21.05.2021, 9:47
Қараулар: 49
МАУСЫМАШАР ЖӘРМЕҢКЕ

МАУСЫМАШАР ЖӘРМЕҢКЕ

Аудан орталығында жәрмеңке өтті. Мұратсай, Ұялы, Бисен, Хан ордасынан келген және сайқындық  саудагерлер ет, сүт өнімдерін, жұмыртқа, балық түрлерін, көкөніс өскіндерін саудаға шығарды. Сиыр, жылқы етінің келісі  1700 теңгеден, қой еті 1600 теңгеден, тартылған ет келісі 2000 теңгеден, қазының келісі 1700 теңге, қарта 800-1000 теңгеден, қаймақ ірімшігімен 3000 теңге, қайнатқан құрт келісі 1000 теңге, қымыз литрі 1500 теңгеден, айран мен сүт 500 теңгеден, көкөніс өскіндерінің бір түбі 100 теңгеден, карась келісі 500, сазан 1000 теңгеден, үй тауығының жұмыртқасы 55 теңгеден  ұсынылды.

Ұялылық «Ақболатов» ШҚ ұсынған жылқы еті мен қазысы пышақ үстінен өтіп кетті десе болады. Әкелген тауары әп-сәтте өткен саудагер қатарында Мөлдір Хасенова мен Гүлжаухар Байсейітова бар. Мөлдір  ұсынған қаймақ, ірімшік, Гүлжаухар ұсынған жұмыртқа да аларманын көп күткен жоқ.

Балық түрлерін әкелген жалпақталдық  жігіттердің де саудасы жақсы жүрді. Жәрмеңкеде тауық, балапан мен қой да болды.

Оралдан арнайы келген «Кенжалиев» ЖК тауықты 2 600 теңгеден, тауықтың балапанын 600 теңге, үйрек балапанын 700 теңгеден ұсынды.  Сайқындық Тайыр Бөкенов жәрмеңкеге қос бірдей қойын жетелеп келіпті. Ол Шопан ата түлегін 30 000 теңгеден саттыққа қойды.

Ұлпан ЖАКИНА

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