17.09.2020, 17:22
Қараулар: 458
БҰЛ ОЙЫНШЫҚ БҰРЫНҒЫ ОЙЫНШЫҚТАН ӨЗГЕРЕК…

БҰЛ ОЙЫНШЫҚ БҰРЫНҒЫ ОЙЫНШЫҚТАН ӨЗГЕРЕК…

Танысыңыз ­– жаңа есім. Айжанна Қажыбаева көзі қарақты оқырманымызға поэзиядағы өзіндік үнімен   танылған балауса ақын. «Керімсал» бетінде түрлі тақырыптағы өлеңдері жарияланған. Айжаннамыздың бүгінде редакциямызда тағылымдамадан өтіп жатқан жайы бар.

БҰЛ ОЙЫНШЫҚ БҰРЫНҒЫ ОЙЫНШЫҚТАН ӨЗГЕРЕК…

Бала біткен ойыншықпен есейетіні рас. Бала үшін алғашқы ойыншығы − оның сылдырмағы. Сылдырмақ ­ − ойыншықтың ең  көне түрі. Ежелгі сылдырмақтар көне Мысыр, Хетт, Мая қоныстарындағы қазба жұмыстары кезінде табылған. Алғашқыда сылдырмақты дәнегі бар кептірілген жемістерден жасаса, кейіннен ортасына тас немесе құм салып, саздан немесе ағаш пен иленген теріден жасаған екен. Ойланып қарасақ бұл ойыншық түрі адамзаттың сәби үшін ойлап тапқан ең данышпан дүниесі. Ол көрі және есту қабілеті әлі дұрыс дамымаған нәрестелерге жаттықтырушы құрал рөлін атқарады. Өзінің шылдыр-шылдыр дыбысымен және қанық түсімен  баланың назарын бір нәрсеге бағыттауға үйретеді. Сонымен қатар ата- бабамыз сылдырмақ баланың маңайындағы жындарды үркітеді деп сенген екен, баланың бесігіне үкі мен сылдырмақ ілуді осылайша дәстүрге де айналдырған.

3-10 жастағы қыз баланың ең сүйікті ойыншығы әрине − қуыршақтар. Қуыршақ − бұл әр түрлі материалдардан жасалған адам, жануар немесе қиял-ғажайып тіршілік иесі түріндегі баланың ойыншықтары. Әр түрлі елдерде және діндерде қуыршақтардың өз айрықша рөлі болды. Ең көне Мысыр қуыршақтары шамамен 4 мың жыл бұрын қолданыста болған, бастапқыда олар жерлеу сыйлықтары қызметін атқарды. Олар сабаннан, ағаштан, мамонт сүйектерінен және басқа да материалдардан жасалған. Қуыршақтардың көп саны ежелгі Греция мен Рим қоныстарынан  табылған. Онда қыздар қуыршақтарын тұрмысқа шыққанға дейін ұстап, күйеуге шығар алдында  құдайларына сыйлық ретінде тарту еткен-мыс.

Біле білсек, қуыршақ атасы ойыншық демесең, үлкен тәрбиелік маңызға ие. Өзіміздің байырғы тұрмысымызда қыз баланы қуыршақпен тәрбиелеу, оның бойындағы мейірімді ояту үшін, өзінің бауырларына қамқор болуды дәріптейтін дайындық ретінде  болған. Қуыршақ жасау аса шеберлік пен икемділікті қажет етеді, себебі қуыршақты әдетте ши шыбығына шүберек орап жасап, оның оюлы киімдерінің өзін ересек адамның киімдерінен айнытпай зерлеп жасаған. Осылайша қыз баланы жастайынан еңбекке баулыған. Ал ұл баланың қуыршақтары төрт түлік малдың, жануарлардың формаларында саздан және ағаштан жасалған. Содан болар «Қазаққа ұл туса, ағашқа күн туады» дейді. Ер баланың ұсталық өнермен танысу рәсімі осы ойыншық жасаумен тығыз байланысты. Ағаштан жонып жасалған жылқы бейнесі ұл баланың бойында ержүректік пен қамқорлық сезімін қатар оятып, болашақта ат құлағында ойнайтын шабандоз батыр болуды дәріптейтін.

«Малдың белшеден бейнеті де бар, көрсетер зейнеті де бар» деп өз өмірлерін төрт-түлікпен байлаған ата-бабамыздың балаға малмен берген тәрбиесі бұнымен тәмам емес. Себебі керектісін малдан алған дана халқым сүйектен де, тері мен жүннен де пайда көрген. Соның бір дәлелі —  асық. Асық – төрт түлік малдың тілерсегіне біткен, қызметі аса күрделі, буында болатын шымыр сүйек. Ойын үшін ұсақ малдың  сүйегін қолданатын болған. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, ширақтылыққа, дәлдікке, ептілікке үйреткен.  Баланың бойындағы намысты қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады, достық пен командалық жұмысқа тәрбиелейді. Сондай-ақ ойын барысында отырып-тұру жаттығулары кеңінен орын алады. Бұл оның дене шымырлығына әсер етеді және асықты иіру баланың саусақ моторикасына да зор септігін тигізер құрал болған.

Баланың белсенді ойынының тағы бір кіндігі бар. Бұл — доп. Ол барлық халық пен елдердің ең байырғы және сүйікті ойыншықтарының бірі. Ежелгі Египетте, Римде және Грецияда допты тек жақсы көріп қана қоймай, сонымен қатар құрметтейтін. Күннің формасына ие болғандықтан, күннің сиқырлы күшіне де ие болады деп сенген ежелгі гректер оны ең мінсіз нысан деп санады. Олар допты былғарыдан тігіп, оны серпімді материалдармен (мүк немесе құс қауырсындарымен) толтырды. Кейін гректер былғары допты ауамен үрлеуді де ойлап тапқан. Бұл доп » фоллис» деп аталған болатын. Мысырдағы қабірлердің қабырғаларында доптардың суреттері табылды, ал перғауындардың қабірлерін қазу кезінде олардың өздері де табылған, олар тері сынықтарынан немесе ағаштардың қабығынан тігілген, кейде құмтастан жасалған екен. Қазақ халқында да доптардың материалдары мен ойнау тәсіліне қарай бірнеше түрін табуға болады. Киіз доп, тобық доп, қуық доп,  жүн доп, қазан доп немесе ләңгі — бұның барлығы халқымыз үшін бейтаныс емес ойындар. Әжемнің айтуынша, жүн доп — уыстап жиналған сиыр жүнін ширатып орау арқылы жасалатын болған екен. Осы доппен ойнау үшін көктемді қалай асыға күткендерін жылылықпен еске алады. Ал қуық доп аты айтып тұрғандай сиырдың қуығын үріп байлап жасалатын еді.

Арнайы фабрикаларда бір-бірінен айнытпай шығарған дүниелер. Өз балалық шағымды еске алсам, менің ең сүйікті ойыншығым түрлі-түсті жұмсақ қонжық болатын. Кейіннен әр бір үйден табылатын » Балдырған» үш тегершікті велосипедіне әуес болып алғаным да есімде. Шамамен бағасы 9-10 мың болуы керек.

Есейе келе бір сынық бормен асфальтқа немесе таяқпен қара жерге «классики», «мак» шаршыларын сызып, секіріп ойнағанымыз да бар. Секіру десем ойыма тағы бір ойын түрі келіп тұр. Үйдегі анамыздың капрон шұлғаларын қиып, өзімізше қолдан резенке жасайтынбыз. Одан қалса тапаншаға немесе басқа қаруға ұқсас ағаш сынығын ұстап алып, у-шу болып бір топ бала «тақ-тақ» ойнайтынбыз. «Сен аттың» да «мен аттым» болып, үйге анамыздың айқай даусына әрең қайтатынбыз. Балшықтан торт жасап, оны «жапырақ» ақшаға сатып, дүкенші немесе наубайханашы болып ойнаған кездер ше!? Осындай белсенді ойын ойнап, түрлі ойыншықтармен ойнаған ең соңғы буын  біз болармыз сірә?!.. Себебі, өз бауырларыма қарасам, көбісі үйкүшік болып бара жатыр. Бұрын байқағанымда топ-топ болып жиналып бір жапырақ қағазды ұрып отырушылар бар еді. Сондағысы ұрғылап отырғаны− «фишка» деп аталатын мультфильмдердің суреті бейнеленген дөңгелек картон қағазшалар еді. Інім «фишка» аламын деп 50 теңге сұрап, есесіне барлық қалағанымды орындайтын. Қазіргілерді фишкамен алаңдатып, елу теңге берем деп жұмсай алмайсың.

Қазір ше? Қазіргінің ойыншығы да, ойыны да бөлек әңгіме.

