялар 1520 жылдан, Флоренцияда 1530 жылдан, ал Англияда 1559 жылдан бастап өткізілген. Ел қазынасы сарқылып, билікке тиісті қаражат таусылған кезде мемлекет басқарушылар лотерея ұйымдастыруды жөн көрген. Ең алғашқы «сандық» лотерея 1726 жылы Нидерландта ойнатылған.

Қазақстандағы лотерея тарихы Ресей империясымен байланыстырылады. Кейбір мәліметтерде, Ресей патшасы Петр I ең алғашқы мемлекеттік лотерея өткізу туралы шешімді 1698 жылы шығарған. Кейіннен кеңестік революциядан кейін лотерея ойнату біршама уақытқа тоқтатылып, Ұлы Отан соғысынана кейін қайта жанданды. 1970 жылы Кеңес үкіметі сол кездегі спорт комитетіне «Спортлото» ойнатуға рұқсат береді. Осы тұста алғаш рет Олимпиада ұйымдастыруда бюджеттен бөлек сырттан қаражат тарту туралы шешім шығарылған болатын. Мәселенің шешімі ретінде екі ұсыныс қарастырылды: біріншісі, олимдиадалық кәдесыйлар мен басқа да тауарларды сату болса, екіншісі «Спортлото» және «Спринт» сынды лотереялар ұйымдастыру. Лотереядан түскен қаражат 1980 жылғы Олимпиада бюджетінің жартысына жуығын құрап, оның 30%-ы кеңес спортшыларын жаттықтыруға аударылған. Сонымен қатар, Кеңес одағы аумағында түрлі спорттық ғимараттар мен басқа да инфрақұрылымдардың салынуы осы лотерея билеттерінің сатылымына байланысты болды. Атап айтсақ, Мәскеудегі «Шағала» бассейні, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы С.Киров және В. Ленин атындағы стадиондар, Алматы, Минск, Киев, Рига, Одесса мен Кишенев сынды қалалардағы спорт сарайлары мен басқа да спорттық жаттығуларға арналған ғимараттар мен алаңқайлар сол уақытта салынғаны белгілі.

Тағы бір мысал, КСРО-да мәдениет министрлігі мен суретшілер одағының ұйымдастырылуымен суретшілерді қолдау мақсатында түрлі лотереялар ұйымдастырылған. Лотерея билеттерінен түскен қаржы тікелей суретшілердің қажеттіліктеріне бөлінген. Ал ұтыс ретінде атақты суретшілердің туындылары ойнатылған.

КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанда лотерея өткізуге жергілікті атқарушы органдар жауапты болған. Қазіргі таңда лотерея ұйымдастыру тікелей мәдениет және спорт министрлігінің бақылауында. 2017 жылдың 10 ақпанынан бастап «Сәтті жұлдыз» ұйымы Қазақстандағы лотереяның бірегей операторы болып танылды. Бұған дейін лотерея бизнесімен республикада 70-тен астам мекеме айналысқан. Қазірде айтылған ұйымнан басқа мекемелерге лотерея ұйымдастыруға тыйым салынған.

 

Ойын әділ ме?

Лотерея ойынының қатысушыларын «ойын әділ ме және бас жүлде шынымен жеңімпазға беріле ме?» деген сұрақ мазалайтыны рас.

Лотерея ойыны әрқашан әділ бола бермейтіні жасырын емес. Тарихта лотерея ұйымдастырып, алаяқтық жасаған патша да жауапқа тартылған кез болған. Алғашқы дерек Францияда Людовик XIII кезінде анықталды. Бұл «Үш ноян» романында айтылған Франция королінің өзі болатын. Шындығында, Людовик ХІІІ лотерея ойынын өткізіп, бас жүлдені өзі алып, қалған қомақты қаржыны туыстарына бөліп берген. Осы оқиғаның салдарынан елде бүлік басталды. Нәтижесінде ойын нәтижелері жойылды.

Лотореяда жеңіске жетудің мүмкіндігі қандай?

Лотореяда жеңімпаз атану мүмкіндігін, тіпті, ұйымдастырушылардың өздері болжап біле алмайды. Одан бөлек, лотерея нәтижесіне ешбір азаматтың тікелей ықпал ету мүмкіндігі мүлдем жоқ.

Аудандық пошта байланысы торабы операторы Қатима Насимоллина;

– Бізде ойнатылатын лотереялар бұл ойынның жедел түріне жатады. Бізден оның алуан түрін таба аласыз. Ұтыстарының көлемін де түрлі. Мәселен, 15000-ға дейінгі ұтыстар қолма-қол сол жерде беріледі. Ал, одан үлкен қаражат алдымен телефон арқылы тиісті мамандармен тілдесіп алып, көрсетілген мекенжайға облыс орталығына баруға тура келеді. Ауданымыздағы ең қомақты ұтыс деп былтыр Т.Масин ауылдық поштада ойнатылған 5 миллион теңгені айтар едім. Аудан көлемінде одан басқа да тұрғындар азды-көпті қаржылай ұтыстарға ие боп жатыр. Алайда, олардың есімдерін, жалпы басқа да жекелей мәлімет бере алмаймыз. Ұтқандармен қатар, ұтылып жатқандарды да көреміз. Ескерте кетейін, ұтысқа ие болғандар 1% көлемінде табыс салығын төлеуі керек.

–Жедел лотереяны жиі ойнаймын деп айта алмаймын. Тек бірде поштадан  қайтарым ақшаға билет алып, 30 мың теңге ұтысқа ие болғаным бар. Шыны керек, оның бір табыс табу үшін емес, жай ғана оператордың «Лотерея билетін сатып алсаңыз болады» деген ұсынысын қабыл алдым. Жай ғана жолын болғаны болар. Алайда содан соң, билет алуға ниетім болмады,-дейді есімін атамауды өтінген ауданымыздың тұрғыны.

–Бірнеше уақыт «Казлото» атты тиражды лотерея ойынын ойнадым. Арасында ынталандыру ұтыстарына, қосымша тегін билетке, кейде азын-шоғын ақшалай ұтыстарға қол жеткізіп жүрдім. Енді қомақты ұтысқа қол жеткіздім деп мақтана алмаймын. Ол демалыс күні уақытты қызықты өткізу үшін қажет болған сияқты. Қазір ойнамаймын,-дейді Хан ордасы ауылының тұрғыны Серік Бекесов.

Лотерея ойынын қаражат табу және инвестициялау амалы ретінде емес, оны ойын-сауық ретінде қарастыру керек. Өйткені, лотереяға қатысу қаржылық қиындықтарды шешудің амалы бола алмайды. Оны 18 жастан бастап ойнауға рұқсат етілген.

Дайындаған Раушан АППАҚОВА