2.08.2019, 16:21
Қараулар: 880
Көшпелі акция Сайқын ауылында

Көшпелі акция Сайқын ауылында

 

 «Денсаулық жолы» ұлттық  бағдарламасы аясында ұйымдастырылған облыстық «Дұрыс тамақтану — салауатты болашақ кепілі» атты жылжымалы акциясы Бөкей ордасына арнайы келді.

Сапарының  алғашқы күнін Ұялы ауылдық округінен бастаған дәрігерлер тобы одан әрмен Бисен, Орда Сайқын ауылдарының тұрғындарын қабылдады. Айта кетелік, аудан бойынша онколог маманның  қабылдауына 32 адам жазылса, кардиолог  40 тұрғынды қабылдап үлгерген, терапевт 45, көз дәрігері 52, эндокринолог  29 науқасқа кеңестерін берді.

Бұдан кейін облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Зияда Молдағалиева бастаған мамандар сайқындықтармен мәдениет үйінде де жүздесті. Шараға қатысқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, аудандық салауатты өмір салтын сақтау кабинетінің дәрігері Нәсіп Нұркеновалар да сөз сөйлеп, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру секілді денсаулықты күтіп-баптаудың жолдарымен бөлісті. Одан әрмен викториналық ойындармен жалғасып,  ұтқырлық танытқан көрермендері сыйлыққа ие болды. Денсаулық кешінде әннен шашу шашып, күмбірлі күй төгілткен Шерхан Молдашев, Ерлан Сертеков, Ермек Шәріпов сынды көркемөнерпаздарға да Зияда Надырғалиқызы алғысын жаудырып, сыйкәдесін тарту етті.   Сондай-ақ, клуб фойесінде аудандық аурухана қызметкерлері «Денсаулық қалашығын» ұйымдастырып, шараға қатысқандардың дене, бой салмақтарын, қан құрамындағы глюкоза мен холестерин деңгейін, қан қысымын өлшеп, қызметтерін көрсетті.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