9.05.2020, 12:00
Қараулар: 386
 » 
БЕЙМӘЛІМ БАТЫР МЕҢДІҒАЛИЕВ

БЕЙМӘЛІМ БАТЫР МЕҢДІҒАЛИЕВ

75 жыл өтсе де Ұлы Жеңістің танылмаған қаһармандар көп. Ел басына күн туғанда шұғыл атқа қонып, кебінсіз көмілген белгісіз жауынгер одан да көп. «1920 жылы туып, белгілі бір стансадан майдан даласына аттанып, із-түссіз кетті» немесе «1925 жылы туып, 1944 жылы соғысқа алынған, 1945 жылы пәлен деген қаланың түбінде өткен соғыста ерлікпен қаза тапты» деген үш-ақ дерекпен ғұмыры келте қайырылған қаһармандар қаншама?…

Толарсақтан қан кешіп, соғысқа қатысып, қан майданнан аман оралғанымен соғыста көрсеткен ерлігі үшін тиісті марапаттарын ала алмаған да қаһармандарымыз көп. Соғыс тақырыбын, соғыс сарбаздарының тағдырын танып, білуді мақсат тұтқан зерттеушілер жыл емес, күн санап, осындай беймәлім тұлғалар туралы жаңа деректерді анықтауда.

Аманша Меңдіғалиев қан майдандағы қаһармандығы үшін тиісті бағасын алмағандардың бірі. Аманша есімін бөкейліктердің біреуі білсе, бірі білмесі анық.

Ол осы құм Нарынның төл перзенті. 1918 жылы Сайқын стансасында дүниеге келген. Шымкенттегі ауылшаруашылығы техникумын, кейін педагогиикалық институтын бітірген жас маман Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданының Абай ауылында алдымен агроном, кейін мұғалім боп қызмет атқарған. 1941 жылдың жазында әскер қатарына алынады.  Әскери борышты өтеу Отан қорғаумен жалғасады.

Бастапқыда 316-атқыштар (кейінірек 8-гвардиялық Панфилов) дивизиясының 1077-полкінде 1- батальонның 1- минаатарлар ротасында бөлімше командирі, кейін саяси басшы орынбасары қызметтерін атқарады.

Соғыста жүріп, коммунистік партияның қысқаша курсынан өтті. Атақты Панфиловтың дивизиясында саяси жетекші В.Малкинмен тізе қағыстырып, комсорг қызметін атқарған. Мәскеуді қорғаудағы ерлігі үшін «За оборону Москвы» медалімен марапатталды.

Старая Русса қаласы түбіндегі ұрыста жарақат алды.  Әскери госпитальден  ем алып шыққан жауынгер Меңдіғалиев Калинин майданының саяси құрамды жетілдіру курстарында, сосын Чкалов танк училищесінде оқып, «кіші лейтенант» шенін алады. Кейін 362- Кутузов орденді  артиллериялық Черновицк полкінің взвод командирі лауазымына тағайындалды.

Жауынгер Меңдіғалиевтің майдандағы жолы І Украина және І Белорус майдандарында, Украина, Белоруссия, Польша мен Германия аумақтарында жалғасты. Майдангердің соғыстағы қимыл-әрекеті жоғары бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, екі «Қызыл Ту» орденімен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен және тағы да басқа  медальдарымен марапатталды. Біле білген адамға майдангер Меңдіғалиевтің бұл марапаттарының бәсі биік.

Берлин қаласын алу кезінде көрсеткен ерлігі үшін батарея командирі гвардия кіші лейтенанты Аманша Меңдіғалиев «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Белгілі бір себептермен майдангер Меңдіғалиевке батыр атағы бұйырмай, маңызы жоғары делінетін «Қызыл Ту» орденін алды. Тарихы сонау азаматтық соғыс жылдарынан бастау алатын бұл ордендер сол кезде қол бастаған ердің сойына берілетін ең мәртебелі марапат еді.  

