12.05.2021, 16:44
Қараулар: 131
БІР ҮЙДЕН КЕТКЕН ҮШЕУ ЕДІК

БІР ҮЙДЕН КЕТКЕН ҮШЕУ ЕДІК

  • Ұлы Жеңістен, 1945 жылдан неғұрлым алыстай берген сайын Ұлы Отан соғысына деген адамзаттың күмәні қалыңдап, немқұрайлылық басымдық алып бара жатқан сияқты. Соғыстың қасіретін, бейбіт күннің қадірін жүрекпен сезіне бермейді-ау қазіргі ұрпақ. Уақыттың да талабы солай шығар. Содан бері пәлен ұрпақ ауысты ғой. Қазір «Ұлы Отан соғысы емес, ІІ дүниежүзілік соғыс», «Нақты екі елдің, екі лидердің қақтығысы ғой» дейтіндер көбейді. «Победа не нуждается в ревизорах» деген армия генералы М.Гареевтің сөзінен асырып не айта аламын?.. Майдан даласынан аман оралғаныма жетпіс жыл өтсе де, соғыстың жаңғырығы жадымда жаңғырып тұр. Құрсағын жарып шыққан бес-алты ұлын да, арысын да тозаққа аттандырып салып, жол тосумен өткен кейуаналар, жиырмадан аспай, жесір атанған келіншектер, анасы тылдың қара жұмысынан ерте көз жұмып, әкесі майданнан оралмай жетім қалған балалар. Айта берсең, сол кезде маңдайы шылқыған ешкім жоқ. Біздің үйден де үш бірдей ұл соғысқа кетіп едік. Алдымен Қуан мен Қауыш кетті. Кейін 1944 жылы мен кеттім. Қуан 1911 жылы туған. Еңбекпен ес жиды.1932 жылы ұжымшар ұйымдастырылды. Ұйымдасқаннан не пайда, бағайын десе мал жоқ.  Астрахан, Басқұншақ жағалап, тұз өндірісіне жұмысқа кетті. 1932 жылы үйленіп, бас құрады. Бәтес атты жеңгеміз болды. 1942 жылдың 1 сәуірінде әскер қатарына алынып, майданға аттанды. 1116-атқыштар полкінің 2-пулеметшілер ротасы сапында соғысқа кірген. Қияң-кескі соғыста мергендігімен көзге түскен. 1943 жылы 13 қазанда Шевченко маңындағы соғыста жаудың он екі әскерін атып түсіріп, жау жақындап қалғанша қарға адым шегінбестен, пулеметін тастамай соғысқан Қуанның жанкештілігін командирі Костянко жоғары бағалап, «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынған екен. Араға он екі күн салып, яғни 1943 жылдың 25 қазанында Қуан ағамыз тағы да ерлік көрсеткен екен. Майор Голосконың қолымен бекітілген бұйрыққа сәйкес Қуан Жұмағалиұлы екінші мәрте «Қызыл жұлдыз» орденіне ие болған екен. «1943 жылдың 29 қыркүйегінде болған қанды қырғында жау әскері үлкен басымдық танытты. Взводтың пулеметі істен шығып, бір пулеметпен қалғанда Қуан Жұмағалиев өз басын оққа тігіп, жау жағына жүгіріп кетті. Бақсақ, қолында граната бар екен. Сол гранатамен жау пулметін ауыздықтап, взвод пулеметінің іске қосылуына мүмкіндік туғызды. Жолдас Жұмағалиевтің бұл әрекетін ерлік деп бағалап, жоғары марапатқа ұсынуыңызды сұраймын» деп жазылған екен ұсынбада. 1943 жылдың 31 қазанында генерал-майор Даниловтың бұйрығымен ағамыз үшінші мәрте «Қызыл жұлдыз» орденін иеленген екен. Бір айдың ішінде үш мәрте марапатқа ұсынылған батыр ағам да бір оқтық болды. Сталинград майданында қаза тапты.  Осы кезге дейін Қуанның ерен ерлігінен хабарсыз едік. Ғаламтордың кереметтігін осыдан көріп отырмын. Сан жылдар өтсе де, мұрағат мықтап сақталады екен. Қуанның ерлігін бағалап, марапатқа ұсынған бөлім командирлерінің ұсынбалары, бұйрықтары сақталған екен. Немерелерім тауып берді. Кәдімгідей марқайып қалдым. Бір өкініштісі, мұны ата-анам да, жұбайы Бәтес те білмей кетті.  Ұлдарының, азаматының қасық қаны қалғанша қасқая тұрып, ерлік көрсетіп, көптің бірі емес, нағыз ердің сойы болғанын білсе, соның өзі көңілдеріне жұбаныш болар ма, кім білсін?! Марқұм жеңгем Бәтес он жыл отасса да, бала сүймеп еді. Қуаннан қара қағаз келсе де, көңілін суытпады. Қайта жұп құрып, күйеуге шықпады. Ағамыздың көзі, сыңары деп сыйласып өттік.

Қауыш елге аман келді. Гвардия сержанты шенінде майдан даласында ерлікпен соғысты. Ол да бірнеше мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Жазушы Қалмұқан Исабаевтың кейіпкері боп, есімі әдебиетте қалды. Ұрпақ сүйді. Артында дұға оқитын бір қауым елі бар. Шүкіршілік қой.

Мен соғыста хабарсыз кеткендерді ойлаймын. Майдан даласына 18-20 жасында кетсе, көбінің артында тек ата-анасы қалды ғой. Майдангердің өзі күн санап азайып отырғанда, олардың ата-анасы туралы айтпаса да түсінікті. Артынан қара қағаз келген әр жауынгер туралы, хабарсыз кеттіге саналған ауылдың әр арысы туралы іздестірсек, Қуан ағам сияқты ерлігімен танылған беймәлім батырлардың көптеп табылатына сенімдімін. Оған тап қазір мол мүмкіндік бар. Тек ниет керек қой. Осыны бір қолға алсақ, жан аянбай жау алдына барған боздақтарымыздың алдындағы,  тылда бел шешпей, қара жұмыс жасап, ерте кеткен аналарымыздың алдындағы борышымызды өтегеніміз болар еді, – дейді бүгіндегі жалғыз майдангеріміз Нәсіпқали Жұмағалиев.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар