12.11.2021, 17:25
Қараулар: 86
…КҮЙІ КЕТІП ТҰР

…КҮЙІ КЕТІП ТҰР

Жазылым науқаны кезінде ауыл-ауылды, елді мекендерді аралап, оқырмандармен жүздестік. Бұл жолы ат басын Сайқын ауылдық  округіне қарасты елді мекендерге бұрдық. Ең бірінші боп табан тіреген жеріміз Шоңай елді мекені болды.

ШОҢАЙДА АНА ТІЛІНЕ «ЖАН БІТТІ»

Ә дегеннен айта кетерлігі, басқа елді мекен мектептеріне қарағанда  Шоңай мен Жәрмеңке мектептерінің де, медициналық пункттерінің де жағдайы ханға сәлем бергендей.

Қаңырап тұрған үйі көп, кішігерім ауылдағы ең зәулім, әдемі ғимарат осы Шоңай бастауыш мектебінің еншісінде.  Ауданның маңдайына біткен жалғыз типтік үлгідегі бастауыш мектеп десе те болады, Кеңес Одағынан қалған керемет дүниенің бірі осы ғимарат. 1962 жылы салынып, 1966 жылы қолданысқа берілген білім ұясы мұрты бұзылмастан бүгінгі күнге дейін жақсы сақталған. Әттеген-айы сол, бала саны жылдан жылға азайып, әр оқу жылы сайын жабылып қалу қаупі төніп тұрады.

  • Биылғы оқу жылын бастауыш сыныпта бес оқушымен, шағын орталықта тоғыз бүлдіршінмен бастап отырмыз. Екі мұғалім, екі тәрбиеші, үш қызметкер  қызмет жасаудамыз, – дейді бастауыш мектеп меңгерушісі Динара Мыңбаева.

Сайқыннан отыз бес шақырымдай жерде бұйығы жатқан Шоңайдың өзіндік менталитеті бар.  Кеңес заманында көршілес Ресей елімен тонның ішкі бауындай араласып, жастары  Басқұншақта, Астраханда оқып, пойызбен екі елдің арасын жол қылған Шоңғай сол кеңістіктен әлі де шыға алмай отырғандай. Әлі күнге Ресейдің теміржолынан нәпақаларын тауып отырған шоңайлықтар Қазақстанның уақытымен емес, Ресейдің уақытымен таңдарын атырып, кештерін батырып келеді.

Үлкеннің де, кішісінің  де тілі орысша. Тәуелсіздіктің отыз жылын артқа тастап отырса та, шоңайлықтар мемлекеттік тілге енді-енді бет бұра бастады. Биыл мектеп тарихында алғаш рет шағын орталық қазақ тілінде бала қабылдап отыр.

Сапар барысында мектеп мұғалімдерін сөзге тарттық.

  • Басылымдарға бір ауыздан жазыламыз. «Орда жұлдызы» газетінің тұрақты   оқырмандарымыз. Жыл сайын тек өзіміз ғана жазылып қана қоймай, үш ауылдасымызды аудан үнжариясына жаздырып, демеушілік жасау жазылмаған дәстүрімізге айналған, – дейді Динара Мыңбаева.

ЖАРЫҒЫ ЖОҚ КІТАПХАНА, ҰЙҚЫДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙ

Бұдан кейінгі барған ордамыз  кітапхана мен мәдениет үйі болды. Екеуін екі бөліп айтсақ та, ат басын тіреген ғимаратымыз бір. Кітапхана – мәдениет үйінің қанаты  астында отырған мекеме.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, ғимараттың тозығы жетіп тұрғаны бір басқа,  алқам-салқам, олақтың жиған жүгіндей боп тұрғаны бірден көзге түседі. Кітапхананың ток көздеріне ажыратып-қосқыштары қауіпсіздік талаптары, сақтық ережелері дегендерінді пысқырмайтын да сияқты. Розеткалары арты ашық, бала бойы жететін жерде салпылдап тұр. Ток сымдары  ескіріп, тізесі шығып, сыртқы қабығынан сығылап тұр.  Бақсақ, бұл кітапхананың бір басына жетіп, артылатын мұқтажы баршылық екен.

Кітапхана бөлмесінің жарығы жанбағалы тоғыз жыл бопты. Күн қысқарып, ымырт ерте түсетін шақта жарықтың жоқтығы кәдімгідей қолбайлау емес пе? Әлде келімді-кетімді кісісі аз, белсенділігі бәсең елді мекен кітапханасы үшін жарықтың бар-жоғы бәрібір ме? Осы сауалымызға кітапханашымыз Мензура Қарашева:

  • Өзіңіз білесіз, пандемия боп, көп шаралар ашық өткізілген жоқ. Карантин талаптары енді-енді жеңілдетіліп жатыр. Мен өзім бұл жұмысқа енді шығып отырмын. Әрі кетсе бір айдай болды. Жарық керек қой, әрине. Жарық мәселесін басшылыққа да, ғимарат басшысы Рауан Қажығалиевке де айтып жүрміз. Ауылдағы электригіміз Таубай Әнесов ағамыз да біледі. Бірақ ол ағамыздың профилі емес, ол кісі тек сыртқы қызмет көрсетеді. Ағамыздың айтуынша, электр сымына зақым келуі мүмкін, қай тұсынан ақаулық кетіп тұрғанын білу үшін төбеге қондырылған декорды тұтас алып, қарау керек дейді.

Кітапхана үшін тек жарық емес, су мәселесі де ыждағаттауды қажет етеді. Судың босағадан еніп тұрғанына да екі жыл бопты, салғырттықтың салдарынан төрге оза алмай тұр.

Айтылған шаруалардың бәрін кітапханашылар не аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өздіктерінен еш шеше алмайды екен. Ғимаратты ұсынып отырған ауылдық мәдениет үйінің басшылығының тікелей міндеті деседі.  «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп, кішігерім бөлменің электр жарығын қосуды тоғыз күн, не тоғыз айдан бері емес, тоғыз жылдан бері шешілмеуі шынымен де миға сыймайтын дүние.

Ауылдық мәдениет үйінің басшысы Рауан Қажығалиев біз барған кезде жұмыс орнында болмады. Бұған шоңайлықтардың еті үйренген, ешкім жоқтамайды да. Мәдениет үйінің есігін ашып, жауып тұратын кіші қызметкерлердің болатынын бәрі біледі.

  • Рауан Сайқында ғой. Үй-жайы, отбасында сонда, қызмет орны мында. Әкім, басқа да билік өкілдері келетін болса, бірер сағат бұрын келіп, бірер сағат кейін кетеді. Қызметте барын, концертке қатысып, әнін салып жүргенін сіздің газеттен оқып отырмыз. Көріп жатқанымыз жоқ. Клубтың да, кітапхананың да қызметкерлері күнде жұмыстарында. Бақытгүл кітапханашы боп жұмыс жасап жүрген кезде, айналасын жинастырып, сылап-сипап, реттеп жүретін еді, қазір ол тірлік байқалмайды. Сырт көз сыншы, жұмыс орны санаулы болған соң сөз болар дей ме, жұмыстарынан қалмайды, – дейді ауыл тұрғыны.
  • 2012 жылдан бері ақауын тауып, жарықты қайта қосуға мойын неге жар бермей жүр? –  деп ауылдағы мәдениет үйінің басшысына шығып еді, «бұл асыра айтылып, артық кетіп отырсыз, жарықтан ақау шыққаны күні кеше ғана. Тоғыз жылдап жарықсыз отыр дегеніңіз артық» дейді.

«Кітапхана бөлмесінің жарығы қашаннан бері жоқ?» деп осы кітапханада бұрын жұмыс жасап кеткен, бүгін жұмыс жасап жүргендерден сұрасақ, «әуелдеееен жоқ» деседі.

Қош, сонымен, белгілісі Шоңай ауылдық кітапханасының электр жүйесі сауатты маманның қайта қарауын, жаңартуды  талап ететіні белгілі. Токпен жылытылатын жүйеде де ақау бар, жиі-жиі тұйықталу орын алып, сөніп қала береді екен. Күздің қара суығында амал жоқ сол ақауы бар, жылыту құбырын іске қосып қойыпты. Дереу жөнделмесе, Орда ауылдық округіне қарасты Қарасу мәдениет үйінің кебін кешпесіне кім кепіл?..

  • Суын ішке тарту, электр сымдарын жаңарту жұмыстары қомақты қаржыны талап етеді. Тап қазір ауылдағы мәдениет үйінде ондай мүмкіндік жоқ. Мен де қолымнан келгенін жасадым. Осы мәселелерді басшылықтың  назарына ұсындым, – дейді Рауан Қажығалиев.

2013 жылы төбесі мен терезелері ауыстырылған мәдениет үйі ажары қашып, азып тұр.

ЖӘРМЕҢКЕДЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҚАҢҚАСЫ ҒАНА

Қаңқасы тұр дегенге біреу шамданып та қалуы мүмкін. Бірақ шыны сол, төрт қабырғасы тұтас, шатыры бүтін.Табалдырығы шашылып, ішке өткізгісі келмей тұр. ептеп басып, аттап өтіп, ішке кірсеңіз, ғимарат іші елі көшіп, жұртта жүдеп қалған.

–1974 жылы салынған мәдениет үйінің ғимараты жөндеуге сұранып-ақ тұр. Сонау тоқырау жылдары тоғыз жылға жабылып, спортзал жасап, еденін бұзып, тереңдетіп қазып тастап, баскетбол, футбол ойнайтын залға айналды. Марқұм Өтеміс Мырзағалиев ауыл жылы аясында 2003 жылы мәдениет үйін қайта ашып берді. Тереңдетілген еденді ауылдың бар күлін жинап, төгіп, биіктетіп, сол кездегі ауыл басшысы Ержан Өмірзақов қолдау көрсетіп, етек-жеңімізді жинап алып едік. Кейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2019 жылы ағымдағы жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, газ қосылып, есік-терезелері ауыстырылды.  Күрделі жөндеу жүргізіледі деген соң аппаратура, бар көрнекіліктерді жинастырып тастаған едік. Әйтпесе, бір клубтың тынысын ашатын  аппаратурамызымыз, құралдарымыз бар, – дейді Жәрмеңке мәдениет үйінің басшысы Мәрия Қоштанова.

Ал кітапханасы «Жәрмеңкенің жарты шеке кітапханасы» деп фотосынымызға арқау болған еді. Біз бас сұққан кезде пеш тартпай, түтіні ішке қайтып, берекеті қашып жатыр екен. Екі пәтерлік үйдің бір жағына орналасқан кітапхананың көршісі үйін бұзып, жапсарлас қабырғасын қайта қаламаған. Бар жылу «жұтылып», жалаңаш қабырғадан салқындық кәдімгідей сезіліп-ақ тұрғаны кітапханашы Тұрсын Жақсылықоваға кәдімгідей уайым.

  • Мәдениет үйі жөнделсе, кітапханаға да орын табылар еді. Мәдениет үйіміз жылы, анау-мынау қыстан қысылмай шығып келеміз. «Күрделі жөндеу жасалады» деп басшылық уәделерін берді ғой. Бір ыңғайы боп қалар, – дейді ертеңге деген үмітпен мәдениет үйінің басшысы Мәрия Қоштанова.

Жіптің ұшы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жоламан Сисенғалиевке кеп тірелді.

  • Сіз айтып отырған мән-жайға қанықпын. Екі елді мекеннің де мәдениет үйлерінің мәселесі аудан әкімдігінің назарында. Шоңай елді мекеніндегі мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы сұралып отыр. Сметасы қарастырылған, екі миллион теңгедей қаржыны қажет етеді делінген. Ақаулық актісі жасалып, тиісті органдарға жолданды. Ал Жәрмеңке ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу керек. Жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды, дайын тұр. оған да облыстық бюджеттен қаржы сұрап отырмыз.

Жарық мәселесіне қатысты айтар болсам, барлық ауылдық округтер мен елді мекендердің электр сымдарын, сыртқы кабельдерін ауыстыру жұмыстарына тиісті мөлшерде қаржы қарастырылып, дәл қазіргі таңда керек-құралдардың бәрі алынды. Желтоқсанның алғашқы онкүндігінде жұмыс толықтай жүзеге асырылатын болады. Бұл жұмыстың жыл соңына дейін қолға алынбауының да өз себептері бар. Керекті қаржыны тартпадан суырып алып бере салмаймыз, барлық ресімдер мемлекеттік сатып алу заңымен жүзеге асырылады.

Негізі ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен бір миллион екі жүз мың теңгедей ғана қарастырылған. Осы соманы ауданға қарасты барлық мәдениет үйлері мен кітапханаларды жөндеуге жеткізуіміз керек. Қаржының айтарлықтай үлкен мөлшерде емес екенін көріп тұрсыз. Сол себепті де «жөндеу керек», «ауыстыру керек», «жаңарту керек» деген өтініштерін бәрін бірдей қанағаттандыра алмай жататынымыз рас. Қаржы ең бірінші кезекте кезек күтпейтін, аса мұқтаж мәселе бойынша  бөленеді. Сол себепті тындырған шаруамыздан гөрі тындырмаған, қолға алмаған шаруамыз көп, – дейді бөлім басшысы Жоламан Сисенғалиев.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар