– Индира, Сайқын ауылында өсіп-өндіңіз. Ауданның үнжариясы «Орда жұлдызы» газетін ұмытпаған боларсыз. Биылдан бастап «Шетелдегі бөкейліктер» тақырыбында шекара асып, өзге елге қоныс аударған жерлестерімізбен әңгімелесіп, сұқбат құрсақ деп ниет етіп отырмыз. Бұл айдардың алғашқы кейіпкері өзіңізсіз. Қал-жағдайыңыз қалай?
– Рақмет, қалымыз жақсы. Әрине, аудандық газеттің қазіргі тыныс- тіршілігімен етене таныс болмасам да, мектеп кезімізде шолып, қарап жүретінбіз. Туған жерден жырақта жүрген ауылдастарымызды іздеп, арнайы сұқбат ұйымдастырғандарыңызға шын қуаныштымын.
– Елден шет асқаныңызға қанша жыл өтті? Жалпы, өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығамын деп ойлап па едіңіз?
–Шетелде тұрғаныма он бес жылдан асып барады. Мектепті аяқтаған соң қатарластарым секілді арман қуып, қалаға аттандық, студент атандық. Мен «аудармашы» мамандығы бойынша бітірдім. Ақсай қаласындағы «КПО» мұнай-газ конденсаты кәсіпорнына аудармашы ретінде қызметке тұрдым. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ол жақта шетелден келіп жұмыс жасайтын өзге ұлттың азаматтары өте көп. Бір қызығы, мен қазақ қыздарының шетелдік жігітпен тұрмыс құрғандарын мүлдем құптамайтынмын. Ал, шекара асып, діні, ділі, ұлты бөлек ер азаматтың жан-жары боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме де кірмеген. Бірақ, тағдырым өзінше сценарий құрып қойған екен. Ақсай қаласында жолдасыммен танысып, әңгімеміз біртіндеп жараса бастады. Бір-бірімізді жақсы тани келе үйленеміз деген шешімге келдік.
– Сонда бастапқыдағы пікіріңізді өзгертіп қана қоймай, тағдыр-талайыңызға Шотландияны бұйыртатындай, жарыңыз сізді қандай мінезімен баурап алды?
–Жұбайым Стиви өте мейірімді және сауатты, терең білімді азамат. Нағыз ер жігітке тән қасиеттерімен баурап алды мені. Танысқан шағымызда қандай еді, әлі де сол мінезі өзгермеді. Болмысы шынайы. Оған тұрмысқа шыққаныма еш өкінбеймін. Бұл құдайдың бұйрығы деп түсінемін. Қазір он бестегі қызғалдағымыз өсіп келеді.
– Шотландиялық азаматқа тұрмысқа шығатыныңызды ата-анаңыз қалай қабылдады?
– Әрине, мұндай жаңалыққа қатты таңғалды. Кім қызын бейтаныс ел, бөтен жерге жібергісі келеді дейсіз? Бірақ, азаматымның маған деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметін түсініп, көздері жеткен соң баталарын берді.
– Содан бірден Шотландияға көшіп бардыңыздар ма?
–Біз 2004 жылы отбасын құрдық. Алғашқы екі жылында жолдасымның қызмет бабына орай біздер Дубайда тұрдық. Мұнайшы-инженерлер жылдап елден-елге көшіп жүреді. Кейін басшылық күйеуімді Абердин қаласына ауыстырды. Екі жарым жылдан соң жаңа нұсқау түсіп, Сингапур астық. Қазіргі таңда жолдасымның туған қаласы Абердиндеміз. Оқушы кезімде атлас картасында маған мүлдем беймәлім мемлекеттерді өз көзіммен көріп, саяхаттасам ғой деген арманым болатын. Бір емес, бірнеше елге табаным тиіпті. Жолдасымның арқасында саяхатқа деген құлшынысым сөнген емес, екеулеп аралауымыз тиіс елдерді жоспарлап қойғанбыз.
