9.08.2016, 12:01
Қараулар: 337
Ширататын шаруа баршылық

Ширататын шаруа баршылық

А - 49-1Өткен сәрсенбі күні әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан басшысы Н.С.Рахымжановтың төрағалығымен әкімдік отырыс өтті. Оған әкімдік мүшелері, мекеме басшылары, ауыл әкімдері мен шақырулы адамдар қатысты. Күн тәртібіне төмендегі төрт мәселе шығарылды.

  1. Аудан бойынша Қазақстан Республикасының «Мүгедектерді оңалту» бағдарламасының орындалу барысы туралы.
  2. Қоғамдық тәртіптің сақталуы, қылмыспен күрес жағдайы және алда тұрған міндеттер.
  3. Аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының өткен алты айда атқарған істері мен алдағы жұмыстары туралы.
  4. Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде.

Иә, әр тақырып атан түйеге жүк боларлықтай ауыр әрі бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерін қамтыған. Несін жасырамыз, әп дегенде сол баяғы көзтаныс, жаттанды жайлар алға тартылып, хабарламалар қағаздан бас көтерілмей оқылатын шығар деп ойлағанбыз. Бұл жолы олай болмады. Тіпті, алғашқы кезекте мінбеге көтерілген аталмыш саланың негізгі басшысы емес, міндетін атқарушы Ерболат Сержановтың өзі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде «Мүгедектерді оңалту» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар мен орын алып отырған кемшіліктерді жіктеп, жіліктеп жеткізді. Енді тек сол айтылған жайлар елеусіз қалмай, әркім өзіне жүктелген міндетін мінсіз атқарса болғаны да. Осы ретте, аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы да кенжелеп келе жатқан тұстардың барлығын жасырмай, әр қызметкер жұмысына мығым болып, оны жауапкершілікпен атқарса ғана істің нәтиже беретінін алға тартты. Әрі артық талап қойылып жатпағандығын да ескертті.

Бұдан кейінгі үш мәселе бойынша сала жетекшілері – аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы А.Қ.Алдабергенов, аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы С.Қ.Рамазанова және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Т.Қ.Апақаев баяндама жасап, олар да нақты дәйектер мен деректерді келтірді. Ең бастысы, жергілікті жерлерде кездесіп отырған түйткілді жайлар тілге тиек етілді. Оларды жоюдың жолдарын бірлесіп іздеу туралы ой-пікір ортаға салынды. Оның бәрін мұрынынан тізіп, баспасөзде жариялаудың қажеті болмас. Ресми ортада айтылған сын-ескертпелерден тек оңды нәтиже шығуын тілейік.

Өз кезегінде аудан басшысы жиын мінбесінен айтылған әр мәселеге қатысты ұсыныстар әзірлеп, оны бақылауда ұстау қажеттігін тиісті адамдарға тапсырды. Сондай-ақ, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына әркім өз үлесін қосуы керектігін, қандай ескертпе де ескерусіз қалмайтындығын, ширататын шаруалар аз еместігін әңгімеледі. Мұның бәрі алқалы жиында ғана емес, күнделікті талап етілетін мәселелер екендігі де сөз болды.

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар