27.05.2021, 15:51
Қараулар: 60
БӨКЕЙ ДАЛАСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ҚАСІРЕТІ

БӨКЕЙ ДАЛАСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ҚАСІРЕТІ

1921 жылғы қыста қардың, жазда жауынның болмауы кеңес елінің көптеген өңірін әсіресе, Еділ бойы аудандарын құрғақшылыққа ұшыратып, оның соңы ашаршылық нәубетіне әкелді. 1921 жылдың күзіне қарай  бүкіл ел бойынша 20 млн астам адам аштыққа ұшырады. Осы  кезеңде Бөкей губерниясының  халқының да ашаршылық қасіретін басынан өткізгенін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған тарихи деректерден анық көреміз.

Мәселен,  Бөкей губерниялық Кеңесі атқару комитетінің 1920 жылы 16 наурызда өткен мәжілісінде Қамыс-Самар уезі, І Теңіз округі мен Нарын қисымындағы халықтың ауыр жағдайы туралы Қамыс-Самар уездік атқару комитетінің өкілдері Жүсіпқалиев пен Б.Жәнекешовтың баяндамасы тыңдалып, ашыққандарға көмек ұйымдастыру үшін партия қызметкерлерін жіберу жөнінде шешім қабылданып, Мәскеудегі қырғыз (қазақ) өкілдігі арқылы төмендегідей жеделхат  жөнелтеді. Жеделхат Мәскеуге, әлеуметтік қамсыздандыру халкомына, азық-түлік халкомына жіберілген. Онда «Ақгвардияшылардан азат етілген Бөкей даласындағы қалыптасқан аса ауыр жағдайға байланысты Орталықтан  100 млн рубль ақша және азық-түлік сұраған өтінішке еш жауап келмегенін айтып, халықты аштықтан құтқару үшін жедел көмек сұрайды.

Демек, біріншіден, азаматтық қарсыласу соғысы, өлкедегі ақ гвардияшылар мен казак әскерлерінің жергілікті халықты қырып-жойып тонап, қиянат, озбырлық көрсетуі, екіншіден, өлкеде орын алған қуаңшылық, жұт салдарынан малдың жаппай қырылуы  1920-1922 жылдары Бөкей губерниясының халқын ашаршылыққа ұшыратып, әбден күйзелтті.

Сандық мәліметтерге қарағанда тарихи осы кезеңде Бөкей губерниясындағы жылқы саны 146,0  мыңнан 49,0 мыңға, ал қой басы   1,3 миллионнан 0,4 миллионға  кеміген. Сөйтіп, 1921 жылы Бөкей өлкесінде соғысқа дейінгі мал санының  20% ғана қалады.

Ашаршылыққа ұшыраған халықтың ауыр жағдайын сол кезеңде Тарғын уездік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Хамит Чурин: «1919-1921 жылдарда әсіресе Бөкей губерниясы мен оған шектес облыстарда бандалық күшейіп кетті. … 1921 жыл өте ауыр болды. Волга және Бөкей губерниясында болған қуаңшылық салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Аштықпен қабаттасып, сүзек, тырысқақ аурулары етек алды. Бөкей губерниясының оңтүстік шағыл құмды бөлегінің жағдайы өзгелерден біршама тәуір болды. Олар құмда өскен құмаршықпен күнелтіс жасады. Бұл аймақта мал жайылымы да жақсы болды. Ал облыстың құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала уездерінің халқы ашаршылықтан мықтап жапа шекті. Бұл елдер қолындағы бар малын сойып алды. Бірақ астықсыз бір ғана ет адамға жөнді азық бола алмады. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген семья әбден ашығып өле бастады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, осындайда жау жағадан алып, ақ гвардияшыл бандалар да жауыздықты өршітті.  Олар онсыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып,  талан таражыға түсірді», – деп баяндайды.

Осылайша, өлкедегі ашаршылық апатына  құрғақшылық салдары ғана емес,  бұл азамат соғысы тұсында енгізілген азық-түлік салғыртының  әміршіл-әкімшілік күш көрсету жағдайында жүргізілуі де себеп болған еді. Өйткені күштеу механизмі негізінде шаруалардан артық астық қана емес, тұқымдық, тіпті күнделікті жейтін астық та тартып алынып отырды.  Жанын сақтап қалу үшін шаруа байғұс азық-түлік салғыртына қолдарындағы  тұқымдық қорды да   өткізуге мәжбүр болған. Бұл әрине, шаруашылықтардағы тұқымдық астық қорының  жойылуына әкеліп соқтырды. Оның үстіне салғырт мал шаруашылығымен айналысып отырған қазақ ауылдарына да салынғандықтан егін салмайтын қазақ малын сатып, ақшасына бидай алып мемлекетке  өткізген.

1920 жылғы Орал губерниясынан 1.5 млн. пұт астық тартып алынды. Бұған ет және тағы басқа қосымша салықтар қосылды. Осындай саясаттың нәтижесінде 1921 жылы Қазақстанның көптеген ауданын аштық жайлады. Демек, 1921 жылдың тамызында Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал және Қостанай губернияларымен бірге Бөкей губерниясы да аштықтан зардап шеккен аймақтар тізіміне ресми түрде енгізілді.  Бөкей губерниясының 176500 адамы ашаршылық құрбаны болған.

