4.06.2021, 10:57
Қараулар: 35
ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ ҚАЛЫҢ

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ ҚАЛЫҢ

Биыл 180 жылдығы атап өткелі отырған  Жәңгір хан атындағы орта мектебінде алғашқы ұстаздық жолымды бастап, отыз жылға жуық қызмет істедім. Оқуымды бітіріп келген жылдары физика пәнінің мұғалімі боп, 1985 жылдан он жылдан астам уақыт мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болдым.  1996 жылдан 2005 жылға дейін осы мектепте  басшылық қызметін атқардым. Осы тарихы тереңге тамыр таратқан білім ордасында қызмет еткенімді мақтан тұтамын.

Жәңгір хандық билікті қолға алғаннан бастап-ақ, Орынбор генерал-губернаторы Эссенге хат жолдап, одан мектеп үйін салуға көмектесетіндігі туралы уәдесін алады. Сөйтіп ол Ішкі Орда қазақтарының балаларын орысша оқыту үшін бастауыш мектепті тек 1841  жылы 6 желтоқсанда аша алады. Мектепке арнап, ағаштан қиыстырылған әдемі үй тұрғызылған. Алғаш ашылған бұл мектепте не бары 25 оқушы болған. Ханның рұқсатымен мектепте  оқығысы келгендер түгел қабылданған. Шәкірттердің ең үлкені 22-де, ал ең кішісі 9 жасар болған. Хан ставкасының жоғары білімді мал дәрігері Константин Ольдекоп – осы мектептің тұңғыш мұғалімі, әрі мектеп  меңгерушісі болған. Мектепте діни сабақтармен қатар орыс, араб тілдері, арифметика, география, тарих пәндері және шешекке қарсы егу ережелері оқытылған. Мектепте шығыс тілдерінен және діни оқудан дәріс берген жоғары білімді молда Садриддин Аминов. К.Ольдекоп Жәңгір ханның талап етуі бойынша оқушылардың үлгірімі туралы журналды жылына үш рет ханға апарып көрсетіп отырған. Оқушылар жыл аяғында барлық пәннен емтихан тапсырған. Емтиханға Жәңгір ханның өзі қатысқан. Қазақ балаларын жоғары оқу орнына, атап айтқанда, Қазан университетіне, орман шаруашылығы институтына, кадет корпусына,  гимназияға және азаматтық инженерлер институтына қабылдауды сұрап, патшаға өтініш жазған  және оған рұқсат алған.

1848 жылдан бастап Жәңгір мектебі мемлекет қарауына алынып, оған жылына 1404 сом қаражат бөлінді. Орыс-қазақ мектебі жиі-жиі өзгерістерге ұшырап келді. 1879 жылы мектеп халық ағарту министрлігінің екі сыныптық училищесі болып қайта құрылды. Онда алты  сынып көлемінде білім берілді. 1905 жылы екі сыныптық училище төрт сыныптық қалалық училище болып жаңаша құрылды. Онда 9  сынып көлемінде дәріс берілді. 1908 жылы училище жанынан оқытушылар дайындайтын екі жылдық педагогикалық курс ашылды. 1920 жылы төрт сыныптық училище негізінде Бөкей халық ағарту институты ашылды. 1923-1928 жылдары институт педагогикалық техникумға айналдырылды. 1930-1935 жылдары колхозшы-жастар мектебі боп құрылады. 1936-1939 жылдары орталау мектеп болып өзгертіліп, 1936 жылы мектепке М.Горький есімі берілді. Ал 1939 жылдың 1 қыркүйегінен М.Горький атындағы орта мектеп статусы  берілді. 1991 жылы мектептің 150 жылдық мерейтойында Орда орта мектебі болып өзгертілді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мектеп ұжымының сұрауымен және сол кездегі аудан әкімі, мектеп түлегі Лавр Хайретдиновтың қолдауымен мектепке Жәңгір хан атын беру туралы  тиісті құжаттар ономастикалық комиссияға жолданды. Нәтижесінде 1999 жылы 9 желтоқсанда комиссия шешімімен білім ордасы Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін мектеп болып аталды. Хан ордасында тек ер балаларға ғана емес 1883 жылы қыздарға арналып бір сыныптық қыздар мектебі ашылды. Бұл білім ошағы Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева сынды шәкірттерімен мақтана алады. 1894 жылы Хан ордасында қазақ қыздары үшін Хұсни Жамал Нұрәлиханованың жеке мектебі ашылды. Бөкейлікте1868 жылы  жеті учаскелік мектеп ашылса, 1896 жылы Бөкей ордасында 24 орыс-қазақ мектеп болды. Оларда 708 оқушы болса, соның 629-ы қазақ, 64-і орыс, 15-і татар болған. Қыздар саны – 15. Оқушылардың 167-сі қазына қаражатына, 541-і өз қаражатына оқыған.

Бұл мектептің тарихы және оның түлектері жайлы қысқаша мәлімет қана. Жәңгір мектебі туралы толық мәліметті аудандық тарихи-мәдени музейдің директоры марқұм Темірболат Махимов пен Өтебай Құспанов ағаларымыздың «Жәңгір мектебі – білім бастауы» еңбегінде  жазылған.

Жәңгір хан атындағы мектептен мыңдаған түлектер біліммен сусындап қанаттанып өмірге жолдама алды. Олардың ішінде оқымыстылар, батырлар, еңбек ерлері, композиторлар, өнер адамдары, генералдар мен мемлекет қайраткерлері, спортшылар мен оқытушылар, дәрігерлер, әр түрлі мамандық иелері шықты. Олардың қатарында қазақтан шыққан жоғары білімді дәрігер М.Шомбалов, ақын Ш.Бөкеев, Ғ.Қараш, оқымысты этнограф М. Бекмұхамбетов, Қазан, Орынбор, Астрахан мұғалімдер семинариясын бітіріп, халық ағарту саласында атсалысқандар С.Меңдешев, Ғұмар және Нұғыман Залиевтер, Е.Бұйрин, З.Ерғалиев, С.Ақбаев, А.Меңдәлиевтерді жатқызуға болады. Бұларға қоса академиктер А.Тайманов, Ф.Мұхамбетқалиев, Ғ.Бияшев, Е.Әзербаев, медицина ғылымдарының докторлары, профессор А.Ыдырысов, профессор Ф.Жұмағалиева, филология ғылымдарының докторы Б.Наурызбаев, т.б. мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Меңдешев, А.Оразбаева, тұңғыш инженер қазақ қызы М.Бегалиева, Х.Чурин, Б.Жәнекешев, генералдар Ғ.Жәңгіров, Р.Құрманғалиев, Ш.Жексенбаев, Кеңес Одағының батырлары Т.Масин, А.Құсайынов, композиторлар Д.Шығаев, Б.Жұманиязов, М.Сағатов, т.б. осы мектеп түлектері.

1941 жылы гитрлершіл фашистер елімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, ел басына қауіп төнген кезде мектептің түлектері ел қорғауға аттанды. М.Ажығұлов, М.Сәрсенғалиев – мектепті медальмен бітірген түлектер, М.Абдулов, Х.Сүлейменов, О.Делмашев т.б. Отан үшін от кешіп, фашисттермен қиян-кескі ұрыстарда ерлік көрсетті. Әйгілі мектеп түлектерін мақтаныш етумен бірге оларды тәрбиелеген ұстаздар есімін де ерекше ілтипатпен еске аламыз. Шынында да олардың еңбегі ерекше зор. Ленин орденді, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалімдер Ғ.Зарипов, А.Тәжетдинов, М.Даришев, Х.Өрекешев, Ленин орденді М.Кульбацкая, “Құрмет белгісі” орденді З.Каденова, “Еңбек Қызыл Ту” орденді, Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкерлері К.Құрманғалиева, А.Жабасова, Н.Жамашева, Н.Супукарева, Е.Ізғалиев, Н.Қайырбеков, К.Жамашев, А.Сейтмұханова, Р.Әділалиева, Қ.Такесов, Қ.Оңаев, А.Бисалиева, С.Қабышева, М.Дукеева, С.Қабдрахимова, Р.Ислямова, Р.Аксенова, М.Өтешев, ҚР білім беру ісінің үздіктері С.Байзонов, М.Ғұбашева, Р.Мүсралиева бастаған ұстаздарымыздың әр қайсысының өмір жолы кейінгі ұрпаққа қалдырған мәңгілік із, өнеге әрі үлгі. Мектеп түлектерінің кейінгі толқынынан да мектепті медальмен, үздік аттестатпен бітірген көптеген түлектер шықты. Олардың арасынан түрлі мамандық иелері шығып, еліміздің түрлі мамандық салаларында еңбек етіп жүр. Химия ғылымының докторы Ә.Қабдырахимова, физика-математика ғылымының докторы Г.Қабдырахимова, техника ғылымының кандидаты М.Оңаев, химия ғылымының кандидаты Г.Минажева, педагогика ғылымының кандидаты Е.Хайдаров сияқты ғалымдарымыздың өзі бір төбе.

