Тоқсанның төріне шыққан Мағауия Есмағұлов бұл күнде аудан орталығындағы қариялардың ең үлкені, қазына кеуде, абыз ақсақал.
– Көрісу үлкен мейрам ғой. Ұлтты ұйыстырған ұлыстың ұлы күнінің бастауы. Ес білгелі осы мерекені тойлап келеміз. Сонау Кеңес кезінің өзінде батыс жұртшылығы осы көрісу айтты ұмыт қалдырған жоқ. Жылдап жүз көріспеген, ренжісіп, ат құйрығын кесіскен адамдар айналып қазығын тауып, бір-бірімен амандасып, көрісеміз деп үй арасына жол салып, мәре-сәре боп жататын күн. Наурыздың 14-інде үлкен дастархан жайып, ағайын-ауылдасты көріп, көңілім бір көтеріліп қалады. Айттан айтқа жетіп отырғаныма мың да бір тәубе! Аман болайық, айттан айтқа басымыз түгіл, бауырымыз бүтін боп, аман жетейік,-дейді Мағауия атамыз.