25.06.2020, 10:14
Қараулар: 694
 » 
КОДЕКСТЕ ӨЗГЕРІС БАР КЕЛЕЛІ

КОДЕКСТЕ ӨЗГЕРІС БАР КЕЛЕЛІ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы маусымның 10-ында «ҚР Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Күнтізбелік он күн өткен соң аталмыш заң қолданысқа енгізіледі.

Бұл заң  соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру,  сот ісін жүргізуді цифрландыруды көздейді.

Заңдағы өзгерістердің негізгілерін таратып айта кетсек, біріншіден судьялардың сот процесіндегі құзыреті кеңейтілген. Бұрын кодекс талабы бойынша  судья ешбір жағдайда талап-арыз шеңберінен шықпауы тиіс еді. Тараптар нені талап етсе, тек сол мәселені қарап, тек сол мәселе бойынша ғана шешім қабылдауы керек, өзге дәлелдерді сұратуға судьяның құқығы жоқ болды. Енді судья тараптар үсынған дәйектерді жеткіліксіз санаса, басқа да құжаттар мен дәлелдерді талап ете алады. Яғни, азаматтық процесте судьяның процестік белсенділігінің артады.

Екіншіден, азаматтық сот ісін жүргізуде татуластыру рәсімдерін қолдану кеңейтіледі. АПК-нің 148-бабының талабына сай арызда тараптардың татуласуға бағытталған әрекеттерді жасағанын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс және тараптарды татуластыру үшін талап арызды қабылдау мерзімі 10 жұмыс күніне дейін созылады. Егер дауды шешу туралы келісімге қол жеткізілсе, судья талап арызды қабылдайды және келісімді бекітуді қарастырады. Ал, тараптар келісімге келмесе, онда судьяны ауыстыру туралы мәселе қарастыралады. Сот шешімін шығару үшін шешімнің дәлелдемелерін жинау, зерттеу және бағалауды, дайындық және сот талқылауы кезінде жаңа судья жүзеге асырады.

Үшіншіден, қолданыстағы заң бойынша сот актісін шығару үшін сот кеңесу бөлмесіне кететін болса, жаңа заң бойынша сот жарыссөзден кейін, егер істе прокурор қатысса, прокурор қорытындысынан кейін судья сот отырысы залындағы адамдарға сот актісінің жария етілетін уақыты туралы хабарлап, акт шығару үшін оқшауланады. Судья  шешіммен таныстырған соң құқықтық негізі мен салдары туралы түсінік беріп, шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін қарапайым, түсінікті түрде түсіндіруі тиіс.

Төртіншіден, Процеске қатысушылардың электрондық гаджеттерді және басқа техникалық құралдарды пайдалануына құқығы бар. Азаматтық процестегі сот талқылауының аудио-бейнежазбасына электронды хаттама мәртебесі берілді. Ескеретін жайт, судья, қатысса прокурордың сөзін таспаға жазып, түсіре алады, бірақ, екінші тараптың рұқсатын алуы керек.

Түйіндей айтсақ,  кодекске енгізілген бұл өзгерістер мен толықтырулар сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға және артық сот рәсімдерін қысқартуға септігін тигізіп, заманауи электронды сервистерді енгізуге, азаматтардың еліміздегі сот жүйесіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді және сот төрелігінің жеделдігін, тиімділігін қамтамасыз етеді.

Гүлжиһан САҒИТОВА,

аудандық сот төрағасы