1990-91 оқу жылында мектептің 150 жылдық мерейтойы педагогикалық ұжымда талқылап, өткізуге ұсыныс қабылдап, жоғарғы органдарға тиісті құжаттар жолданды. Ол кезде мектеп директоры Күләш Құрманғалиева еді. Нәтижесінде жоғарғы басшылықтың шешімімен 1991 жылғы қазанда мерейтойды облыс көлемінде өткізу жоспарланды. Мектеп ұжымы жұмысты әр жердегі белгілі мектеп түлектерімен хабарласудан бастады. Мектепте 1939 жылдан бастап орта білім туралы аттестат беру журналы сақталған еді. Әр тараптағы мектеп түлектерінен хабар келе бастады. Аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттеріне мектеп тарихы, мектеп түлектері, қызмет істеген ұлағатты ұстаздар туралы материалдар жарияланды. Мерейтой 1991 жылы 9 қазанда облыс орталығы Орал қаласының  мәдениет сарайында «Орда ауданы М.Горький атындағы орта мектебіне 150 жыл» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Орда ауылында мерейтой 12 қазан күні өткізілді. Мерейтойға Алматы қаласынан ҚР Білім министрілігінің орынбасары Азизханов, мектеп түлектері медицина ғылымының докторы профессор Ф.Жұмағалиева, белгілі журналистер М.Жантекин, И.Сержанов, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент М.Төлешев, белгілі суретші С.Өтемісов, облыстан мектеп түлектері, «Орал өңірі» газетінің редакторы Ғ.Көшенов, Орал педагогикалық институтының аға оқытушысы, 1943 жылы мектепті үздік бітірген Ш.Жұмағазиева, т.б. облыс әкімдігінен және ауданнан делегациялар келсе,  еліміздің түкпір-түкпірінен мектеп түлектері ұшқан ұяларына арнайы келді. Мерейтойлық іс-шара салтанатты шарамен басталып, Бөкей ордасының тарихын бейнелейтін театрландырылған көрініспен жалғасты.  Мектептің бірнеше ұстазына Білім министрлігінің марапаттары табыс етілді. Осы салтанатты жиналыста мектептің атын Орда орта мектебі деп атау туралы шешім қабылданды. Соңынан аудандық мәдениет бөлімінің ұлт-аспапатар оркестрі және мектеп ұжымымен бірлескен концерт ұсынылды. Кешкісін келген қонақтарға қонақасы берілді. Қонақтарды қабылдауда мектеп ұжымы, Орда ауданының шаруашылықтары, Орда ауылының тұрғындары бірлесе көтеріп, құрмет көрсетті. Мерейтойдың өтуіне сол кезде аудан әкімі, мектеп түлегі Нұрлыбек Бірманов ағамыз үлкен қолдау көрсетті.

2000 жылы мектеп жанынан мұражай ашылды. Тарих пәні мұғалімдері Анюза Батырғалиева және Күлән Сабирова материалдарды сараптап жинақтады. Мұражайға мыңнан астам экспонат қойылды. Мектеп мұражайының құнды 20-дан астам экспонаты Бөкей ордасы тарихи мұражайына берілді. 2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаев ауданға іссапармен келген кезінде мектеп мұражайын аралап көріп, ризашылығын білдірген еді. Сөзімнің соңында Алматыдан келген түлектеріміз сыйға тартқан құмырада жазылған:

Тербеген балғын шақта алтын бесік,

Бұл күнде ұшқан ұя қалің нешік?

Әрқашан есімізден сен кетпейсің,

Жүрсек те шартарапта ғұмыр кешіп, – деген шумақпен аяқтағым келеді.

Тарихы бай, шежіреге толы, тамаша мұғалімдері бар, ізденімпаз шәкірттері бар Жәңгір хан атындағы орта мектептің болашағы жарқын, бағындырар биіктігі мол боларына бек сенімдімін.

Берік ДҮЙСЕНОВ,

ардагер-ұстаз,

Қазақ ССР халық ағарту

 ісінің озық қызметкері