Заңсыз мал тасымалын болдырмау тұрғысында облыс бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты шаралар қолға алынды. Аудан бойынша жұмыс тобы құрылып, жиын өткізілді. күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді. Қарашаның 6-8-і аралығында құрамында аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрқайыр Құсайынов, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Серік Айтқалиев, аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы Нарынбек Кереш, полиция бөлімінің инспекторы Қуандық Сұлтанияров бар жұмыс тобы Ұялы, Саралжын, Т.Масин, Бисен, Орда, Мұратсай ауылдық округтеріне барып, шаруа қожалық өкілдерімен, жеке тұрғындармен кездесулер өткізді.
Осындай кездесу Сайқын ауылында өткізілді. Кездесу барысында аудандағы заңсыз мал тасымалына қарсы іске асырылатын шаралар таныстырылып, мал өсіру мен оның өнімін өткізуге қатысты заңнама талаптары, ветеринариялық қағидалар мен нормативтер, сонымен қатар заң талаптарын сақтамаған жағдайдағы жауапкершілік туралы түсінік берілді. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарына «Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидалары», «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары», «Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидасы», «Ветеринариялық анықтамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты талаптары, Жеке және заңды тұлғалардың ветеринарлық іс-шараларды жүргізу, жануарлар ауруларының, соның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөнiндегi мiндеттерi мен жауапкершілігі түсіндірілді. Қатысушыларға аталған заңнамалар бойынша жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, қатысушыларға ауылшаруашылық жануарларының қатысумен болуы ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында автокөлік жолдарына жақын еркін жайылымдағы жылқы малдарына жарыққа шағылысатын арнайы ленталар (флиппер) тағу қажеттілігі жеткізіліп, бағымсыз жүрген малы автокөлікпен соқтығысқан жағдайдағы мал иесіне жүктелетін жауапкершілік салдары жайында түсіндірілді. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы кездесуге келген тұрғындарға қазіргі уақытта ауданда неліктен барлық қой-ешкі малдарының күл ауруына қарсы вакцинацияланып жатырғандығын айтып, бруцеллез бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүргізудің жаңа тәртібі туралы түсінік берді. Кездесу барысында жұмыс тобы мүшелері тұрғындар сауалдарына жауап берді, шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелер жұмыс тобының алдағы отырысының күн тәртібіне енгізу үшін жазып алынды.
Нұрқайыр Құсайынов,
аудандық ветеринария бөлімінің басшысы