–Қазақ қызының шотландықтармен тіл табысуы қалай болды екен? Өзге ортаға тез үйрендіңіз бе?
–Әр елдің менталитеті, дәстүрі, мәдениеті алуан. Дүниенің қай шетінде жүрсем де қазағымның қонақжайлығы мен кеңпейіл дархан мінезін аңсап, іздеп тұрамын. Шотланд халқы біздерге қарағанда суықтау, салқынқанды боп келеді. Үйлеріне кіріп-шыққан меймандарды көп кездестіре бермейсіз. Біз секілді немере, нағашы, аталас ағайын деген түсінік жоқ. Жақын деген адамдардың бауырмалдығы тек мереке күндері ғана құттықтау хаттарын жіберіп, хал сұрасумен шектеледі. Жарты жыл, одан да ұзаққа хабар-ошарсыз кететіндері де бар. Қазақта әулеттің балалары үйленгенде ғана бөлек шығады емес пе? Еуропада балалар ересек өмірге ерте қамданады, яғни, мектеп бітірген соң бөлек пәтер жалдап, өз еріктерімен кете барады. Десе де әлеуметтік мәртебесіне қарамастан ай сайын ата-анасына ақша төлеп, жәрдемдесуге тиіс деген бұлжытпас қағида бар. Және бұл жақта келіндері мен күйеу балалары ата-аналарын есімдерімен атайды. Алғашқыда маған бұл өте дөрекі көрінген-ді. Қайткенмен, қазақы тәрбие көрдік қой, ата-енемнің рұқсатын алып, «мама, папа» деп атап кеттім. Ол кісілерге де осылайша құрмет көрсеткенім ұнады. Жасы кіші болса да өздерінен үлкен жастағы адамдарға «сен» деп сөйлесу біздегідей тәрбиесіздіктің белгісі емес. Керісінше, «әже, тәте» тағы да басқалай десеңіз, тілдескен адамыңыздың үлкен жасын меңзегендей болып, ренжітіп алуыңыз ғажап емес.
– Шотландияда қазақ диаспорасы бар ма, болса, қарым-қатынасыңыз қалай?
– Абердинде бірнеше қазақ диаспорасы бар. Алғашқы келген жылдары ұлттық мерекеміз Наурызды, әйелдер мерекесін тойлайтынбыз. Қандас аға-әпкелер мен қатарластарыммен қауышып, ет жақын адамымды кездестіргендей қуанамын. Абердинде оқитын қазақ жастары да өте көп. Көшеде, қандай ма шарада жолығып қалсақ, амандық-саулық сұрасып, мәз-мейрам боламыз.
–Туған тіліңізді ұмытпағаныңыз қуантты. Ал, қызыңызға Қазақстан туралы әңгімелейсіз бе?
–Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім! Әрине, көркем түрде ойымдағыны жеткізе алмасам да туған тілімді ұмытуға қақым жоқ деп есептеймін. Қызым мектеп оқушысы. Қазақстан туралы соңғы жаңалықтарды айтып отырамын, сондай-ақ, қазақ елінің тарихы, мәдениеті, өнері туралы мағлұмат беріп отырамын. Қызым қазақша білмейді. Бұл мәселені болашақтың еншісіне қалдырдым.
– Шотландия елі несімен ұнайды? Шотландық азаматша ретінде мемлекеттік жүйедегі қандай артықшылықтарды атап өтер едіңіз?
– Шотландияға жыл сайын, әсіресе, қыс маусымында туристер жиі келеді. Өйткені, туризм мәселесі жолға қойылған. Саяхатшылар үшін қолайлы жағдай қарастырылған. Тұрғылықты халық қыс бойына шаңғы, коньки теуіп, салауатты өмір салтын ұстанады. Жазда велосипедпен жүргенді әдетке айналдырғандар өте көп. Әлем бойынша экологиялық таза аймақ болып саналатындығын сіздер жақсы білесіздер деген ойдамын. Табиғатының әдемілігін сөзбен жеткізе алмаспын. Екіншіден, қызметте ер мен әйелдің құқықтары тең. Нәсілдік кемсітушілік атымен жоқ. Мейлі, теріңіздің түсі ақ па, қара ма оған қарамайды, бастысы сапалы қызметіңіз бағаланады. Өкінішке орай, Қазақстанда «әке-көкенің» демеуімен жұмысқа кіріп, білім-білігі жетіспесе де басшылық қызметке орналасатындар баршылық. Шотландық жұмыс берушілер қызметкерлерінің еңбектерін жемейді, әділ. Әттеген-айы, біздің елдің гуманитарлық бағыттағы дипломдары жарамсыз. Мәселен, мамандығыңыз мұғалімдік болса, бұл жаққа ол дипломмен қызметке тұра алмайсыз. Қайтадан біліктілік курстарынан өтіп, емтихандар тапсыруларыңыз қажет. Өйткені, педагог -мәртебелі мамандық боп саналады. Сол үшін де диплом, курс сертификаттары қатаң тексеріледі.
–Қандай басқа мамандықтар сұранысқа ие?
–Сізге мүмкін қызық көрінер, бірақ, Шотландияда пошташы мамандар жақсы бағаланады. Әр пошташыға жеке көлік беріледі. Жалақысы да жоғары, зейнетақысы да көлемді.
–Ал, медицина, білім, қауіпсіздік жүйесіндегі нендей ерекшеліктерді атап өтер едіңіз?
– Медицина, білім жүйесіндегі бірқатар артықшылық көңілімнен шығады. Мәселен, дәрігердің жазып берген дәрі-дәрмегін дәріханалардан тегін ала аласыз. Медициналық сақтандыру жүйесі жүйелі жұмыс жасап тұр. Ал, оқушыларға келер болсақ, үйлерінен тек қалам, қарындаш, бояу секілді дүниелерді ғана тасиды. Кітап, дәптер, т.б. мектеп қамтамасыз етеді. Сабақтары да өте мазмұнды өтеді. Әр күн сайын оқушы жаңа дүниені меңгеріп шығуы тиіс. Бастауыш сыныптарға берілетін тегін тағам оқушының әлеуметтік жағдайына қарамайды, түгел тамақтандырылады. Жоғарғы сынып оқушыларына да қарастырылған жеңілдіктер бар. Осы орайда мақтанышпен айтқым келетіні, біз оқыған мектепте дүниежүзі тарихы, география секілді пәндерді тереңдетіп оқыдық. Басқа елдер туралы білетінбіз, таным-көкжиегіміз кең еді. Әңгіме арасында Шотландия туралы білетіндеріммен бөліскенімде менен жергілікті тарихымызды жақсы білесіз дейтін. Мектептен оқып-түйгендерім десем, «Сіздің елде білім жүйесі жақсы дамыған екен» деп таңғалыстарын жасырмады.
– Сондай-ақ, несие алу мәдениетіне де тоқталып өтсеңіз? Осы актуалды мәселені де қаузасаңыз?
–Еуропалықтардың да тең жартысы несиемен күн көреді десем артық айтқандығым емес. Алайда, сіз несиеге не алдыңыз, қандай тұтынушысыз соған байланысты біраз айырмашылықтар бар. Мәселен, шотландықтар үтік, телефон, т.б. ұсақ-түйектерге бола несие рәсімдемейді. Үй, көлік алу, жөндеу жұмыстары деген секілді маңызды нәрселер үшін ғана банктің қызметіне жүгінеді. Несиенің пайыздары қазақстандық банктерге қарағанда әлдеқайда төмен екенін айтқым келеді.
–Индира, өзіңіз де жоғарыда айтып өттіңіз, туыстық қарым-қатынас құрулары біздікілерге ұқсамайды деп. Құда-құдағилар қалай араласады, келін мен ененің қарым-қатынасы туралы не айтасыз?
– Құда-құдағилар бір-бірімен тығыз араласпаса да, жақсы сыйласады. Мейрам сайын сыйлық жолдап, міндетті түрде құттықтайды. Біздің жағдайда күнде бір-бірлерін көру мүмкін болмағасын, әзірге тек әлеуметтік желі не телефон арқылы байланысып тұрамыз. Былтыр ғана анам мен туған сіңілім Альбина Абердинге келіп кеткен болатын. Қаланы аралатып, достарыммен таныстырып, Шотландиядан жақсы әсермен оралсын деген ниетпен барын салды күйеу баласы да. Ал, келін мен ененің қарым-қатынасы өте жеңіл. Таңмен тұрып, таңғы асын әзірлеу не тағы да басқа көмек жасау дегендей қатаң ереже жоқ. Әрине, жаңа түскен келінді өздерінің жақын араласатын жандарымен таныстыру үшін кешкі асқа шақырады.
– Ұлттық асханасында қандай өзгешеліктер бар екен?
– Шотланд ұлтының асханасы біздің елдікіне қатты ұқсайды. Бұл жақтың климаты суық болған соң көбіне тойымды, сіңімді тамақтанады. Қазақтар секілді етті жақсы көреді. Жылқы етін жеуге болмайды, ал қой еті сұраныста. Жанұям қазақша етті, палау, мантыны сүйіп жейді. Бауырсақты да жиі пісіремін. Оливье, борщ та ас мәзірімде берік орын алған. Жеміс-жидектер дастарханның негізгі сәні.
–Сіздің көзіңізбен шотландықтар қандай халық?
– Тік мінезді. Егер сіз қандай ма қателік не ұнамсыз іс-әрекет көрсетсеңіз, оны бетіңізге айтып, түзетеді. Адамның сыртынан тон пішіп, өсек айту дегенді білмейді.
–Қазақтар, Қазақстан туралы не біледі екен?
– «Стан» деген жалғауы үшін де біздің елімізді Пәкістан, т.б. елдермен шатастырады. Алайда, Қазақстан туралы жақсы білетіндер аға буын дер едім. Қазақ елінің туын әлемдік спорт аренасында желбіретіп жүрген атақты боксшымыз Геннадий Головкиннің, бұлбұл үнді Димаш Құдайбергеновтың да жанкүйерлері жетіп артылады. Гастрольдік сапарлармен келетін қазақстандық оркестрлерді де мұнда жақсы тыңдайды.
–Жергілікті халықтың той тойлау, мерекелерді атап өту мәдениеті туралы білгіміз келеді.
– Басты мейрам Рождество болып саналады. Яғни, 25 желтоқсаннан бастап Рождествоға дайындық басталады. Ең қызығы, мереке күні ас үйде тек ер адамдар ғана жүреді. Әйелдер қауымы демалады. Көп жылдан бері қалыптасқан қағида бұл. Күйеуім жеңіл салаттар, екі түрлі сорпа, бұқтырылған күркетауық және тәттіге десерт пісіреді. Ал, діни мерекені тұрғындар, әсіресе, егде жастағылар шіркеуде өткізіп, діни жоралғыларын жасайды. Той жасауда да әркім әрқалай. Дүркіретіп өткізетіндер де бар, көрпесіне қарай көсілетіндер де бар. Мынадай ерекшеліктерді баяндайын, тойға шақырғанда бір ай бұрын қонақтарға шақыру билеттері ас мәзірімен қоса жіберіледі. Сіздер өздеріңіз жемейтін тамақ түрлерін белгілеуіңіз қажет. Және тойға келіп, келмейтініңіз туралы да нақты жазуыңыз сұралады. Той боларда ерлер жағы килт дейтін етек тәріздес киімдерді киіп барады. Бірақ, бұны асты-үстімен жалға алу қымбатқа түсетіндіктен қарапайым костюммен баратындар да бар. Тойшы қауым ұлттық биін билеп, ойын ойнап, бірер сағатты көңілді өткізіп қайтады. Негізі, шотландық қыз-жігіттер ұзақ уақыт азаматтық некеде тұрады. Үйленеміз деп шешім қабылдағанда ғана тойға ақша жинай бастайды. Ата-аналарынан мүлдем көмек сұрамайды. Той жасау үшін несие алмайды.
– Индира, егер сұрағым әбестеу көрінсе, айып етпеңіз. Дегенмен, ауылдағы ағайынның «қызымыз қай дінді ұстанып жүр?» деп алаңдайтыны рас…
– Нені меңзегеніңізді ұқтым. Дін дегеніміз өте нәзік мәселе ғой. Қазақстан елі көп конфессиялы мемлекет. Қазақ халқының әу бастан ислам дінін ұстанып келеді. Мен де ұстанған дінім — ислам. Алайда, әсіредіншілдердің қатарында емеспін.
– Біраз елді араладыңыз, сіздің топшылауыңызша қай мемлекетте өмір сүрген қолайлы?
– Өмір сүруге толық жағдай жасалған мемлекет деп Шотландия елін айтар едім. Қазіргі тұрып жатқан қаламыз Абердинде адамдардың құқықтары сақталған. Әсіресе, жұмысшылардың. Басшылық тарапынан қандай ма қателік орын алса, арызданып, төлемақы талап етуге құқығы бар. Демалып, көңіл көтеру, білім алу, т.б. жағдай жасалған. Күнделікті жаңалықтардан да хабардар шығарсыздар, елімізде экономикалық қиындықтарға байланысты кішігірім өзгерістер білінуде. Алайда, бұл да уақытша деген сенімдемін. Өйткені, алпауыт мемлекеттің баршасы да мұндай проблемадан өтуі заңдылық.
– Ел жаңалықтарын үзбей тыңдап, оқып отырасыз ба?
–Әрине, Қазақстандағы соңғы жаңалықтардан хабардар отырамын. Өкінішке орай, автокөлік оқиғалары, жаяу жүргінші жолында адам қағып, өлтіріпті дегендей хабарлардан жаным түршігеді. Мен тұрып жатқан елде адамдардың өміріне, құқығына қол сұғу нағыз қылмыс болып табылады. Заңсыздыққа жол беру санасыздықтың, білімсіздіктің белгісі саналады. Көлік тізгіндеуде өрескел қателікке бой алдырып, адам өмірін қиған жүргізушіге міндетті түрде қатаң жаза тағайындалады. Тағы да Қазақстанды тілге тиек етуге мәжбүрмін, «әке-көкенің» көмегімен сытылып, құтылып кету деген түсінік мүлдем жоқ.
–Елді сағынасыз ба? Сайқынның сары даласы түсіңізге енбей ме?
– Әрине, сағынамын. Адамдарды сағынамын. Бір қызығы, қызыма туыстарымның бір-бірімен етене араласатындары ерекше ұнайды екен. Ауылдағы той, қонақтықтар туралы әңгімелерімді қызыға тыңдайды. «Неге біздің адамдар сіздің жақтағылар сияқты етене араласып, сыйласпайды?» деп сұрайды. Не айтайын? Әр халықтың менталитеті әр түрлі деймін ғой. Бауырмалдық, ағайындық қарым-қатынас тек қазақ халқында ғана бар десем асыра айтқаным емес. Сағынамын, қазақылықты, қазақ даласындағы бауырмалдықты, ақкөңілділікті сағынамын.
– Әңгімеңізге рақмет! Жанұя амандығын тілеймін.
Сұқбат құрған Арайлым МАРАТҚЫЗЫ