12.11.2021, 16:58
Қараулар: 30
 » 
БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Өткен бейсенбі күні аудан әкімі Нұрлыбек Даумов бастаған бірқатар мекеме басшылары бар топ Саралжын ауылына барып «Ашық әкімдік» бірыңғай қабылдауын өткізді.

Саралжында өтінішпен келген 14 адамның тең жартысы тұрғын үй мәселесімен келген екен. Біреулері баспанасын мұрагерлікке қалдыру тәртібімен танысса, енді бірі үйіне жалғаған бөлмелерін, қосалқы құрылыстарын заңдастыру жайын сұрады, арасында тұрғын үй сұраған да  отбасылық жағдайын айтып, жалға берілген тұрғын үйдің тарлығына уәж келтіріп, кеңдеу үй беруді  сұрады.  Осылайша жеке басының жайын күйттеген саралжындықтардың арасында тұрақты жұмыс, жұбайының денсаулығына байланысты мүгедектік санатына шығаруға жәрдем сұрап, мемлекеттен берілетін жәрдемақылардың тиылуының себебін анықтағандар да болды.  Сонымен қатар жеке бастың емес, елдік мәселені көтергендер де бар-ды. Мәселен, зейнеткер Мәншүк Нұрсейітова ауылда дәрігердің жоқтығына қынжылыс білдірсе,  Қ.Сағырбаев атындағы орта мектептің директоры Зинаида Сұлтаниярова ауылдағы білім ұясына күрделі жөндеу және балаларды тасымалдауға автокөліктен көмек сұрады.

Дәл осындай қабылдау Ұялы ауылында да өтті. Мұнда да екі қолға бір күрек сұрағандар баршылық, баспанамен байланысты сауалдар туындап, оған тиісті мамандар жіті түсінік берді. Ауыл шаруашылық несиесін алу жолдарына қанық болып,  мүгедек жолдасына күтуші тағайындауды өтінген жан да болды. Ал Ұялыдағы Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп директоры Мәншүк Мұхамжарова мен Кеңой бастауыш мектебінің меңгерушісі Уадиға Дөкеева мектеп мәселесімен аудан әкімінің алдына барып, бірі жаңа автокөлік, бірі генератор сұрады. Ауыл тұрғыны Гүлфарам Закарина медиаторға арнайы бөлме сұраса, «Нұрғазы» шаруа қожалығының жетекшісі Әбілхайыр Қойшығұлов жер жайымен барыпты.

Келген тұрғындардың уәждері, талаптары мен өтініштері тыңдалып,  тиісті кеңес берілді, мәселелері қаперге алынды.

Өз тілшіміз