Бөкей даласындағы ашаршылық қасіретін Хамит Чурин «Дауылды жылдарда» атты еңбегінде: «1921-1922 жылдардың қысында адамдар аштан көп өлді. Уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адамның өлігін жинайтынбыз. Мынандай бір оқиға менің есімде қалыпты. 1922 жылы мамырында Жәнібек ауылына жақын жердегі танысымның үйіне бардым. Сол кезде әлдеқайдан жаяулап бір аш адам келді. Ол баяғы жалшы Нәби Тұралиев екен. 1921 жылы алыстағы бір дәулетті адамға жалшылыққа тұрыпты. Сол жылы мал қырылып, жалдаған қожалары жұтап, аштан өліпті де, Тұралиев талай жер жүріп, уезд орталығына әрең жетіпті. Бейшара күптей болып ісіп кеткен, көздері мүлдем көрінбейді. Мен үй иелеріне алдын ала «оған тамақты бірден көп бермеу керек» деп ескерттім. Ал ол үй иесінің берген тамағын місе тұтпай, қайта-қайта тамақ сұрап жалына бастады. Бірден тамақты көп жесе, өліп кететінін ескерткеннен кейін ғана біраз тынышталды. Үй иесі әйел қалған тамақты тығып қойыпты. Мен ол ауылдан кетіп қалдым.  Ал әлгі адам әйелдің қалған тамақты  қайда қойғанын байқап қалса керек, үйдегілер сыртқа шығысымен қалған тамақты алып жейді де үйден кетеді. Екі жүз қадамдай жерге барғанда ауырып, ойбайлап, домалап, жылап-еңіреп «ажалдан құтқара көріңдер!» деп жалбарынады. Бірақ ол сорлының өміріне араша тұруға мүмкіндік болмаған, бейшара тамаққа тойғаннан кейін үш сағаттан соң ауыр азаптан өледі», – деп еске алады.

1921 жылдың 20 қыркүйегінде ҚазОАК-нің жанынан ашыққандарға көмек беру комиссиясы (бұдан әрі Компомгол) құрылды. Аталмыш комиссия төрағасы болып С.Меңдешов, оның орынбасарлары А.Байтұрсынов пен М.Әуезов сайланды. Осылайша елдегі барлық комиссия қызметін Қазақстан ОАК-і жанынан ұйымдастырылған, ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссия үйлестіріп отырды.

Орталық комиссияның №18995 санды жеделхаты негізінде Бөкей губерниясында ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі комиссия құрылды. Облыстық атқару комитетіне Қамыс-Самар қисымындағы аштықпен күрес комиссиясының мәлімдемесінде: «Болыстық комиссиялар құрылып, тамақтандыру пункттерінің ашылғаны, союға мал таппаған ауылдарда балық аулау топтарын құрып, аш адамдарға балық үлестірілгені,  Жаңақала ауылында жетімдер үшін 50 кісілік асхана ашылғаны,  аш және  ауру адамдар үшін 50 пұт астық берілгенін, алайда  Қисым аумағында іш сүзегі азайғанмен ең қатерлі оба пайда болды. Медицина штатының қызметін күшейту қажет» деп көрсеткен.

Тарғын уезіндегі ашаршылыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссия Жәнібек кентіне орналасты. Кеңес аппаратының және партияның уездік органдарының барлық қызметкері дерлік ашаршылықпен күресті ұйымдастыру үшін шалғай ауылдарға жіберіледі. Уезд орталығында ашыққандарға арналған сегіз тамақтандыру пункті жұмыс істейді, ата-анасыз қалған балалар үшін жатахана ұйымдастырылады.

1922 жылы ашаршылық әсіресе, Тарғын, Талов және Жаңақала ауылдарында өрши түсті. Бөкей өлкесіндегі  ашаршылық апаты  сүзек, тырысқақ, оба және басқа да,  жұқпалы аурулармен  қоса қабат жүріп отырды. Мәселен, 1922 жылы 30 қазан күні Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлім меңгерушісінің  губерниялық аштықтың салдарымен күрес комиссиясына жолдаған мына мәлімдемесінен анық көреміз: «Денсаулық сақтау бөлімі 6 айдың ішінде, яғни, 1 қаңтар — 1 шілде аралағындағы тіркелген жұқпалы аурулар туралы хабарлайды:  Іш сүзегімен 118 адам ауырып, 8 адам өлді. Бөртпе сүзегі 232 адам ауырып, 35 адам өлді. Аштық салдарынан 1272 адам ауырып, 255 адам өлді. Тырысқақпен  423 адам ауырып, 227 адам өлді».

Осылайша Бөкей губерниясындағы ашаршылықтың салдарынан халықтың жаппай қатерлі жұқпалы ауруларға шалдығуы, дәрі -дәрмек жетіспеушілігі  адам өлімінің санын көбейтіп, нәтижесінде бұл Бөкей өңірінің демографиялық құлдырауына әкеліп соқтырады.

1925 жылы Орал және Бөкей губерниясы кеңестерінің біріккен съезінде баяндама жасаған губерниялық жер басқармасының меңгерушісі Т.Қожанов өте көп адам шығынына ұшыраған Бөкей аймағының ашаршылық қасіретін ең басты оқиға ретінде атап көрсеткен еді. Сандық мәліметтерге сүйенсек егер Бөкей губерниясы тұрғындарының саны 1917 жылы 251 мың болса, 1920 жылы 181 мың адам өмір сүрген, яғни 3 жылдың ішінде тұрғындар саны 70 мың адамға азайған.

Түйіндеп  айтқанда, Бөкей губерниясындағы  1920-1922 жылдардағы ашаршылық  елге зұлмат әкеліп, аймақтағы шаруашылықтарды күйзелтіп қана қоймады, халықтың демографиялық өсуіне де зардабын тигізді. Демек, өлкедегі халық санының төмендеуі аймақтағы экономиканың дамуын тежеді. Нәтижесінде Бөкей даласы елді мекендер сирек қоныстанған аймаққа айналды.

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы БҚУ-інің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты