3.03.2021, 18:45
Қараулар: 183
ОТЫРЫСҚА АРҚАУ – ЖОЛ МЕН ЖЕР

ОТЫРЫСҚА АРҚАУ – ЖОЛ МЕН ЖЕР

Мәслихаттың ауданның жалпы ахуалы жөніндегі тұрақты комиссиясында жол мен жер мәселелері қаралды. Нақтырақ айтқанда жол қозғалысы ережелерінің орындалуы және жол белгілерінің жай-күйі мен жер учаскелерін беру, жер қорын түгендеу жайы талқыланды.

Ауданда автомобиль жолдарының ұзындығы 385 шақырымды құрайды. Оның 124-і республикалық маңызы бар жолдар, 116-сы облыстық, 145-сі аудандық. Бүгінгі таңда республикалық 103 шақырым жолын күрделі жөндеуден өткізуді  «Атырау жолдары» және «Ақ Жол Құрылыс» ЖШС-лары өз мойындарына алған. Сонымен қатар Хан Ордасы ауылы бағытындағы 21 шақырымға асфальт төселмек. Бисен, Мұратсай, Саралжын кірме жолдарына әртүрлі деңгейлі жөндеу жұмыстары да қолға алынбақ. Сайқын мен Хан ордасы ауылдарының көше жолдарына асфальт төсеу ісі биыл жалғасын табады екен.  Бұл аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жаслан Мұхитовтың баяндамасынан белгілі болды.

Сайқын ауылішілік жолдарының қауіпсіздігі мақсатында өткен жылы 15 белгісі, 17 жасанды жол бұдыры орнатылып, 26 бейнекамера қойылған. Орал-Хан ордасы, Орал-Сайқын бағыттарына  жолаушыларды тасымалдау үшін биылғы наурызда байқау жарияланбақшы.

Осы ретте мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова жолаушыларды тасымалдау ісін өзге жердің кәсіпкеріне емес, өз азаматтарымызға жүктесек деген ұсынысын айтты. Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева былтыр ғана төселген ауылішілік асфальтты жолдарына алаңдаушылық білдіріп, оның ұзақ мерзім бізге қызмет етуі үшін ауыр жүк көліктері мен  тракторлардың жүруін шектеу қажеттігін жеткізді. Халық қалаулыларынан балалар көп жүретін, малдар көп өтетін тұстарға арнайы белгі орнату, жолды күтіп ұстауда салғырттыққа жол бермеу жөнінде ұсыныстар түсті.

Екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин:

–Өткен жылы бөлімімізге түскен 175 өтініштің барлығы да қанағаттандырылды. Есепті мерзімде жаңадан 23 шаруа қожалығы жұмысын бастап, оларға 26950 га жер берілді. Керісінше жұмысын тоқтатқан төрт қожалықтың 10437 га жері қорға қайтарылды,-деді.

Жер беру конкурстық жүйе арқылы жүзеге асатынын қайыра еске салған бөлім басшысы биыл Сайқында ойын-сауық орталығы мен қонақүй салу үшін жер теліміне аукцион жарияланатынын хабарлады.

Раушан БАҚЫТОВА