11.01.2016, 10:17
Қараулар: 409
«Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды»

«Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды»

Аудан кәсіпкерлері және билік өкілдерінің қатысымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында оздырылған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформа, даму» атты Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер» тақырыбындағы «дөңгелек үстелді» ашқан партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков өз ойын тақырыпқа шығарып отырған сөзбен жеткізсе, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев елімізді әлемдік дағдарыстарға төтеп беретін қуатты жасаудың Елбасы Жолдауында көрсетілген шараларын саралап, Нұрсұлтан Әбішұлының кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, бизнесмендер мен іскер адамдарға арнауына ерекше назар аударды. Әрі ол экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыру тапсырылғанына, бағаның дәлелді түрде арттырылуы мен артық пайда табу мақсатында өсірілуінің аражігін айқындау қажеттілігіне, әлеуметтік жауапкершілік жайына тоқталды. Кәсіпкерлерді бағаны орынсыз өсірмеуге шақырды.

Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысы Света Рамазанова кәсіпкерлердің тауар сапасына, әсіресе, тез бұзылатын тамақтардың сақталуына, тендерді жеңіп алып, интернат-асханаларды азық-түлікпен қамтып отырғандар әр өнімнің тиісті құжаттары, сертификаттары болуына, сөре қызметкерлері мен ас басында істейтіндердің медициналық тексерістен өтулеріне көңіл бөлуі қажеттілігін, ал, осы мекеменің дизсектор меңгерушісі Талап Нұрмұханбетов бөлімнің жұмысымен, заңгері Татьяна Березина тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының жұмыс ерекшелігімен таныстырды. «Бізге тауар сатып алушылар ғана емес, қандайда болмасын қызметті тұтынушылар, мысалы, емханада, халыққа қызмет көрсету орталығында, тағы басқа жерлерде құқығы шектелгендер де шағымдана алады», – деген Татьяна Сергеевна ауыл тұрғындарының ауызекі айтқанымен, жазбалай арыз түсірмейтіндігіне қынжылыс білдірді.

– Республика көлемін білмеймін, облысымыздың бізден басқа ауданында нан бағасы жүз теңгеге жеткен жоқ, – деп ашына сөйледі зейнеткер Надя Әменова. – Гүлнардың наубайханасынан шыққан қалаштардың әрқайсысы 100 теңге. Шеткері дүкендерге жеткен де ол 105-110 теңгеге дейін көтеріледі. Ал, кей сауда орындарында антисанитария…

Бұл сөзге түсінік берген аудан әкімінің орынбасары мен аудандық кәсіпкерлер бөлімі басшысы Ерлан Нүркенов Ұлттық экономика министрлігі бекіткен 33 позиция бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы ауданымызда шекті мөлшерден аспағанын жеткізді. Ол тауарлардың ішіне тек бірінші сұрыпты ұн ғана еніпті. Әлеуметтік қолдау қорынан әкелінген бұл астық Сайқында А.Темірешева мен Б.Жұмағұлованың наубайханаларында пісіріліп, 60 теңгеден сатылып жатқан көрінеді. Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасындағылар жазбалай шағым түспесе, ешбір дүкенді тексере алмайтындықтарын көлденең тартты. Күні бүгінге дейін ешкім антисанитария жөнінде арыз бермепті.

«Базардағы баға сұранысқа байланысты» демекші, нарықтағы нырық та сатып алушылардың талғамына, мәдениетіне тәуелді. Тұтынушылардың талғамсыздығы, саудаласу мәдениетін білмеуі алып-сатарлыққа жол ашуы ықтимал. Осыны тілге тиек еткен Сайқын ауылдық округінің әкімі Бисенбек Насимоллин де, кәсіпкерлер Салтанат Шәріпқалиева, Ася Темірешева, Орынғаным Ақмурзиналар да өткен ғасыр аяғындағы ауыр кезеңдерді, ауызбіршіліктің арқасында оны да жеңгендерін еске түсіріп, өздерінің әрдайымда халықпен бірге екендіктерін, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын айтты. Жол ауыртпалығын да сөз етіп, «теміржол өткелдеріне (переезд) қиыршық тас төселсе» деген ұсыныс та түсірді.

Басқосуды қорытындылаған Тілеген Керейұлы сатушылардың да, сатып алушылардың да заңға сай, мәдениетті түрде әрекет етіп, ынтымақтаса жұмыстануы керектігін алға тартты.

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар