28.02.2019, 9:56
Қараулар: 586
АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Аудандық демалыс орталығында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ауғаннан қайтқан арыстар» атты салтанатты шара өткізілді. Шараға ауданымыздағы Ауған ардагерлері, аудан әкімдігі аппарат қызметкерлері мен ауыл жұрты қатысты.

Салтанатты кеште аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев  Ауған ардагерлеріне «Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл» атты арнайы медаль табыстап, ардагерлер жоғары сынып оқушыларына әскерге шақыру пунктіне тіркелу куәлігін табыс етті. Өз кезегінде сөз алған аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы Асхат Сан «Кеңес дәуірінің тарихының ең қаралы беттерінің бірі – Ауған соғысы. Отан алдындағы борышын адал атқарған әрі өз болашағына сенген жас ұрпақ саяси ойынның құрбанына айналды. Сол жылдары ерлікпен қаза болғандарды мәңгі естен шығармаған абзал. Ал, аман оралғандарды құрметтеуге міндеттіміз», -деп құттықтауын жеткізді.

Марапаттаулардан соң аудандық демалыс орталығының қызметкерлері дайындаған мерекелік концерт халыққа жол тартты.

Әділет ӘБДІРОВ.