12.05.2021, 17:24
Қараулар: 37
АТАҚ БЕРІЛДІ

АТАҚ БЕРІЛДІ

Қазақстан халықтарының бірлігі мейрамына арналған салтанатта аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 31 наурыздағы № 3-7 шешімімен ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар көп жылдар мемлекеттік саясатта қызмет еткен ел ағасы Ерболат Таңатов пен денсаулық саласына өзіндік орны бар апамыз Нәсіп Нүркеноваға «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Оралдағы ауыл шаруашылығы институтын инженер-зоотехник мамандығы бойынша тәмамдап келген Ерболат Таңатовтың қызмет жолындағы өсіп-өркендеуі елдің көз алдында. Еңбек жолын Құрманғазы атындағы кеншарында зоотехник болып бастаған Ерболат ағамыздың жауапкершілігі мен еңбекқорлығын бағалаған жергілікті билік лауазымды қызметтерді сеніммен тапсырды. Партия қызметінде болды, 2000-2011 жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметін де атқарды. 2012 жылдан зейнетке шыққанша  аудандық мәслихат хатшысы лауазымында жұмыс жасады. Еңбегі еленіп, әр жылдары  Қазақстан мәслихаттарына 20, 25 жылдық, ҚР тәуелсіздігіне 20, 25 жылдық мерекелік медальдарымен, «Бөкей ордасына -210 жыл» төсбелгісімен марапатталды. ҚР құрметті депутаты.

Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын бітірген Нәсіп апамыз сайқындық Серік Нүркеновпен тағдыр табыстырып, Нарын топырағына табан тіреді. 1979 жылдан аудандық орталық ауруханасында дәрігер-терапевт кейіпкеріміздің еңбек кітапшасында тек қана бір қызмет орны көрсетілгені анық. 2000-2002 жылдары Сайқын отбасылық амбулатория меңгерушісі, 2003-2005 жылдары аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 2004-2013 жыл аралығында аудандық аурухана директорының емдеу істері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Қоғамдық қызметтен де қалыс қалмай ұзақ жылдар бойы «Қызыл крест» қоғамының төрайымы болып,  1994-1997 жылдары аудандық мәслихат депутаты боп сайланды. ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекелік медалімен марапатталған, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына ҚР Президенті атынан «Құрмет грамотасы», ҚР Денсаулық сақтау министірінің алғыс хаттарына ие болған.

«Ауданның құрметті азаматы» атағын алған аға-апамыз да саналы ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасының иелері.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