9.05.2020, 12:49
Қараулар: 109
АТАМНЫҢ ЖАҚСЫ АТЫН ӨШІРМЕЙМІЗ

АТАМНЫҢ ЖАҚСЫ АТЫН ӨШІРМЕЙМІЗ

Мен – Отан үшін от кешіп, ерлік көрсеткен батырлардың ұрпағымын. Атам Жұмағұл Сақауов –  соғыс және еңбек ардагері. Атам 1916 жылы Жетібайда дүниеге келген. Бухгалтерлік мамандық алған ол еңбек жолын Жетібайға қарасты «Жаңа шаруа» кеңшарында есепші қызметінен бастаған. 1939 жылы әскери міндетін өтеуге аттанған атам 1941 жылы майдан даласынан бір шыққан. 1942 жылы ауыр жараланып, Қазандағы госпитальда ем алып, 1943 жылы елге оралған. Елге келген соң есепші қызметін жалғастырған.  Кейін «Жаңа шаруа» кеңшарының төрағасы, одан соң Жиекқұмға қарасты «Қосшы» кеңшарының төрағасы қызметтерін атқарған.

Сол жұмыс жасаған жылдары кеңшар жағдайы болмай, күйреген кезде де Жетібай жетіжылдық мектебін  таратпауға,  Жиекқұм ауылынан Темір Масин мектеп-интернатын аштырып, соғыста қаза тапқан ел азаматтарының ұрпақтарын оқытып, сауат аштырып, интернатта тәрбиеленуіне ат салысқан. Басқа ауылдардан педагог-мұғалімдер алғызып, оларды тұрғын үймен қамтамасыз еткен.  Мектеп директоры Қуанғали Ақтаев, Хайдар Жалаханов, Қабиболла Кенжеғара сияқты азаматтарды мектепке әкеліп, ауыл маңынан жер бөліп, жеміс ағаштарын отырғызып, ауыл балаларын еңбек етуге тәрбиелеген. 1961 жылы Есболат Аманғалиевтың еңбек озаты атануына байланысты Жиекқұм ауылында үлкен ат шаптырып еңбегін елеген, сол кезде ол кісіге үй салып,  алғашқы шығырлы құдық қаздырған. Сол құдықтың біреуін бақшаға пайдалануға бассейін салдырып, мотор орнатып берген. Осы еңбек еткен жылдары ол кісімен жұмыстас болып, көзін көрген ел азаматтары ауылымыздың, ауданымыздың, облысымыздың жер-жерінде баршылық.

Бисен совхозы құрылғанда алғашқы кеңес төрағасы боп тағайындалды. 1964 жылдың күзінде ауыр науқастан қайтыс болды.

«Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде менің атам, Замир Жұмағұлұлы әке жолын жалғап, ферма меңгерушісі, кейін электр торабы желісінің ардагері болса, қазірде ауылымыздың құрметті азаматы.

Мен осындай батыр ердің ұрпағы екенімді мақтан етемін. Артында ұрпағы барда атамның ерен еңбегі еш ұмытылмақ емес.

 

Ару ЗАМИР,

Б.Жәнікешев атындағы мектеп

оқушысы,

 Бисен ауылы