11.06.2021, 17:06
Қараулар: 51
ГАЗЕТКЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР

ГАЗЕТКЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР

Ұялы ауылдық мәдениет үйінің ұжымы осымен екінші мәрте аудандық басылым «Орда жұлдызы» газетінің 90 жылдығына орай екінші мәрте шахматтан аймақтық турнир өткізді.

Турнирге Орал қаласынан, Сайқын, Саралжын  және Ұялы ауылдық округтерінен сегіз үміткер қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында ауыл әкімі Ерлан Ермекқалиев:

  • Ауыл тұрғындарының аудандық басылымға көзқарастары түзу. Жеке азаматтар да, мектеп ұжымы да кереғарлық танытпай, бірауыздан жазылады. Ауылымыздағы ең үлкен бірден бір ұжым Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп ұжымы бірден бір жылға тұтас жазылған. Бөкей жұртының жоғын түгендеп, жақсы ісін облыс, республика көлемінде сүйіншілеп отырған басылымға бірі кісідей жазылатын боламыз, – деді.

Ш.Жексенбаев атындағы орта мектебі директорының орынбасары Шынар Сабырова да осы пікірді қостап, мектептің мұғалімдері белсенді абонент болса, шәкірттерінің белсенді автор екенін айтып, ризашылығын білдірді.

Аудандық басылым редакторы Ұлпан Жакина ауыл әкімдігі мен мәдениет үйінің ұжымына жазылым науқанына елдің назарын аударып, арнайы шара өткізіп, демеуші тартып, үлкен қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді. Демеушілік танытып, ауылдастарын аудан үнжариясына жазғызған Ақболат Меңдіғалиев пен Мейрамбек Мұхамжаровқа алғысхаттарын табыс етті.

Аймақтық турнир тартысты өтті.

–   Майлықұл Баймұратов деген ағамыз кезінде шахматты мықты ойнап еді. Нан табары трактор болса да, шахматтың шаршы тақтасында ешкімге есе жібермеген керім ойыншы еді. Ауылдан алыс ұзамады. Ұлдары да әке көріп, оқ жонығандар. Жангелді, Есенгелді мен Жақсығұл шахмат десе ішер астарын жерге қоятындар. Жангелді осы ойын үшін Оралдан арнайы кеп отыр. Ғұбайдолла Тілешов ағамыз ауылымыздың бас гроссмейстері. Аға деп, үлкен деп бір-біріне жол бермесе, кім мықтыны анықтау қиын болады, – деген Сайлаубек Мұқтаровтың айтқаны айнымай келді.  Өңкей мықтылар жиналған турнир жеті сағатқа жалғасты.

Бас жүлде Жангелді Жолдығалиевке бұйырса, Ғұбайдолла Тілешов ағамыз І орынды, Жақсығұл Баймұратов ІІ орынды еншіледі. Абзал Әбдешев пен Есенгелді Жолдығалиевтер ІІІ орынды бөлісті.

Анар АРТЫҚБАЙ