Бауыр етім — балам деген әр ата-ана өз құлыншағының кез-келген қалауын орындауға тырысады бұл тек қымбат техникаға ғана емес сондай-ақ заманның жаңа трендтері квадрацикл (200 мың теңгеден басталып, бір  миллион теңгеден бір-ақ шығады), гироскутер (45-70 мың), элекросамокаттарға (90-190 мың) да қатысы бар. Жасы кішілеріне бойлары бір метрден асатын, сөйлейтін қуыршақтарды алып беруіңізге болады. Әрине, қалтаңыз көтерсе. Мұндай қуыршақтар адамша сөйлеп, жетектесең, жүріп, тіпті еңбектей алады. Оған қоса киім-кешегі, бесігі мен түбегін қосыңыз. Қызғалдағыңызды тек қуыршақпен қуантпай, ас үй жиһазын алып беруіңізге, тіпті үй ішінен үй тігіп беруіңізге болады. Көпшілік үшін қолжетімді «Полесьенің» ас үй жиһазын 20-25 мыңға, «KidKraftтің» ас үй жиһазын 250 мың теңге сатып алып беруіңізге болады. Үйдің құны сол шама. Әр баланың қалауы әр түрлі, біреулері бойы өзінен ұзын, ауқымы өзімен бірдей үлкен ойыншықтарды қаласа, енді біреуі ұсақ-түйекпен әуре болғанды ұнатады. Олардың қызығын әр дүкеннен 500 теңгеге табуға болатын » Kinder-сюрприз» жұмыртқасымен басуға болады. Не құдіреті барын білмедім, 20 грамм шоколады ма, әлде бір тұтам ойыншығы ма, әйтеуір балаларға өте ұнамды. Бұдан бөлек атақты LEGO құрастырғыш ойыншықтары да бар. Бұнымен әр бала қалауынша үй, қала, машина құрастырса болады. Шамамен бағасы деталь санына қарай 500-600 деталь бар құрастырғыш 25-30 мың  теңге арасында. Ең ауқымды, ең қымбаттары 300-350 мыңға дейін барады.. Бұл көбінесе ұл балалар арасында сұраныста болса, қыз балалар LOL қуыршақтарын жақсы көреді екен. Ойыншықтың қызығы оның қаптамасында, «тосын сый» әсерін қалыптастыратын қаптама  шар формасында 7 қабат пленкамен қапталған, оның әр қабатында  қуыршаққа керек-жарақтарды бір-бірлеп алып отырады, ал ортасында түрлі-түсті қуыршақ болады. Осылайша бұл ойыншықты 5-50 мың аралығында сатып алуға болады.

Бүгінгінің баласы үшін қолындағы смартфоны байланыс құралы ғана емес, ойыншығы бар. Ғалымдардың айтуынша компьютерлік және мобильдік ойындарды шектен тыс ойнау баланың физикалық жағдайын нашарлатып қана қойымай, психикасына да кері әсерін тигізеді екен. Бір орында тапжылмастан сағаттап отырғаннан омыртқа және буын ауруларына шалдығуы, көздің нашар көруі, тез шаршауы, коммуникациялық қасиеттері азайып тұйықталып кетуі мүмкін. Балақайлардың қолында жүрген смартфондардың еш осалы жоқ. Қайта «кірпіш» телефонмен жүрген аға буынның қолындағы телефоннан әлдеқандай күшті, әлдеқандай қымбат. Орташа бағасы мен ең қымбатын айта отырсақ, бала қолындағы смартфонның орташа бағасы 80 мың теңгеге бағаланса, тіпті одан қымбаты 150-600 мыңға дейінгі барады. Бұл айтып отырғанмыз тек смартфонның өзі ғана, ал, ойын ойнар болсақ, үстеме ақша талап етеді. Мысалы қазіргі балалар арасында ең танымал ойындар «Free Fire» немесе «PUBG» мобильдік ойындарын телефонға жүктеу тегін әрі оңай болғанымен, өз лигасының белсенділері қатарында болып, ойын барысында қолданылатын құралдар, қаруалар, кейіпкерлердің киімдері мен бет -келбеттерін жаңарту сіздің қосымша ақшаңызды талап етеді. Ойын қызығына әбден еніп кеткен бала тіпті ана-аналарының банктік карталарын тіркеп, рұқсатсыз ақша алуды әдетке айналдырған деседі. Бұған мысалды алыстан іздеп керек емес.

Ойыншық философиялық мәні бар зат, баланы үлкен өмірге тәрбиелейтін құрал дедік. Қымбатын, қалағанын алып беремін деп еркеңізді есерсоқ қылмасаңыз болғаны.

Айжанна ҚАЖЫБАЕВА