  • 1945 жылдың ерте көктемі еді. Польша жеріндеміз. Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан сияқты түрлі елден келген, тегі бөлек, тілі әр басқа пәлен жауынгер бір плацдармдамыз. Бұйрық біреу. Өлсек те плацдармды тастап кетпеуіміз керек. Қиян-кескі соғыс болды. Батарея командирі К.Щукиннің қолын оқ жұлып әкетті. Жау танкісін жақындап қалған. Танк артында жаяу әскер. Ауа райы да сол күні адам төзгісіз еді. Жабысқақ қар көз аштырмайды. Аллаға жалбыранып, соңғы әрекеттерімізді, былайша айтқанда тұяқ серпіп қалуымыз керек деп шештік. Не болса да тірілей жау қолына түспеуіміз керек. Кенет артымыздан келген ауыр артиллерияның үні естілді. Осы үннің өзі бізге ғаламат күш берді. Тығырыққа тірелгенше беріспеген біздің әрекетімізді бағалаған танк корпусының командирі, Кеңес Одағының батыры, маршал Амазасп Бабаджанян батарея командирін Кеңес Одағының батыры атағына, барлық әскерді жоғары марапатқа ұсынуға бұйрық берген еді,-деп еске алған екен майдангер атамыз.

      Айтса айтқандай, 1945 жылдың 30 сәуірінде марапатқа ұсыну парағы толтырылып, тиісті орындарға жолданады. Дегенмен, нәтиже со жұмбақ күйінде қалды.

Мамырдағы айтулы күннен кейін де майдангер Меңдіғалиев бірден елге тартып отырған жоқ. Араға жыл салып, елге қайтқан.

Елге келген Аманша атамыз орта мектепте мұғалім, Келес аудандық газетінің редакторы, Арыс ауданы партия аппаратының лауазымдарында жұмыс істеді.  Сол кездегі мүйізі қарағайдай Қазақстан Компартиясының Жоғары партиялық мектебін аяқтады. Оңтүстік Қазақстанның Келес, Шардара, Шәуілдір аудандарының партиялық аппараттарында,  атқару комитетінің төрағасы, орта мектепте мұғалім және оқу ісінің меңгерушісі сияқты түрлі лауазымдарды атқарды.

Кеңес кезіндегі лауазым иелерінің таңдаулыларына ғана бұйыратын Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде білімін жетілдіреді.

Аманша Меңдіғалиев әр жылдары Ұлы Жеңістің мерейтойлық медельдарымен, әскери ерен қызметі үшін «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қаз КСР жоғары кеңес президиумы мен ҚР Президентінің грамоталарымен марапатталған. Еңбек еткен Сарыағаш, Келес аудандарының құрметті азаматы атақтарын да алған. Сарыағаш ауданы бойынша халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Еңбегі сіңген демалысқа Аманша Жұмашұлы республикалық маңызы бар дербес зейнеткер, отставкадағы полковник болып шықты.

Шаң басқан архив құжаттарын қайта көтерген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Зауытбек Тұрысбеков,  Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, ҚР алғашқы Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов Аманша Меңдіғалиевтің құны жоғалмас жауынгерлік ерлігін бағалап, әділетсіздікті жоюға әрекет еткен еді. Халық Қаһарманы жоғары атағын беруге ұсынды. Бірақ, әлі күнге сол ұсыныс сөз жүзінде қалып келеді.

Аманша Меңдіғалиев майдангер болса, жұбайы  Тұрсынай Әленқызы тыл ардагері. Екеуінен тараған ұрпақтың осалы жоқ. Соның бірі де, бірегейі – әке ізін жалғаған ұлы Асылбек.  Бүгінде доғарыстағы полковник Асылбек ағамыз ҚР ІІМ-де, кезінде алты жыл АҚШ-та әскери атташе қызметін атқарған.

Бүгінде майдангер ізін немересі капитан Ерсейіт,  жиені подполковник Қыран, жиені подполковник Мейрамгүл жалғастырып келеді.