5.05.2015, 10:33
Қараулар: 315
Танк жасатқан тайпақтық

Танк жасатқан тайпақтық

Сканировать1 ажкен


Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен Ұлы Отан соғысы жылдарында еліне, туған Отанына деген патриоттық сезімін өнегелі ісімен көрсеткен Әжікен ата Сүйіншәлиевтің есімі ел есінде.


1887 жылы дүниеге келген Әжікен атаның бала кезінен көргені жоқшылық, бейнет пен арпалыс болатын. Байлардың жалшысы бола жүріп жиған мал-мүлкі 1928 жылғы кәмпескенің «тырнағына» ілігеді. Осыдан кейін зайыбы мен бес қызын же-тектеп, бұрынғы Тайпақ ауданындағы Томпақ елді мекеніне келіп қоныстанады. Бақша салып, қызыл итімен аң аулап, ел қатарлы күнелтеді. Бақша өнімдерін малға айырбастап, мал-мүлік жинайды. Ұжымдастыру кезінде Сүйіншәлиевтер отбасы 10 қой, 2 сиырын беріп, колхоз құруға атсалысады. Еңбекқор отбасында бес қыздан кейін ұл көрініп, оның есімі Шамиль деп қойылады. Бейбіт өмірдің жарасымын сұм соғыс бұзады. Жалғыз ұл 1941 жылы соғысқа аттанады. Әжікен ата «Путь социализма» колхозында бригадир болып еңбек етіп, ауылдағы тірлікке бас-көз болады. Көкірегі ояу, елге сыйлы азамат Отан қорғау қорына (бұл деректер облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған) 1941 жылы 1 жылқы, 1 сиыр, 6 қой, 12 дана жүн шұлық, 4 бөрік, 8 тері, 10 келі ет, 300 келі тары, одан кейінгі 1942 жылы 13 ірі қара, 91 қой береді. Көңілі жүдеу бала-шағасының аузынан жырып беріп, Отан қажеттілігін өтеу әркімге парыз екенін өнегесімен көрсетеді. Сол жылдары Томпақ ауылынан Орал қаласына 2 түйе, 2 жылқы, 2 сиырды базарға айдап апарып сатып, содан түскен 80 мың сом ақшаны «Колхозник Западного Казахстана» атты танк колоннасын жасатуға сыйға береді. Сол қаржыға жасалған танкілердің бірінің сыртына «Суеншалиев Ажкен – соғысты жеңу үшін» деп жазылыпты деседі. Осындай қомақты үлесі үшін ел ағасы Әжікен Сүйіншәлиевке сол кездегі обком хатшысы А. Василевскийден алғыс грамота беріледі.

Соғыс жылдары елдегі жетім-жесірге көмегін беріп, ел алғысына бөленеді. «Барлығы Отан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» ұранымен қанаттанған Әжікен ата 1942 жылы майдан қажетіне 4 жылқы жаратып беріпті. Жеңіс үшін жанын салған

Ә. Сүйіншәлиевке Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің алғысхаты тапсырылады. Ол кезде Сталиннің алғысхаты екінің біріне бе-рілмеген. Ал 80 000 сом деген қаржы сол уақыттың өзінде аз дүние емес. Соғыс кезінде өз қаржысына ұшақ жасатқан Қажы-мұқан балуан болса, танк жасатқан бір адам — осы Әжікен ата. Ұлы Жеңіс деп патриоттықтың өнегесін паш еткен, ел-жұртына сыйлы болған абыз қарттың құрметіне не туған Томпағынан, не аудан орталығынан бір көше аты бұйырмағаны өкінішті. Бұл, әрине, соңындағы елге сын.

Атаның ұлы Шамиль аман-есен елге оралып, соңынан ерген Шаймардан, Алпаш, Мұрат, Кеңес есімді бауырларымен қауышады. Алайда Сүйіншәлиевтердің отбасына қара бұлт үйіріледі. Итімен аң аулап, бау-бақша салып, қолындағы азғантай малымен тірлік еткен Әжікенді «халық жауы» деп қаралап, Орал қаласындағы түрмеге жабады. Осы тұста Шамиль әкесінің Отан алдында адал екенін дәлелдеу үшін Сталиннің алғысхатын алып, түрме басшыларына барады. Сталиннің қолы қойылған алғысхатты көрген басшылар атаны түрмеден босатып, кешірім сұрайды. Оған барынша қошемет көрсетіп, халық арасында «кукурузник» деп аталып кеткен ұшақпен ауылына жөнелтеді. Ұшақ ауылдың шетіне қона бастаған кезде ауылдағылар тайлы-тұяғы қалмай Әжікенді қарсы алуға жиналады. Томпақтықтар Әжікеннің аман-есендігін көріп бір қуанса, өмірлерінде тұңғыш рет шын ұшақты көріп, төбелері көкке жеткендей болады. Кейін бұл оқиға ауыл арасында аңызға бергісіз әңгімеге айналады.

Ұзақ жылдардан кейін Әжікен атаға емшілік қасиет қонып, үлкен-кішіні емдей бастайды. Сонымен қатар сынық салып, талайдың ауруына шипа табады. Ұлдары ұяға, қыздары қияға қонып, Әжікен қарт кенже ұлы Кеңес пен келіні Бақытжанның қолында тұрып, бақытты ғұмыр кешті. Келіні Бақытжан медбикелік жұмысын тастап, науқастанған атасын бағып-қағып, ақ батасын алған. Отансүйгіштіктің өнегесі ел-жұртқа үлгі болған Әжікен Сүйіншәлиев 1980 жылы 18 қаңтарда дүние салып, Томпақ ауылындағы қорымда жерленді. Аймақтың абыз қартына айналған Әжікен атаның ұрпақтары өсіп-өркендеп, жапырақ жаюда.

Елім-жерім, Отаным деп тыным таппай, елдің қамын жеген аталарымыздың рухына мың тағзым.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Тайпақ ауылы,

Ақжайық ауданы


"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар