Қытайдың Үрімшісінде туып-өскен Әбдібек Қалибек Жапониядағы Juntendo университетінің теңдесі жоқ қондырғылармен жабдықталған орталық ауруханасында қызмет етеді. Ол қазақтың ұлттық тағамы құрттың суынан дәрі әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта Жапонияда жиған-терген тәжірибесін Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін ілгерілетуге қолданғысы келеді.
– Он жыл бойы клиникалық тесттер жасап, өзім ойлап тапқан үш түрлі биоқоспам бар. Лицензия алсам, алдымен Жапонияға сатылымға қоямыз, сосын «Қазақстанға арналған» деп жазып, елге жібереміз. Мен ойлап тапқан биоқоспаның бірі адамның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алып, ішек құрылысының жұмысын реттейді. Сосын өзіміздің ұлттық тағамымыз құрттың сары суынан бір биоқоспа жасап жатырмын. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді, сосын оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп. Олар әдетте бұлшықетін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суының да сондай қасиеті бар. Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам бар. Бұл дәріні әзірлеп жатқанымызға бес жыл болды. Жапонияда бір дәрі жасап шығару үшін кем дегенде төрт-бес жыл уақыт кетеді.
Ата-бабаларымыз жаугершілік заманда жамбасы я белі сынған жауынгерлерді емдеу үшін дәрілерді қалай жасап шығарғанын оқысаңыз, таңғаласыз. Қазақтың әдет-ғұрыптарын да зерттесеңіз, медицинаға қатысы бар көптеген ілік табасыз. Тарихты ақтара берсек, дертке дауа, ауруға ем болатын көп нәрсені табуға болады. Мысалы, жылқының майының зор пайдасы бар. Біздің қыз-келіншектер Оңтүстік Кореяда әзірленетін косметикаға тапсырыс беріп, сатып алып жатады. Солар жылқы майының корейлердің косметикасынан да асып түсетінін білсе ғой, шіркін. Жылқының майын бетіңізге жақсаңыз, аллергия болмайды, әжім түспейді, қара дақ қалмайды. Түйе жүнінің де пайдасы зор, ол инфекцияны таратпайды, ісікті қайтарады. Бұрынырақта аталарымыз түйе жүнін жылы суға салып, оған тұз қосып, жібіткен. Сосын оны науқастың сынған сүйегінің үстіне басып, гипс секілді қолданған. Сондай-ақ, аталарымыз тауық жұмыртқасын да гипс ретінде қолданған. Жұмыртқаның сарысын орамалға құйып, сынған жерге басқан. Қарап отырсақ, мұның барлығы тәрбиемен келеді екен ғой. Мысалы, қазақтар жаңа туған сәбиге әжелеріміз көшіп-қонып жүргенде киіз үйде жатқан балаға құрт-құмырсқа жоламасын деп қойдың майын жаққан. Қой майының иісі жаман екенін білесіз. Сол иіс арқылы ата-бабамыз нәрестені көп нәрседен қорғаған. Сондай-ақ, ол майды вирус, бактерия жұқтырмау мақсатында да қолданған. Сексеуілден жасалған қара сабынды да дәрі ретінде қолданған.
Дайындаған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