13.05.2021, 11:36
Қараулар: 153
САИДАНЫҢ САЗ КЕШІ

САИДАНЫҢ САЗ КЕШІ

Аудандық саз мектебінің мұғалімі Саида Ажығалиева ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Бөкей хандығының 220 жылдығына орай өзінің ерекше тартуын арнады. Талай өнер аламанынан жүлдесіз қайтпаған  шәкірттерімен бірлесіп, «Арнау» атты концертін көрермен назарына онлаин форматта ұсынды. Құрманғазы, Дәулеткерей, Динаның «Адай», «Балбырауын», «Саранжап», «Бұлбұл», «Ерке сылқым» сияқты тегеуірінді, рухты, сонымен бірге сыршыл лирикалық  күйлері орындады. Ұстаз мәртебесін көтерген Ерасыл Есмах,  Арсен Серіков, Нұрсат Сұлтанияр, Балайна Хамидолла және басқа да талантты жас күйшілер, «Қайсар» дуэті күмбір күйдің көрігін қыздырса, Мансұр Өтеғалиев тамаша әнімен шара шырайын айшықтады.  Күйлер фортепианоның сүйемелдеуімен де орындалып, тамаша бір ырғақпен жеткізілді.

  • Бұл концерт біріншіден менің киелі топырақтың түлегі ретіндегі туған еліме мерекелік тартуым болса, екіншіден бесжылдық еңбегімнің нәтижесі. Осы шара арқылы талапты да, талантты ұрпақ барда қара домбыраны қасиет тұтқан қазағымның өнері өшпейтінін көрсеткім келді, – дейді.

Концертті тамашалаған аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов бұл концерттің тамаша бір рухани азық болғанын айтса, Нәсіп Нүркенова Саида Ғайноллақызына зейінді шәкіртінің қанатын қомдап, талабын  ұштаған ұстаздығы үшін  аналық алғысын білдірсе, әріптесі Самал Рахымжанова «жетістігің жалғасты болсын, абыройыңды шәкірттерің асқақтата берсін» деп ізгі тілегін білдірді.

Анар АРТЫҚБАЙ

Бөкей ордасы ауданы

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар