Бисен ауылдық кітапханасында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған шара өтті. Негізі, ауған соғысын көргендер қатарында бисендік азаматтар Қоблан Мергенбаев, Берік Момынов, Ақболат Шәмшеденов, Иса Шәушенов, Қайырлы Мұхамбетчин бар. Ардагерлердің бірқатары Орал шаһарында, аудан орталығында тұратындықтан кездесу кешіне Жанболат Бияшев қана қатысты.
Кеш Ауған соғысының құрбаны жауынгер-интернационалист, «Қызыл жұлдыз» иегері Зүлзала Жиеналиевті, сол соғыстан ауылға аман келсе, бүгінде о дүниелік болған Исатай Хайырлиевті үнсіздікпен еске алудан басталды. Тарих пәнінің мұғалімі Арайлым Дүйсенбаеваның «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» атты баяндамасынан қатысушылар он жылға созылған ауған соғысы әкелген қасірет жөнінде таныс болса, «Мен көрген соғыс» бейнебаянынан, 8 «ә» сыныбының оқушылары дайындаған «Жылдар сөйлейді» көрінісінен ол кездің тірлігін көрсетті. Инабат Ғабдолла, Ақылбек Дудин, Айнұр Асқарқызы, Сымбат Биболқызы ауған жауынгерлеріне арналған жыр шумақтарын нақышына келтіре орындады.
Өз кезегінде Жанболат ағамыз өмір жолдарынан сыр шертті. Оның сыныптасы Сайран аға Махимов Жанболат пен Зүлзаланың балалық шақтары туралы естелік әңгімелерімен бөлісті. Тарих жылнамасынан әзірленген үш бөлімді көрмемен шара ұйымдастырушысы, ауылдық кітапхана меңгерушісі Лунара Сембиева таныстырды.
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай жастар арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды. Нәтижесінде І орын А.Сүндетов көшесінің жастары жеңіп алса, ІІ орын М.Мәметова көшесінің тұрғындарының еншісінде кетті. ІІІ орын Б.Жәнекешев көшесінің командасына бұйырды. Ойын үздіктері де анықталып, Тұрарбек Базарғалиев (М.Мәметова көшесі) «Үздік ойыншы», Болат Қожанов (А.Сүндетов көшесі) «Үздік шабуылшы», Сухраф Махимов (З.Жиеналиев көшесі) «Үздік қорғаушы» аталымымен марапатталды.
Екатерина МӨКЕШЕВА,
Бисен ауылы